Қарап тұрсақ, бұл дүниеде қазақ көрмеген қасірет аз сияқты. Отырар ойранын, дербес Орда тіктеген дәуірлердегі қиғылық жылдарды айтпағанда, екі ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, қайың сауған нәубеттері, екі жарым ғасырдан астам дерлік орыс бодандығы – халқымыздың бүгінгі ақжолтай азат күндерге келер жолдағы бастан кешкен азабы, тартқан тақсырет-тауқыметінің қара жерден де ауыр екендігін айғақтайды.
Соның ішінде кеңестік кезеңдегі қызыл өкіметтен көрген қорлық-қысастығы, зорлық-зомбылығы, әсіресе алабөтен дер едік.
Иә, сталиндік қиянат құрбандықтарының ауқымы мен көлемі, қаныпезерлігі мен азғындық-аярлығы төбе шашыңды тік тұрғызып, тұла бойыңды түршіктіреді. Шынымен-ақ, өз халқына өзі жау емес өкімет егін екпеген елге астық салығын салар ма? 1929 жылдың қазан айында алым жинаудың үш айлық науқаны қазақтың шаруа баққан момын жұртына әңгіртаяғын ойната келді. Біз ертеректе сөйлескен Семей өңірі, Шұбартау атырабы көне көздерінің куәлік етуінше, қарумен жүріп жоспар салыпты. Сонда жаны қысылғандар бір биені бір пұт бидайға айырбастап жібереді. Ел астық салығынан құтылу үшін қолдағы азын-аулақ малынан айырылады. Ал қазақ шаруаларының өкімет қысымын көрген қиын халінен пайда тапқысы келіп әккіленген орыс шаруалары астықтарын құдайсыздықпен тым асыра бұлдады. Қазағың екі жақты аранға осылай түседі.
Осы арада иманды болғыр шұбартаулық Ырыздықбай Тілеуберлин деген абыз ақсақалдың айтқан бір сөздері ойға оралады. Осы күні жұрттың біразы өздерінше Сталинді мақтап, жақтап сөйлеп жатады. Меніңше, солары дұрыс емес, солары–нағыз білместік, деп еді өз өмірінде талай запыранды өткерген қария. Өйткені ол өте қатыгез, қаныпезер патша еді. Басқалар жақтаса жақтасын, ал енді өзін адам айтқысыз қырғынға ұшыратып, жер бетінен жойып жібере жаздаған Сталинге дәл қазақтың іші жылитын жөні жоқ. Ал кем дегенде 2 миллион қазақтың өмірін жалмаған, қаншасын жер аударып бостырып жіберген сталинизмнің жақтастары өз арамыздан әлі де табылатынына күлеміз бе, күйінеміз бе?
Ана бір жылдары кейбір ағалар: «Жетімдіктен жеткізіп адам қылған айналайын Совет өкіметі, Советтің интернаты» деп айналып-толғанып отыратын. Шіркін, сол ағалардың көбі әкесін 37-нің сүргінінде сол Совет өкіметінің өзі соттап, айдауда азаптап, атып өлтіргенін, өзін жетім қылған сол «айналайын» өкіметі екенін білмей, білуге өресі жетпей өткені өкіндіреді-ақ. Оларды сондай иісалмас қылған өресіздік пе, ынжық жігерсіздік пе, жоқ әлде намыссыздық па? – не десеңіз де өзіңіз білесіз.
Сол Сталин жүрегі тастан жаратылмаса, әйгілі «Үш масақ» немесе «Жетінші август» заңын шығарар ма еді? Аштан қырылып жатқанына қарамастан, қара шаруаның малын, жейтін тамағына дейін түгел аузынан жырып сыпырып алды. Үйде аштан бұратылған бала-шағасы үшін бір кило бидай ұрлап осы 7-август статьясына іліккен мыңдаған пақырлар жазықсыз, тектен-текке сотталып, айдалып, итжеккенге кетіп жатты. Шұбартауда Қазы деген кісіні ешкісінің соңынан лақ ермеді деп соттап жіберіпті.
Сол отызыншы жылдары жалпақ даланы заңсыздық жайлады. О да бір зымиян саясат болар, жер-жердегі халықты шолақ белсенділердің билігіне беріп қойды. Олар ақымақ бастарына не ой келіп қалса, соны істеді. Айда десе – айдады, байла десе – байлады. Әйтеуір халықтың еңсесін көтертпеді. Қысқасын айтқанда, беті-қолын дұрыс жуатын азамат болса, көзін жойып отырды. Басы бар, ақыл-парасаты бар тәуір адамдарды түгел құртып жіберді. Сол заманның куәлары осылай дейді.
Бақаш деген кісіге ауданның Бидалин деген НКВД бастығы «Конституция» деп айтшы» дейді. Бақаш «Қанстөтөсия» дейді. Сөйдедің деп оны халық жауы атандырып, соттайды. Шәріп деген сот Баршатаста сот құрып отырып: «Саған 10 жыл, оған да 10 жыл» деп үкім айта бастапты. Сонда өз бетімен анадай отырған Төлеусары деген кісі: «Маған ше?» деп жыбырлақ аузы сұрап қалыпты. «Саған да 10 жыл!» дейді Шәріп. Бейшара Төлеусары, не үшін екенін өзі де білмейді, сотталып кете барады. Осы қиянат, заңсыздықтар күллі Қазақстан бойынша орын алды. Сталиндік қуғын-сүргін саясатының қызылтабан ашаршылық қырғыны мен 37-нің қызыл зұлматына ұласқан жазалау машинасы халқымыздың қабырғасын осылай күйретіп, сағын сындыруға шақ қалған еді.
Зұлымдықпен үндес, геноцидпен шендес кеңестік кердең де кесір саясат зұлматынан қазақ көрген қасіреттің бір парасы осындай. Болашағымыз бұлтсыз ашық болуы үшін ұлт тарихының бұл қаралы бетін де еш ұмытпауға тиіспіз.