Қазіргі уақытта елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне қатысты туындайтын мәселе көп. Бұл заңды да. Себебі кез келген жаңа реформаның қалыптасқан жүйеге қабылдануы оңай емес.
Жан-жақты зерделеуді және белгілі бір уақытты, түсіндіру жұмыстарын қажет етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді тапсырғаны баршаға мәлім. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу медициналық көмек көрсету деңгейі мен қызмет сапасын, сондай-ақ әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Медициналық сақтандыру – ең алдымен денсаулық сақтау саласына көрсетілген медициналық қызметтер үшін бөлінетін шамадан тыс шығындарды реттеп, жоғары технологиялық заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған, сапалы және қолжетімді медициналық көмекті, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді жүйе. Ал қолданыстағы денсаулық сақтау жүйесінде кейбір түйткілді мәселелер бар. Айталық, біріншіден, медициналық ұйымдар арасында бәсекелестіктің (пациенттерді тарту) болмауы. Қолданыстағы жүйеде мемлекет медициналық көмек қолжетімді болуы үшін барлық медициналық ұйымдар арасында қаражатты тең бөледі. Көрсетілетін көмектің сапасы ескерілмейтін мұндай тәсілдің тиімсіздігі мен нәтижесіздігін, ескіргендігін мойындауымыз керек. МӘМС жүйесінде медициналық ұйымдар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тізбесіне қарай, қаралушылардың (пациенттердің) санына қарай қаржыландырылмақ.
Екіншіден, дәрігерлер еңбегінің біркелкі бағалануы және бейресми төлемдердің өсуі. Өкінішке қарай, көп жағдайда дәрігердің тәжірибесі, білімі мен дағдылары ескерілмей, барлық бір бейінді мамандар бірдей жалақы алады. Осыған байланысты қазір пациенттер таңдаған беделді, білікті дәрігерлер жекеменшік құрылымдарға ауысуда немесе жеке кабинеттер ашуда, бұл жерлерде сәйкесінше кәсіби тәжірибесіне қарай ақша таба алады.
Үшіншіден, әлеуметтік қамқорлықтың сақталуы. Мемлекет кепілді медициналық көмек көлемін қамтамасыз етіп отырғандықтан, халықтың басым бөлігі олардың денсаулығы үшін мемлекет жауапты деп ойлайды. Тәжірибе жүзінде азаматтар денсаулығының 20 пайыздан астамы медицинаға тәуелді, қалғаны өмір салты мен қоршаған ортаның, генетиканың және басқа да жағдайлардың әсерінен болатыны дәлелденді.
Осы проблемалардың барлығы жинақталып келіп денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайының қоғамда сынға ілігуіне себеп болып отыр. Аталған жайттар енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қарастырылып, медициналық көмекті ұйымдастыру және қаржыландыру шараларын түбегейлі өзгертуді талап етеді.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда кейбір диагностикалық зерттеулер, күрделі оталар қымбат тұрады. Денсаулық сақтау ұйымдарының мұндай шығындарын тек қана мемлекет есебінен өтеу мүмкін емес. Неге? Мысалы, еліміздің травматологиялық-ортопедиялық қызметін алайық. Жамбас буынын эндопротездеу бойынша жасалатын бір отаның құны орта есеппен 1 млн теңгені, тексерістік эндопротездеу 1,2 млн теңгені, сколиозды/кифосколиозды (бүкірлікті) түзету шамамен 2 млн теңгені құрайды. Бұл оталар пациенттерге бюджет қаражаты есебінен жасалады. Жылына кепілді тегін медициналық көмек көрсету аясында тек Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының өзінде 3500 ота жасалады (бұған республика көлеміндегі басқа да орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарын қосыңыз). Оның үстіне мұндай оталарға шетелдерден эндопротездер сатып алынады. Кейде мұндай құны қымбат зерттеулер мен түрлі күрделі оталар науқасқа бір емес, бірнеше рет қажет болуы мүмкін. Ал ақылы медициналық қызметке жүгінуге барлығының мүмкіншілігі жоқ. Міне, осындай жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында еліміздегі барлық азаматтар санатына, қорға аударып жатқан жарналарының көлеміне қарамастан медициналық көмекке қол жеткізе алады. Барлық тұрғындар мемлекеттік медицина ұйымдарымен қатар, қормен шартқа отырған жеке клиникалар арқылы да медициналық көмек ала алады.
Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – жалпы халық үшін де, медицина қызметкерлері үшін де сапалы, тиімді, ыңғайлы жүйе. Біз МӘМС жүйесін бүгін енгізе отырып, ертеңімізді сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етеміз. Сондықтан медициналық сақтандыру жүйесін енгізу – маңызды және қажетті қадам.
Нұрлан БАТПЕНОВ, «Травматология және ортопедия
ғылыми-зерттеу институты»
РМК директоры,
медицина ғылымдарының докторы, профессор