Қазақта «Әкеге тартып ұл туар», «Көргені жақсы көш бастар» деген парасатты сөздер бар. Шыққан тегінің Қаратаудай рух күші Алатаудай асқақ арманға бастаған Шахмардан Жорабекұлы Есеновтің өмір жолында үлгі тұтқаны Қаныш Сәтбаев болыпты. Қос алыптың тағдыры ұқсас өрбігені де содан шығар. Екеуі де геолог, Қазақстан Ғылым академиясының президенті, Одаққа танылған ірі тұлға, әлемдік ауқымдағы істерге араласқан қоғам қайраткері.
Шахмардан 1949 жылы Алматыда кен-металлургия институтын (осы күнгі Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық-зерттеу университеті) жер қойнауы байлығын зерттеуші-инженер-геолог мамандығы бойынша үздік бітірген соң жіберіп отырған аспирантураға қалмай, Жезқазған өндірісіне жолдама алады. Жас мамандарға академик Қаныш Сәтбаев ақ жол тілейді.
Ұлытау бөктерінде Жезқазған геология барлау экспедициясында еңбек еткен он бір жылда Шахмардан мыстан басқа темір, қорғасын, көгілдір асбест, мырыш, кобальт, күміс, никель сирек түсті металл кендерін табады, Жанай, Айдос жерасты тұщы суының мол қорын анықтап, аңқасы кеуіп жатқан өңірдің шөлін басады. Сөйтіп Қаныш ағасы бетін ашып кеткен қазына қорын еселей арттырады. Ізденімпаз жас инженер-геолог Үлкен Жезқазған қойнауын ақтарған сайын өзінің де білім қорын молайтты, тәжірибесі толысты, ізденісін ғылыми тұжырымдарға айналдырды, бас инженер-геолог дәрежесіне жетті. Отан байлығын еселей түскен жас ғалым инженер-геолог Шахмарданның табысты еңбегі еленбей қалмады. Алматыға шақырылады. Қаратау бөктерінен келген талапты перзентіне ықылым заманнан қойнына бүккен сырын жомарттықпен ақтарған Ұлытау оны мәртебелі Алатау биігіне көтерді. Бұл 1960 жылдың жазы, Шахмардан Есенов орда бұзар 33 жаста еді.
Алматыға келгенде шәкірт Шахмардан ұстазы Қаныш ағасына жолығады. Академия президенті Қаныш Имантайұлы оған: «Шахжан, шен қуып кетпе, ғалымдығыңды қатар алып жүр. Ғылымға ие болатын, тың сөздер айтатын өздерің» деп, тағы да батасын береді. Шахаң осылай республика Геология және жер қойнауын қорғау министрінің бірінші орынбасары, сегіз айдан кейін, 1961 жылы министрдің өзі болып, кең өріске шығады. Қаныш ағасының кеңесін ұмытпай, Жезқазғандағы өзінің ізденіс тәжірибесін қорытып, кандидаттық диссертация жазды, «Жезқазған кен орнының құрылымдық ерекшеліктері және оны барлау» деген тақырыпта 38 жасында геология-минералогия ғылымдары докторы атағын Мәскеуде табысты қорғады. Қырыққа жетпей доктор атану ол кезде ғалым үшін жас кез саналатын. Шахаң Қазақстан түгіл, Кеңес Одағында жас министр, ғылым докторы атанды. Оның министр кезінде геология саласында жеткен жетістіктерді тәптіштеп жату артық болар, ол кезеңді геолог замандастары «Қазақстан геологиясының алтын ғасыры» деп мақтанышпен айтады. Сол Қаныш, Шахмардан, басқа да алдыңғы ағалар ашып кеткен мол қазына қазір де Қазақ елін көтеріп, асырап тұрғанын айтсақ та жетер.
Ғалымдық пен шалымдық қасиеттерін қос қанатындай көтерген, ойлау ауқымы кең Шахмардан Жорабекұлы геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик, екі рет – 1961-1965 жылдары және 1974-1978 жылдары Қазақ КСР геология министрі, екі жыл – 1965-1967 жылдары Қазақстан Үкіметі Төрағасының өнеркәсіп саласы бойынша орынбасары, жеті жыл – 1967-1974 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының президенті, одақтық және республикалық парламенттер депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды, бірінен бірі биік асуларға шықты, түрлі халықаралық жиындарға Кеңес Одағының делегациясын бастап барды, әлем ғалымдарының Пагуош бейбітшілік қозғалысына қатысты. Екі рет Кеңес Одағының ең жоғары мәртебелі марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылады, бірақ...
Осы жылдарда Шахмарданның терең ғалымдығы, ірі ұйымдастырушылығы, ауқымды қоғам қайраткерлігі мейлінше жарқырай танылған, Қазақ елінің материалдық та, рухани да байлығын мейлінше еселеген бірінен бірі өткен ірі жаңалықтар Ш.Есеновтің тікелей басшылығымен, араласуымен ашылды. Олар – Маңғыстау мұнайы, газы, ураны, Орталық Қазақстандағы Успен темір кеніші және Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз атанған ұлы ғұлама әл-Фарабидің туған Отаны Қазақ елімен қайта табысуы және басқалар.
Маңғыстау өңірін тездетіп барлап, байлық қорын ғылыми негіздегені, Жетібай мен Өзен мұнай-газ орындарын ашқаны және өндірістік пайдалануға бергені үшін бес ғалымға, солардың қатарында Ш. Есеновке 1966 жылы Кеңес Одағының ең үлкен мерейлі марапатының бірі – Лениндік сыйлық берілді. Ол Сәтбаевтан кейін сегіз жылдан соң осындай айтулы сыйлықты алған екінші қазақ ғалымы еді. Іргелі ғалым, ірі өндіріс ұйымдастырушысы ретінде осылай Кеңес Одағына танылған кезінде Шахмардан 39 жаста еді. Маңғыстау мұнайын сол жердің өзінде өңдеу, игілікке айналдыру идеясын батыл көтерді. Маңғыстаудың байлығы оның бағын ашты. Бірақ басқаның көз құртына айналып, ересен ырыс қазақтың қолынан біржолата шығып кете де жаздады. КСРО-ның сол кездегі бірінші басшысы Н. Хрущев Маңғыстау мұнай-газ байлығы ашылған кезде осы саланы игеруден тәжірибесі мол деп қазыналы өңірді Түрікменстанға қосуды ойластырады. Сонда Қазақстан геология министрі Шахмардан Есенов осы мәселені арнайы қараған КСРО Үкіметінің жабық отырысында Маңғыстауды игеруге Қазақстанның өз шамасы жететіндігін қаймықпай дәлелдейді, Алла сәтін салғанда, КСРО Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Алексей Косыгин (Төраға Хрущевтің өзі), КСРО орта машина жасау (қорғаныс өнеркәсібі саласы) министрі беделі зор Ефим Славский Шахмардан пікірін қуаттайды. Қазақстан қайраткерлерінің осы жолғы бір ауызды табандылығының арқасында киелі Маңғыстау қолымызда қала беріпті.
Бұдан басқа, Орталық Қазақстанда Успен белдеуінде кең ауқымды әрі терең барлау жұмыстарын ұйымдастыру, ол жерде кен жоқ деген қарсылықты еңсерген табандылығы да Шахаңа абырой үстіне абырой әкелді. Кенді Алтайдан кейінгі аса бай Успен белдеуінен темір кеніштерін іздеген күрескер ғалымдар тобына, соларға басшылық жасаған Ш.Есеновке 1972 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазір Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты осы кеніш негізінде жұмыс істеуде.
Өндірісте шыңдалған ғалым Ш.Есенов жоспарлы экономика жағдайында ғылым жаңалықтарын өндіріске енгізудің баяу жүретінін жақсы білді. Ғылым академиясының президенті болып сайланғаннан кейін күш салған мәселесінің бірі осыны тездетудің амалын табу болған екен. 1967 жылдан Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы болған ірі мемлекет қайраткері Камал Кетебаев өз естелігінде Мемлекеттік комитет пен Ғылым академиясының қоян-қолтық жұмыс істеуі түптеп келгенде республикада алынатын пайданың молаюына, өндіргіш күштердің қарқынды дамуына ықпал еткенін айта келіп, Шахаңның іскерлік, ұйымдастырушылық, көрегендік, білімдарлық, қайраткерлік қызметі арқасында Мемлекеттік жоспарлау комитетінің нағыз бас штабқа айналғанын атап өтеді.
Шахаңның әр саладан ғалымдар тобын бастап туған жері Сыр өңіріне келетіні де осы тұс. 1972 жылдың мамыры. Бұл кезде облыста ауыл шаруашылығын дамытуға басым көңіл бөлініп, өнеркәсіп саласында республика жалпы өнеркәсіп өнімінің бір пайызына да жетер-жетпес өнім өндірген. Абыройы – күріш. Облыстың келешегі жоқ деген де пікір айтылып қалады екен. Бұл жайт оны ойландырмай қоймаса керек. Бірақ алпысыншы жылдары Аралдың тартылып бара жатқанын айтамын деп, жершілдікпен айыпталғаны аяғын тарта бергізген секілді. Осы ретте 1971 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының съезінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ірі қайраткер, солтүстіктің тумасы, Сыр елі оның игілікті істерін аңыз етіп әлі күнге айтып жүрген, қалтқысыз қызметімен жақсы аты қалған Хасан Бектұрғановтың Қызылорда облысы геолог ғалымдар назарынан тыс қалып отыр, зерттесе Сыр бойының да қойнауынан алуан мол қазына табылады деп сын айтуы, ойдағы істің сәтін келтірді. Қаратаудан Аралға дейін бұрғы түсті. Геологтардың сан түрін қаптатты Шахаң Сыр еліне. Көмулі жатқан ақ сандық ашылады, ішінен байлық шашылады. Қорғасын, мырыш, уран, алтын, мұнай, газ кендері, мол жерасты су қорлары табылды, олардың бәрі де қазір тәуелсіз еліміздің игілігіне айналып отыр. Шахмардан туған жеріндегі қалың елге өзінің перзенттік парызын осылай орындап кетті.
Ғұлама Әбунасыр әл Фараби – қазақ халқының тамырын тереңнен тартқан рухани байлығы, көне жәдігеріміз, сондықтан төл ақшамыз – теңгемізге әуелгіде ұлтымызды әлемге таныстырар тұлға ретінде бейнесі салынуы заңдылық, еш талас та, таңданыс та туғызбады. Ал сол қазақтың тұмарына айналған ғұламаның ортамызға оралғанына елу жылдай ғана уақыт болғанын кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін.
«Күллі арабстанда ғалымдық даңқы жайылған, әлемнің екінші ойшылы атанған әл Фараби Оңтүстік Қазақстанда қазіргі Отырарда (Фараб қаласында) туып-өскен біздің жерлесіміз, оның Отаны ежелгі қазақ жері, оның иесі біз – қазақ халқы, Қазақ елі» деп, профессор Ақжан Машанов 1967 жылы Ғылым академиясының жаңа президенті Ш. Есеновтің алдына барады. Нақ осы әл- Фараби мұрасын зерттеу қажеттігі туралы 1950 жылдары ептеп айтыла бастағанда 1953 жылы Одақтық партиялық бас газет «Правда» қазақ ғалымдары көне мұраны зерттеу желеуімен ислам дінін насихаттамақ деген сарында сын жариялайды. Академия президенті Қ.Сәтбаев пен ғалым А.Машановтың басы дауға қалады, сол кезде И.Сталин қайтыс болып, заман райының өзгеруі ғана оларды бәледен құтқарып жіберген екен. Сонымен бұл тақырып жылы жабылып жатады. Арада он бес жылдай уақыт өткенде сол Ақжан Машанов қайтадан жас президент Шахмарданның алдына әл Фарабиді айтып келеді.
Шахаң өзіне тән батылдықпен ұлтымыздың абыройына айналар тың жаңалыққа бұлтақсыз бірден қолдау көрсетеді, фарабитану ғылымына жол ашады. Оның еңбектерін кең ауқымда іздеу, табу, зерттеу, басып шығаруға дайындау үшін ғылыми топ құрылады, Еуропа, араб елдеріне аттандырылады. Ұлы ғұламаның біраз мұрасы табылып, елге әкелінді, зерттелді, аударылды, ғылымның сан-саласынан еңбектері елімізде қазақ тілінде және орыс тілінде басылып шықты, ол басылымдарға Ш.Есенов жауапты редактор болады. Жүйелі жұмыс, ізденіс, үлкен дайындықпен 1973 жылы Әбунасыр әл Фарабидің туғанына 1 100 жыл толуы Қазақстанда кең түрде аталып өтілді, әлемнің әр түкпірінен ғалымдар шақырылған үлкен ғылыми жиын ұйымдастырылып, Фарабидің Отаны Қазақстан екендігі паш етілді және әлем тарапынан мойындалды. Мәскеу мен Бағдатта Қазақстан ғалымдарының қатысуымен фарабитануға арналған халықаралық конференциялар өткізілді. Ірі ауқымды ұйымдастырушы Ш. Есеновтің бұл еңбегін А. Машанов өз естеліктерінде ризашылықпен айтып кеткен. Ұлы ғұлама Әбунасырдың өмірі мен еңбегі туған жерінде қаншама әдебиет, өнер туындысының арқауына айналып жүре берді. Бұл күнде әбден сіңісті болып кеткен Екінші ұстаздың Отанына оралуына Шахаң осылай еңбек сіңірген еді.
Академик, философ А.Қасымжановтың айтуына қарағанда, сол кезде тіпті езу тартқызған да жайттар болыпты. Кеңес Одағындағы барлық ұлттық мәдениет орыс мәдениетіне жақындасудың арқасында өркендеді дейтін тұжырымға үйреніп қалған «аға» елдің базбір оқымыстысы әл Фарабидің шығармашылық қызметіне орыс мәдениетінің оң ықпалын, әсерін айта кету керектігін фарабитанушы қазақ ғалымдарының есіне салған көрінеді.
1973 жылы Алматыда өткізілген Әбунасыр әл Фарабидің туғанына 1 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияда ұлы ғұламаның өмірі және мұрасының әлемдік өркениеттегі мән-маңызы туралы терең талдауға құрылған бас баяндаманы Ғылым академиясының президенті Ш.Есенов өзі жасайды. Одан кейін сөйлеген шетелдік ғұламалар осындай кең ауқымды конференцияның ұйымдастырылуы фарабитанудың жаңа кезеңінің бастамасы, президент Ш.Есеновтің баяндамасы фарабитануды жаңа өрістерге шығаратын бағдарлама деп жоғары бағалай келе, келбеті келіскен тұлға Шахмардан баяндамашының өзі де Әбунасыр атасына ұқсаған ірі ойшыл ғалым деп сүйсінген ризашылықтарын қайта-қайта білдіреді. Өкінішке қарай, шетелдік ғұламалардың ғалым президентті соншалықты әспеттеуі біздің елде қалыптасқан дәстүрге қайшы еді, өйткені қай ретте де бүкіл мадақ тек Коммунистік партияға және оның Одақтық және республикалық бірінші басшыларына ғана айтылуы, «бүкіл жетістік аса қымбатты да қадірлі сол кісілердің дана әкелік қамқорлығының арқасы» деп мәлімделуі тиіс-ті. Шетелдіктер біздегі бұл дәстүрді қайтсін, өздерінің көргенін, естігенін, содан көңілге түйгенін айтты, кетті. Бірақ іс насырға шапты. Қапысын тапты күншілдер. Ш.Есенов бұл бетімен дәріптеліп кете берсе қайда барады деген күдік, көреалмаушылық Кеңес Одағына танылып қалған, келешегі бар мемлекеттік қайраткер Ш. Есеновті шеттетіп, ірі тұлғадан қатардағы мансапқорға айналдыруға, даңқы дәуірлеп тұрған дәрежесін бірте-бірте кемітуді, реті келсе қатардан шығарып тастауды көздеген арам әрекеттерге жол ашты. Күйкі пендешілік асқақ парасаттан басым түсіп кетті.
...Сөйтіп елу бір жасында баяғы Жезқазған даласын кезген жас маманша күй кешеді. Солай жүргенде өзі оқыған Қазақ политехника институтында кафедра меңгерушісінің бос орнына конкурс жарияланғанын газеттен көріп, конкурсқа түседі. Академик Ш. Есенов өтеді. Оның рұқсатсыз Алматыға келуі, институтқа орналасуы жоғары билік орындарындағы кейбіреулерді әбігерге түсіреді.
Олар ақыры Ш. Есеновті кафедра меңгерушілігінен түсіріп барып тынады, институтта оқытушы профессор ретінде қалдыруға әрең көнеді «Үлкен Үй».
Бұл 1978 жыл. Елде басшылық өзгеріп, сыртын берген заман бетін бұрғанша әлі Ш.Есеновтің басқан қадамы аңдауда болатын сегіз жыл бар еді. Бірақ екі жылдан кейін Ш.Есенов тағы да конкурста жеңіп шығып, бәрібір кафедра меңгерушілігіне қайта сайланады және өмірінің соңына дейін сол қызметте жүрді.
Ш.Есенов 13 монография, 200-ден астам ғылыми мақала жазып, жариялаған. Республиканың геология ғылымы мен геология өндірісін дамытуға сүбелі үлес қосты, қаншама шәкірт тәрбиеледі, қамқорлығын жасады. Сол еңбегі елінің есінде екен, 1990 жылы жақсылық болып алдынан шықты.
1990 жылы халықтың еркіне салған тұңғыш балама сайлауда ғылыми ортадан 8 үміткердің ішінен ғалымдар қалаған бесеудің бірі Шахаң еді, олар ғалымдар қауымы атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Таңдаулылар сапында академиктер Айтмұхамед Абдулин, Салық Зиманов сияқты марқасқалар бар еді. Еліміздің тәуелсіздігін жариялаған қалаулылар ортасында Шахмардан Жорабекұлы Есенов те тұрды. Бұл оның соңғы шыққан биігі болды. Сұңғыла ғалымдық сұрқия залымдықты осылай жеңді-ау.
Бірақ қанша жігерлі болғанымен, елемеймін дегенмен, кейінгі он бес жылдай көрген көрінеу қиянат жүйкесіне тиген, жанына батқан екен. 1994 жылы 24 тамызда 68 жасында дүниеден ерте өтті, Алматыда Кеңсай зиратына зор құрмет рәсіммен жерленді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есеновтің өмірден өткені туралы қазанамаға Елбасы, Парламент, Үкімет басшылары, ғалымдар, қайраткерлер қол қойды. Шахаңның қазасына Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия, Түрікменстан ғылым ордаларының басшылары, ірі ғалымдар көңіл айтты.
Ұрпағымен қатар, оның жақсы аты, халқының құрметіне бөленген екінші өмірі жалғасып кетті. Шахаң атындағы мектеп, көше, ескерткіш, мешіт Шиеліде, Қызылордада ғана емес, республиканың басқа да өңірлерінде, Ш. Есенов еңбек сіңірген жерлерде бар. Солардың бірі – Ақтаудағы Каспий техникалық университеті.
Шахаңның өмір жолы мына бір аңызды еске түсіреді. Жеті қат жер астында қазына сарайда көк сандық үстінде киелі Шамшырақ жанып тұрады екен. Сол Шамшыраққа қолы жеткен адамның арманы орындалып, мерейі үстем болады. Оған жету оңай емес. Барар жолда жеті қақпа, әр қақпаның аузында қылышы дайын, түсі суық сыншы-қарауыл тұрады. Соның сынынан аман өтсең ғана келесі қақпаға жетесің. Бірінші қақпаның аты – Атақ, екінші қақпа – Дәулет, үшіншісі – Көрсеқызарлық, төртіншісі – Күншілдік, бесіншісі – Немқұрайдылық, алтыншысы – Менмендік, жетіншісі – Мейірімсіздік. Осы сын-қақпалардан аман өтсең алтын сарайдың құлыптаулы есігі ашылып сала береді. Шахаң осы сындардың бәрінен сүрінбей өткен қайран да ерен Ер, атына заты сай Батыр азамат. Жеті қат жер астындағы кенсандықты, қазына сарайды халқына ашып берді, оның үстінде тұрған Шамшыраққа қолы жетіп еді, төңірегін нұрландырып, өзі де Шамшыраққа айналып жүре берді.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер, Қазақстанның мәдениет қайраткері