Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы Жастар саябағында Жамбыл Жабаевтың, ал, Мәдениет үйінің алдындағы гүлзарда Тұманбай Молдағалиевтің ескерткіші ашылды.
Қос алыптың бір күнде ашылған мүсіндерінің салтанатты жиынында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген еді. Бүгінгі шараны ұлттық мәдениетке арналған игі істердің бір парасы деп біліңіздер. Өткен жылы Сербияның Белград қаласында Жамбыл бабамызға ескерткіш орнатылды. Бүгінгі шара соның заңды жалғасы, – деді.
Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин сөз сөйледі:
– Есік өңірі – қасиетті жер. Онда ежелгі бабаларымыздың сүйектері жатыр. Сақ, үйсін дәуірінен қалған жәдігерлер солар жайлы бізге сыр шертіп тұрғандай. Алтын адам бүкілалаштық ортақ символға айналды. Осы жерде ұлы жыраудың ескерткішінің ашылғаны жақсылықтың нышаны.
Жамбыл ұрпақтары атынан Әскербек Абаев сөз алып, баба мұрасының бүгінгі ұрпақтармен қауышып жатқанын, жыр алыбының қазақпен бірге мәңгі жасайтынын, бүгінгі салтанат соның дәлелі екенін тілге тиек етті.
Биіктігі 5 метр, тұғыры граниттен құйылған Жамбыл бабамыздың қола мүсінін жасаған Нұрғалым Исабаев. Сәулетшілері – Жангелді Осан мен Сейітхан Қырқынбаев.
Жақсылық Омар, Нұрлан Оразалиндер сөз сөйлеп, ақынның қазақ әдебиетінен алар орны мен ел руханиятындаа сіңірген орнына тоқталып, сөз сөйлесе, Шөмішбай Сариев ақынға арнаған өлеңін оқыды. М. Әуезов атындағы әдебиет институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан ақын жайлы естеліктер айтты. Кезінде Тұмағаңның өзі қызмет еткен «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов бастаған журналистер қауымы да ақынға құрмет көрсетті. Ақынның жары Күлтай апа бұл шараны ұйымдастырушыларға, көпшілікке ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Тұманбай бейнесінің мүсіншісі – Алтай Бейсенов. Сәулетшісі – Құрманғазы Қадыров.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертпен жалғасты. Белгілі өнер қайраткерлері Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Сұлушаш Нұрмағанбетовалар бастаған өнерпаздар ән шырқап, елге құтты болсын айтты.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы