• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2017

Жазу мәдениетінің жаңа белесі

410 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласы аясында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі – латын әліп­биіне көшу халық арасында түрлі пікір туғызуда. «Қоғам дайын ба?», деген сұ­рақтың төңірегінде ойлана келіп, 26 жыл­дық жұмыс тәжірибем барысында өзім пікір алысқан жастардың ойын жеткізуді жөн көрдім. 

Елбасы бағдарламалық мақаласында «Рухани жаңғыру – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын бо­лашақтың көкжиектерін үйлесімді    с­абақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» деген болатын. Мақалада тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыты ұсынылды. Ал латын әліпбиіне көшу – таяу жылдардың басым міндеттерінің бірі ретінде көрініс тапқан. 

Тарихқа көз жүгіртсек, 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдап, ол 1940 жылға дейін қолданылып, кириллицаға көшкен болатынбыз. Демек, біз өткенімізді қайта еске алып, жаңғыруға бет бұрдық. 

Бұл жердегі менің айтпағым, аға буын өкілдерінің басым көпшілігі латын әліпбиіне көшуді тосырқай, жатырқай, жалтақтай қарсы алса, жастардың латын әліпбиіне деген көзқарасы мүлдем бөлек. Бұдан 5-6 жыл бұрын балалардың латын әрпімен жазатынын көріп, алғашында таңғалыс білдіргенмін, біртіндеп мен де солардың легіне ілесіп, олардың жазғанына жауап беруге машықтандым.

Бұл жердегі басты мәселе – санамыз жаңғыруы керек, қандай жаңалық болсын тіксіне қарсы алудың еш қажеті жоқ. «Бізге латын алфавитінің қажеті бар ма?», деп жастардың ортасына барып сұраңызшы олардың барлығы да сізге «қажет» деп жауап береді. Олай деуімнің себебі, жастармен жұмыс жасағасын олардың өміріне латын алфавитінің етене еніп кеткенін кез келген педагог біледі. Неге екенін білмеймін, тіпті сабақты нашар оқитын оқушының өзі құрбыларына жазған хабарламаларын латын әліпбиімен жазып отырады.

Яғни балалар жаңалықты тез қабылдайды. Бүгінгі күннің өзінде олар жаңалықты тез, қуана, жатырқамай қарсы алды. Ендеше аға буын өкілдерінің қорқуына еш негіз жоқ. Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі, дамуында ең бірінші «адами капиталға» мән беретінін ескерсек, балаларымызға жағдай жасайтын реформадан қорықпауымыз керек. Тарихқа шегінсек, ежелгі Египетте 750 иероглиф болыпты, оны да жатқа білгендер болған. Алынбайтын қамал жоқ, біз бәрін де меңгереміз, күні бүгіннен сарыуайымға салынып, болашаққа сенімсіздікпен қарау дұрыс емес деген ойдамын.

 

 

Орынтай БИМАНОВА, Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру»  жобалық кеңсесінің бас менеджері