Әйгілі Асан Қайғы бабамыз Шыңғырлау өңірін көргенде түсе қалып, Желмаясын оттатып «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» деп бір қонып кетіпті дейді аңыз.
Бүгінгі Шыңғырлау – Батыс Қазақстан облысының солтүстік шығысында Ресей Федерациясының екі ауданымен, Ақтөбе облысымен және өңірдің 3 ауданымен шектесіп жатқан өрісті өлке. Ауданда биылғы қыркүйектегі дерек бойынша 15049 адам тұрады. Кезінде тың игеру науқаны қызу жүрген, бүгінде 22 ұлт өкілі мекендейтін аймақ. Шыңғырлаулықтар «Біздің 7 керемет!» деп мақтанатын Торыатбасы, Қыземшек таулары, «Қобыланды батыр» жырындағы Алшағыр ханның ордасы орнаған Аққұм, Батыс Қазақстан өңіріндегі жалғыз керемет – Сарқырама осында.
– Біздің Шыңғырлау ауданы – ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңір ғой. Сондықтан негізгі басымдық осы салада. Жыл басынан бері ғана аудан бойынша 34 шаруа қожалығы жаңадан ашылып, оларға жалпы көлемі 18 мың 481 гектар жер берілді. Бұрыннан келе жатқан 15 шаруа қожалығы да өрісін кеңейтіп, қосымша 9 мың 173 гектар жер телімін алды, – дейді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Қазір күз, алқаптағы жұмыстың қорытындыланған шағы ғой. Биыл аудан диқандары 16 916 гектар жерге егіс салып, орта есеппен әр гектардан 12,7 центнер өнім алыпты. Соның ішінде 1846 га күздік дақылдардан 3694 тонна өнім жиналған, орташа шығымдылық – 20 ц/га. Тәп-тәуір нәтиже. Ал «Жарас» шаруа қожалығы 333 га күздік бидай алқабының әр гектарынан 45,2 центнерден 1500 тонна өнім алыпты. Шыңғырлау ауданының тарихында бұл рекордтық көрсеткіш!
Төрт түлік малдың қысқы азығы – шөп шабу науқаны да мерзімінде аяқталған. «Жоспарланған 65 мың 860 тонна шөп артығымен 71 мың 600 тонна болып дайындалып, қысқы мал азығының қоры 108,7%-ды құрады», дейді Альберт Темірболатұлы.
Ауданда жыл санап мал басы да өсіп келеді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ірі қара былтырғыдан 8,8%-ға көбейіп, 28,4 мыңға жеткен. Жалпы, өңірде төрт түлік саны да өскен. Жыл басынан бері 2191 тонна ет, 10603 тонна сүт, 2278 мың дана жұмыртқа өндіріліпті.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде ауданда бірқатар шаралар атқарылған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы 156 бас ірі қара аналық мал басы сатып алынды.
– Ауданда ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдалану бойынша Үкімет ұсынған «Береке» және «Игілік» бағдарламаларын аудан тұрғындары қызығушылықпен қабылдады. Аудан бойынша 14 ауылшаруашылық кооперативі қызмет етеді, осы кооператив мүшелерінің тарапынан ниет білдіріп отырған 50 тұрғынымыз 127 млн 150 мың теңге көлемінде несие алып, 686 бас мал сатып алу бойынша жұмыс жүргізуде. Жоғарыда аталған «Игілік» бағдарламасы аясында да 12 адам 56 млн теңге көлемінде несие алып, өз жұмысын бастады, – дейді аудан басшысы.
Жоғарыда аталған кооперативтерде 95 бас асыл тұқымды бұқа мен 2536 бас тауарлы аналық тіркелген. Биыл құрылған «Шыңғырлау-Агро» ауылшаруашылық кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жалпы сомасы 19 млн теңге несие алып, модульді мал сою пункттерін іске қосқалы жатыр. Болашақта осы мал сою пункттерінің базасында бордақылау алаңдары ашылып, үлкен кешенге айналатын болады. «Ауданда асылдандыру шаралары да біркелкі жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде аудан кәсіпкерлері 127 млн 800 мың теңге көлемінде мемлекет субсидиясын алды. Мұны ауданға келіп жатқан ауқымды инвестиция деп айта аламыз. Бір мәселе – ауданда агроқұрылым техникаларының дені жаңартуды қажет ететін. Биыл «Қазагроқаржы» АҚ арқылы лизингке жалпы сомасы 98 млн 300 мың теңге болатын 22 ауылшаруашылық техникасы мен құралы сатып алынды. Сөйтіп қолда бар техниканы 12%-ға жаңарттық», дейді Альберт Есалиев.
Тағы бір атап айта кететін нәрсе, өңірде көлтабандарды қалпына келтіру бойынша да біраз жұмыс қолға алыныпты. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 675 гектар тұрақты суармалы жер учаскелерінің және 2838 гектар көлдетіп суару жер учаскелерінің құжаты жасақталып жатыр екен.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көрсететін бір индикатор жекеменшік сектордағы тұрғын үй құрылысы дер едік. Биыл мұнда жеке инвестиция есебінен құны 209 млн теңгеге 766 шаршы метрді құрайтын сауда алаңы, жалпы ауданы 788 шаршы метр 8 жеке тұрғын үй бой көтеріп жатыр екен. Ауданда барлығы 652 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, ол салада 855 адам қызмет етуде. Жыл басынан бері 1 млрд 529 млн теңгенің тауары өндіріліп, қызметі көрсетіліпті.
Шыңғырлау шекарадағы аудан екенін жоғарыда айттық. Елімізде шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасы жұмыс істейді.
Дәл қазір ауданда «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша екі ауылға таза су жүйесі тартылып жатыр. Жобалық құны 240 млн теңге тұратын бұл жұмыстар аяқталған кезде 2000 тұрғын таза сумен қамтылады. Жалпы, аудан тұрғындарының таза ауызсумен қамтылуы 87%-ға жетпек. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Ауыл адамдары үшін судан кейінгі өзекті мәселе көгілдір отын ғой. Астана көре алмай жатқан осы игілік батысқазақстандықтар үшін қолжетімді. Шыңғырлау ауданындағы елді мекендер 95 пайыз табиғи газ тұтынады. Биыл Ақсуат ауылына көгілдір отын келсе, аудан толығымен от жағып, күл шығаратын бейнеттен құтылады.
Жыл өткен сайын ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық азайып келе жатқаны рас. Өткен жылдары Алмаз ауылдық округіне 400 млн теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті. Кеңес заманынан бері қол тимеген мәдениет үйі, мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты жаңартылды. Ауылға газ келді.
Биыл Батыс Қазақстан өңірінде жол салу ерекше қарқынды. Мұны Шыңғырлау ауданынан да байқауға болады. 2017 жылдың өзінде облыс бюджетінен бөлінген 235 млн теңгеге жалпы ұзындығы 3,4 шақырымдық 8 көше асфальтталды. Бұған қоса аудан қазынасынан қосымша қаржы қарастырылып, Шыңғырлау ауылының 4 көшесіне жаяулар жүретін 1300 метрлік тротуар салынды.
Аудан орталығы Шыңғырлау селосын Сегізсай ауылымен жалғастыратын автокөлік жолының облыстық маңызы бар. Өйткені халықаралық Самара-Шымкент жолын, яғни Орал мен Ақтөбе арасындағы күре жолды кесіп өтеді. Сондықтан Шыңғырлау-Сегізсай жолы жөнделсе шыңғырлаулықтар үшін өте қолайлы болатыны сөзсіз еді. Ауданның бес округін басып өтетін, аумағында 5 мың адам тұратын күретамыр жолды жөндеу үшін облыс бюджеті есебінен 29 млн теңге шығарылып, жақында жобалау-сметалық құжат дайын болыпты.
Жалпы, өңірде жыл басынан бері әртүрлі бағытта 155 спорттық, 571 мәдени шара ұйымдастырылған екен. Елдегі рухани жаңғыру әсері Шыңғырлауды да шарпыған. Халық төл тарихына көп қызығады. Ауданда өлкетану музейін ашу көптен айтылып жүрген ел тілегі еді. Биыл осы мәселе шешімін тауып, қазіргі таңда музей ғимаратының жөндеу жұмыстары аяқталып қалған. Бір қуанатын жайт, аудан тұрғындары арасында жаңадан ашылатын музейге жәдігер жинау қызу жүріп жатыр екен.
Соңғы кезде туризм саласының әлеуетін жақынырақ танып жатырмыз ғой. Өңірде қайталанбас ерекше табиғаты бар Шыңғырлау өлкесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ертерек қолдап, құрамына блогер, журналист, белсенді жастар жиналған тур ұйымдастырып үлгерді. Атақты Аққұм, ауданның борлы таулары, белгілі Торыатбасы мен Қыземшек, теп-тегіс сайын далада сылдырап аққан жұмбақ Сарқырама – бұлардың бәрі қазірдің өзінде «шіркін-ай, бір көрсем» дегізген көркем мүйіске айналған.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Туған жер» бағдарламасының тұжырымдамасы жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға, өзінің туған жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне деген сүйіспеншілікке бағытталған ғой. Біз де өз кезегімізде халықтың патриоттық рухын қалыптастыруға, жас буынды туған өлкесіне деген сүйіспеншілікке, табиғатқа қамқорлықпен, тарихқа және мәдени-тарихи ескерткіштерге құрметпен қарауын барынша насихаттап, еңбек етіп жатырмыз, – дейді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы