Биылғы жылдың Нобель сыйлығы тегі жапондық, Британия жазушысы Кадзуо Исигуроға «романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқаны үшін» берілді. Британия басылымдары Исигуроның лауреат атануын жарыса жазып, қазіргі заманның ең беделді жазушыларының санатына қосып отыр.
«Financial Times» газетіне берген сұхбатында Кадзуо өзіне ықпал еткен жазушылар деп: Джейн Остин, апалы-сіңілілі Бронте, Толстой, Чехов, Хемингуэй, Керуак пен Мейларды атаған. «Guardian» басылымы әдебиет сыншысы Стивен Пейдждің «сезім қуаты мен интеллектуалды қызығушылығы оның прозасының ең басты қасиеті» деген пікірін келтіріпті. «Independent» газеті болса, Исигуро Нобель сыйлығын алған кезде құттықтаған хабарламасында оны Британияның ең ірі романистерінің қатарына кіргізген.
Кадзуо Исигуро туралы орыс жазушысы, әдебиет сыншысы Александр Генис былай депті:
– Бір жазушыны түсіну үшін оған дейінгі қаламгерлермен салыстырсақ жетеді. Өйткені бұрынғыларды талдап, таразылап үлгердік. Әдебиет сыншыларының бұл «әдісінде» тұрған ештеңе жоқ. Тек шектен тыс салыстырумен әуестеніп, сыңаржақ пікірді қызықтап кетпесе болғаны. Шкловский айтқандай, жазушы жегенімен емес, қорытқанымен қоректенеді. Сондықтан аннологияға әдебиетте әрқашан орын бар. Швед академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус та: «Джейн Остин мен Франц Кафканы араластырып, оған аздап Прусты қоссаңыз, Кадзуо Исигуро шығады» деп айтып үлгеріпті. Мен оған жапон классигі Танидзакиді қосар едім. Әйтпесе шебер жазылған «Майда қар» романы соншалықты сәтті шықпас еді. Меніңше, оның шығармаларында тұрақты ингредиенттер жоқ. Исигуро басқаларды айтпағанда, өзіне де ұқсай бермейді. Қайталау – Исигуроның фобиясы болса, әр түрлі болу – оның кредосы. «Баянсыз әлем суретшісі» романында жазушының осы ұстанымын аңғартатын мойындау бар. Оның бір кейіпкері: «Такэда шеберханасында алған тәжірибем көптің артынан соқыр сеніммен ілеспей, мені жетелеп келе жатқан жол дұрыс па деп салқын ақылмен ойлауды үйретті. Егер мен сіздерді бір нәрсеге сендіргім келсе, ол таптаурын жолмен жүрмеу» дейтін.
Исигуроның өзгеше болуына оның биографиясы да әсер етті. Нагасакиде туған жазушы жеті жасында әке-шешесімен бірге Британияның бір провинциясына қоныс аударады. Ол аймақта Исигуроның отбасынан басқа Қиыр Шығыстың адамдары жоқ болатын. Оның тұңғыш кітабының туыстары мен өзіне белгісіз аймақ туралы болуы заңды еді. «Баянсыз әлемнің суретшісі» романы жиырмасыншы ғасырдағы ең үздік жапон романдарының үлгісінде жазылған. Босаң, нәзік сюжетті, импрессионистік детальдары түйсік арқылы дөп тиіп отырады. Романның өне бойындағы дүниеге көзқарасы аясында жайылып жатқан автор образы мен өзіндік әңгіме айту стилі ерекше. Солай бола тұра, барлық шығармаларында нақты уақыт бар. Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі Жапония. Оның романдары ағылшын тілінде жазылды дегенге сену қиын. Тіпті, жапон сыншылары: «Исигуро жапон тілінде сұхбат бермеуінде бір қулық бар» деген болатын. Британ аралына жараспайтын тегімен оны ағылшын жазушысы деуге тағы болмайтындай. Оның жапон болуы, әрқашан жағдайдан сырт, дербес ойлауға зор мүмкіндік береді. Сол артықшылығы ең даңқты «Қалған күн» романын жазуға сеп болды. Бұл романы үшін Букер сыйлығын алған кезде, ағылшын сыншылары: «Бір ұрпаққа жүк болатын нағыз ағылшын романы жазылды. Авторы – Кадзуо Исигуро» деп жазған.
Өзін қайталауды мүлде ұнатпайтын Исигуро бұдан кейінгі романдарын психологиялық триллер һәм ғылыми фантастикамен ұштастырып жазды. Жанрының сан алуандығы, ылғи қырнап-жонып отырса да қуатынан айырылмаған, есесіне бірден көзге ұрмайтын алапат сезімі Швед академиясын Нобельге лайықты қаламгер екеніне сендірді. Осыған дейін әдебиеттің ең басты сыйлығына ие болған әріптестеріне қарағанда лауреаттығы ешқандай дау тудырмайтын нағыз жазушы.
Дайындаған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»