Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов қоғамдық-саяси қызметін публицистік жазу-сызуларымен ұштастырғаны мәлім.
Сол сияқты атақты Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сынды қалың қазақ қауымы мойындаған аса көрнекті ақын-жазушылар ұлы Абай дәстүрін жалғастыра отырып, үстіміздегі жылы 100 жыл толған Ақпан төңкерісі, енді ғасыр толмақ Қазан революциясы дауылында Қазақ елі, жерінің түбірлі мүдделерін қорғады. Алаш әдебиетінің сол бір аласапыран заманда ұлт сөзін ұстауының өзі бір жатқан хикаят.
Әлі есімде. 1986 жыл. Тарихтағы ақтаңдақтарды жою науқаны басталған Бетбұрыс заманы. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы Алаш әдебиетінің Ахмет Байтұрсынов, Міржапқып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды жұлдыздарының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеуге жұмыла кіріскен қарбалас шақ. Сол күндердің бірінде түскі демалыстан соң институт ғимаратына жақындай бергенімде таныс тарихшы академик кездесе қалсын.
– Сендер немене, – деді ол амандық-саулық жоқ, түсі қабарып, – Алаш ақын-жазушыларын ақтаймыз деп қызыл танау болып жүргендерің? Алаш көсемдерінің Ленинді не ғайбат сөзбен кінәлағанын қай қалталарыңа тығып жасырмақсыңдар?! – деді.
Шынында да, «Қазақ» газетінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен шыққан «Мемлекет халі» мақаласында 1917 жылғы 28 ақпанда патша үкіметі құлатылып, Уақытша үкімет құрылғанын, оның министрлерінің көбі және аға министрі Кадет партиясынан сайланғанын айта келе, Ленин туралы былай деп жазған еді:
«– Кадеттің министрлікті тастаған ішкі себебі үкімет болып отырып өз еркін жүргізе алмағаны. Май басынан бері, социалист министрлерден қолағаш байлап барғаннан бері, әскери һәм жұмысшы мәжілісінің қақпалауымен отырды. Бұл мәжілісті сол жаққа аудара басып тұрған жұмысшы партиясының «Большевик» атты бөлімі еді. Бұлардың көсемі, серкесі – жазушы Ульянов, жұртқа мәшһүр аты «Ленин». 3-4 июльде Петроград көшесіне қанша әскер қару-жарағын асынып шығып, соғыс жасады, үкіметті социалистке алып береміз дегенді бетке ұстап. Үкіметке жақ әскер, әсіресе атты казак әскер шығып, қанша кісі өлімі болып, бүліншілік тастады. Ленин жолдастарымен неміс жалдаған жүзіқара болып шықты...».
Бұдан үш ай шамасы өткен соң Қазан революциясы Уақытша үкіметті құлатты. Бүкілресейлік мемлекеттік құрылтайды таратты. Ал Әлихан Бөкейхановтың, басқа да Алаш зиялыларының түсінігінде, Ақпан революциясы, патшаның тақтан құлауы қазақ сияқты бұратана жұрт үшін өңі түгіл, түсіне кірмеген жақсылық қуаныш болатын. Алаш зиялылары Ақпан төңкерісі арқасында орыс, қазақ һәм басқа бұратана болып айырылу жоқ, бәріміз теңгеріліп отырмыз деп жар салды. «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш ұлына» атты тағы бір мақалада Алаш қозғалысының белді қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов: «Енді орыс халқымен тереземіз тең болған соң жақсылығына сүйінеміз, жаманшылығына күйінеміз. Тілек бірге болған соң тірі болсақ бір төбеде, өлі болсақ бір шұқырда болуымыз керек. Жұрттың бәрі осылай бірігіп, тізе қосып, қайрат қылғанда ғана азат халық бола аламыз. Соның үшін жаңа үкіметке қолдан келген көмегімізді аямауымыз керек», деп жазды.
Ақпан революциясын қуана қарсы алған Жүсіпбек Аймауытов «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» атты мақаласында: «Жасыратын қылық жоқ – бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық!» – деп тебіренді.
«Қазақ» газетінде Ақпан төңкерісін алғаған өлеңдер жарияланды. Белгілі қазақ ақыны Сәбит Дөнентаев «Азаттық күні» атты өлеңінде былайша толғанды:
Тілекті бүгін хақтың берген күні, Көл-дария көздің жасын көрген күні. Талайдың тіршілігін қол сермеген, Қайғысын тас-талқан қып бөлген күні.
* * * Бостандық өмір сүріп, өлсін құлдық Деп жұрттың мойын созып төнген күні. А құдай, ұзағынан жаза көр деп Іркіліп көзге жастың келген күні.
Алаш қайраткерлері 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында Қазақстанның барлық облысынан дерлік өкілдер қатысқан. Жалпы қазақ съезінде бас құрап, патша тақтан құлауына байланысты Қазақ елінің алдында тұрған келелі міндеттерді егжей-тегжейлі талқылады, Қазақ өлкесі аумақтық ұлттық автономия алуға тиіс деп ұйғарды. Сол 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен 11 Бүкілқазақ съезі Қазақ (Алаш) автономиясының Уақытша халық кеңесін сайлады яки «Алашорда» – Алаш автономиялы үкіметін құрды.
Алашорда үкіметі ұлттық қарулы күш – «халық милициясын» жасақтауға кірісті. Бұрын Ресей патшалығы «Қазақ» деген атты жағрафия картасынан өшіріп, бәлен-түген губернияларға бөліп талапайлаған еліміздің жерін, облыстарын мүмкіндігінше Алаш туы астында қайта жинақтауға талпынды. Алаш партиясы жасаған Жер заңы туралы жобада жер сату деген болмау, әркім өз жерін өзі пайдалану, артық жер болса сатылмай, земствоға алыну көзделді. Алашшылар, Міржақып Дулатов жазғандай, «Малды, жанды автономия жолына салуға» шақырды.
Алайда өкінішке қарай, Алаш ұранды қозғалыс Қазақ автономиясын сол шақтағы жоғары билікке мойындата алмай, әуре-сарсаңға түсті. Жеме-жемге келгенде, «Уақытша үкімет те, оның жергілікті ұйымдары да қазақ халқының ұлттық мәселелеріне таскерең күйінде қалды».
Бұдан соң Ресейдегі азамат соғысы кезінде құрылған Сібір үкіметі де рай бермеді, «уысыма сыйған жердің бәрі менікі» деп қасарысты. Адмирал Колчак Қазақ автономия ала ма, алмай ма, оны Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шешеді деп алдарқатты. Осының бәрі Алаш жұртшылығының ашу-ызасын тудырды. Ақын Мағжан Жұмабаев өзі 1918 жылы реакция кезінде жазылған деп арнайы ескерткен «Бостандық» атты өлеңінде орыс шовинизмінің шектен тыс қылығын символистік өлең қуатымен уыттады:
Қыбырлаған қоңыздар, Қорсылдаған доңыздар, Тілегің болды – қуан, күл. Бостандық – ізгі періште Кетпекке ұшып ғарышқа Ақ қанатын қомдап тұр.
Дейтұрғанмен, ақын туған халқының жарқын болашағына сенімін ешқашан жоғалтқан жоқ. Оған аяқ астынан 1918 жылдың мамырына дейін алашордашылар қазақ Хлестаковы деп сынаған авантюрист Көлбай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясының түрмесіне қамалғанда шығарған «Сағындым» атты жыры куә:
Не көрсем де алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер, Істей берсін қолдарынан келгенін. Бүгіндері бұл өлең жолдарын оқып отырғаныңда, Қазақ елі, Мағжан ақын сәуегейлікпен болжағандай, көркейіп, бүкіл жаһанға әйгілі мемлекет құрып отырғанына мерейленесің...
Айтары жоқ, Алаш автономиясы үкіметін мойындату әрекеті шырғалаңға түсуден арылмады. 1918 жылы 8 қыркүйекте Сібір үкіметінің келісіммен шақырылған, Алашорда тарапынан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Бижан Жанқадамов қатысқан Уфа мемлекеттік мәжілісі құрған жаңа үкімет – Директория да Алаш автономиясы мәселесін ит-жыртысқа салып, ақыр соңында күтпеген жерден Алашорданы тарату жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп Уақытша үкіметтен де, одан соңғы Сібір үкіметінен, енді Директориядан да қайыр болмаған соң Алаш зиялылары бұған дейін, 1917, 1918 жылдар бойы өздері сан дүркін ғайбаттаған Қазан революциясының басшыларына, большевиктерге жүгінуге мәжбүр болды.
Тарихтан белгілі ақиқат – РСДРП (б)-ның Бүкілресейлік (Апрель) конференциясында (1917 жылғы 24-20 апрель, 7-12 май) В.И.Ленин партияның бағдарламалық талабын – Ресей құрамына кіретін барлық ұлттар үшін ерікті түрде бөлініп шығуға және жеке мемлекет құруға құқы бар екені мойындалуға тиіс (право на самоопределение, вплоть до отделения и образования самостоятельного государства для наций, входящих в состав России) деп жариялағаны мәлім.
Осыдан дәмелі Алаш қайраткерлері Мәскеуге ағыла бастады. 1918 жылы 2 сәуірден біраз уақыт бұрын В.И.Ленин Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бірге Алашорда үкіметінің өкілдері Халел Досмұхамедов пен Жанша Досмұхамедовті қабылдады. 1918 жылғы 2 сәуір күні Ленин В.И.Сталинмен бірге тікелей байланыс арқылы «Алашорда үкіметінің басшылары Әлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасов және Әлімхан Ермековпен келіссөз жүргізді.
1919 жылдың наурыз айында Ақпан төңкерісінен көңілі қалған Ахмет Байтұрсынов Кеңес өкіметі жағына шығады. Большевиктер Ахмет Байтұрсыновтың зор білікті ғалым және қазақ қауымына бек беделді қайраткер екенін білетін. Сол себепті Ахаң Қазақ өлкесін басқаратын мемлекет органының құрамына енгізілді. 1919 жылғы 24 шілдеде В.И.Ленин Халық Комиссарлары Кеңесінің Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитеттің төрағасы етіп С.Пестковскийді, мүшелері етіп Сейтқали Меңдешов, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнғашин, В.Лукашев және Ә.Жангелдинді тағайындау туралы мандатқа қол қойды.
1919 жылғы, мөлшері 9 желтоқсаннан соң В.И. Ленин Кремльде Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің төрағасы С.Пестковский мен ӘРК мүшесі Ахмет Байтұрсыновты олардың өтініштері бойынша қабылдайды. Пестковскийдің өлке шаруашылығы және саяси жағдайы туралы баяндамасын тыңдап болған соң, Ленин бірнеше жақсы баяндама жасап, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон пластинкасына жазып, пластинкалармен бірге дала көштеріне жеткізуге, көшпенділердің малын кедей-кепшіктердің пайдасына қайта бөлуге асықпауға кеңес береді. Ұзын сөздің қысқасы, Алаш қайраткерлерінің сан жылдар бойы көксеген арманына Қазан революциясының басшылары қол жеткізді. 1920 жылғы 26 тамызда М.И.Калинин мен В.И.Ленин РКФСР-дің құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын құру туралы Декретке қол қойды.
Бұл мақаланың соңғы нүктесі ретінде айтылар нәрсе, Ахмет Байтұрсынов Коммунистік партияға өз еркімен кіргенмен, Қазақ АССР-ының Оқу-ағарту комиссары да болып қызмет істегенімен, өзі айтқандай, «қызыл» бола алмады, большевиктер партиясы қатарынан өз еркімен шықты. Бір кезде жазушы Тахауи Ахтанов Бауыржан Момышұлы туралы: «Бауыржан мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы сыймай кеткен адам» деп еді. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынов әсіресе сталиндік ноқтаға көнбеді.
Алашорда мен Алаш партиясының басшылары мен мүшелеріне Кеңес өкіметінің 1919 жылғы 4 сәуірде жариялаған амнистиясы В.И.Ленин қайтыс болғанша, одан кейін де екі-үш жыл күшін сақтады. В.И.Ленин дүниеден озарының алдында партияның Орталық Комитетіне генсек Сталинді орнынан тайдыру туралы арнайы хат жазса, 1929 жылдың ортасында ОГПУ Алашорда қайраткерлерін қамауға алса, кейін алашордашыларды ғана емес, қолына мылтық ұстап Кеңес өкіметінің Қазақстанда салтанат құруына белсенді атсалысқан Сәкен Сейфуллинді де атса, мыңдаған адал жандар сталиндік қанды қасапқа ұшыраса, итжеккенге айдалса, бұл енді өз алдына жеке әңгіме.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты