Халықаралық әуесқой бокс федерациясының кеңейтілген алқа мәжілісінің екінші жұмыс күнінде бірнеше мәселе қаралды. Соның ең бастысы, әлем чемпионаты өтетін қаланың таныстырылымы болды. Оған әуелі бес ел өз кандидатураларын ұсынған екен. Ақыры жарыса келе 2011 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізуге Қазақстан мен Тайланд лайық деп шешіліпті. Бірақ, тай елінің өкілдері соңғы сәтте АІВА-ның талап-тілектерімен келісе алмай, чемпионатты өткізе алмаймыз деп мәлімдеген екен. Сондықтан аталмыш шараны өткізу құқығына Қазақстан ие болып қалыпты.
Осыған байланысты алқа мәжілісінде Қытайға біздің делегацияны бастап барған Бокс федерациясының вице-президенті Жанболат Сәрсенов АІВА атқару комитеті мүшелерінің алдында Қазақ елінің таныстырылымын өткізді. Мұнда оның баяндамасымен қоса туған республикамыз туралы бейне-баян көрсетіліп, әлем чемпионаты өтетін Астана қаласының мүмкіндігі мен спорт кешендері таныстырылды. Осы жерде Сәрсенов мырза чемпионатқа қатысатын елдердің барлығына Қазақстан тарапынан жатын орындар мен тамағына жеңілдіктер жасалатындығын және бокс өнері кенже қалып келе жатқан елдердің жол ақысын Қазақстан жағы өзі көтеріп алатындығын айтты. Осыдан кейін алқа мүшелері бір ауыздан Қазақстанды қолдады. АІВА президенті Чин Ко Ву боксқа қамқорлық танытып отырған Қазақ еліне, оның ішінде ұлттық федерация басшыларына өз ризашылығын білдірді. Артынша Жанболат Сәрсенов пен АІВА атқарушы директоры Хо Ким арасында әлем чемпионатына байланысты бірнеше құжаттарға қол қойылды. Соған сәйкес, қазақ тарихында алғаш рет Астана қаласында бокстан әлем чемпионаты өтетін болып шешілді. Келісім жасалған соң, Бокс федерациясының өкілі биыл жазда елордада өтетін бокстан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кубогы үшін халықарарлық турнирде WSB (Бүкіләлемдік бокс сериясы) бәсекелерінің таныстырылымы өтіп, бір-екі жекпе-жек ұйымдастыру ниетте екендіктерін айтты.
Осы күні АІВА төрешілерінің жұмысы жөнінде де мәселе қаралды. Қазір оларға ерекше мән беріліп, қазыларға өз қызметтерін адал атқару үшін барлық жағдай жасалуда. Жиында сөз алған АІВА атқарушы директоры Хо Ким мырза алдағы ақпан айынан бастап, Канаданың Торонто қаласында АІВА төрешілерінің академиясы ашылып, онда олардың біліктілігі жетілдірілетіндігін айтып өтті. Хо Ким: “Мұнда АІВА санатын алуға ниеттенген төрешілерде үш айлық дайындық курсынан өткеннен кейін,сынақ тапсыру арқылы АІВА санатындағы төреші атануына толық мүмкіндік бар. Және де біз әділқазылар алқасы киімдерінің барлығын жаңа үлгіге көшіретін болдық”, деді. Тағы бір айта кететін жаңалық, АІВА алқасының шешімі бойынша әуесқой бокс бәсекелерінің бір салмақ дәрежесі қысқаратын болады. Атап айтқанда, енді ерлер арасындағы салмақ дәрежесі 49 килодан басталады. 52 кило сол күйінде қалып, 54 кило мен 57 кило біріктіріліп, 56 кило салмақ дәрежесі болып бекітілді. Ары қарай салмақ дәрежелері сол күйінде қалады. Сонда ерлер арасындағы салмақ дәрежелерінің саны 10, ал әйелдер арасындағы үш салмақты қосқанда, Олимпия ойындарында 13 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталатын болады. Жиналғандар жаңа салмақ дәрежелері көңілден шығатындығын, оған боксшылардың тез бейімделіп кететіндігін бірауыздан мақұлдады.
Әйелдер боксы демекші, мәжілісте олардың да алдағы әлем чемпионаты жөнінде сөз болды. Биылғы 11-17 қыркүйекте Барбадоста дүниежүзілік бәсеке өтпекші. Осыған байланысты жиында әйелдер боксының сонау 1920 жылы болғандығын растайтын Ұлыбритания мұрағатынан алынған арнайы бейнетаспа көрсетілді. Онда олар етек-жеңі кең көйлек пен қолдарына бокс қолғабын киіп төрешісіз жұдырықтасқан екен. Жиында бұл сол кездегі көрерменің қызығушылығын арттыру үшін жасалған шара екендігі айтылды. Осыдан кейін мәжілісте Барбадостың әйелдер әлем чемпионатына дайындығы АІВА комиссиясының көңілінен шықпайтындығы ескертілді. Егер де жақын уақытта жағдай өзгермесе онда бұл шара басқа жерге ауыстырылатын болып келісілді.
Бұдан кейін биылғы жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындық барысы қаралды. Сингапурда өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпия ойындарына лицензиялық әлем чемпионаты Францияның Ницца қаласында өтуге тиіс болатын. Бірақ қазіргі қаржылық дағдарысты желеу еткен француздар оны өткізуден бас тартыпты. Былтырғы желтоқсанда АІВА президентінің кубогы жолындағы халықаралық турнирді өткізіп, көзге түскен әзірбайжандықтар осы сәтті ұтымды пайдаланып, өз кандидатурасын ұсынып қойыпты. Енді әлем чемпионаты 22 cәуір мен 2 мамыр аралығында Бакуде өтетін болды. Жүлдеге ілінген өрендердің барлығы Сингапурге барады.
Телжан КҮДЕРОВ, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сямяньнан (ҚХР).
“АСТАНАНЫҢ” ВЕНАДАҒЫ ТҰСАУКЕСЕРІ
Өткен сенбіде Венада әлемге танымал “Астана” велошабандоздар командасының ресми тұсаукесері болды.
2010 жылғы маусымға команда “Тур де Франс” жарысының жеңімпазы Альберто Контадордың көшбасшылығымен еніп отыр. Қазақстан демеушісі болып табылатын команданың құрамында Контадормен қатар Қазақстанның кәсіпқой велошабандозы Александр Винокуров, сондай-ақ Франциядағы жарыста жеңіске жеткен испандық Оскар Перейро, басқа да белгілі спортшылар бар.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байланысты команданың тұсаукесері оның барлық мүшелерінің қатысуымен Венадағы ұйымның штаб-пәтерінде өтті. Тұсаукесерге “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов бастаған қазақстандық делегация келді. Ендігі жерде “Астана” командасының бас демеушісі “Самұрық-Қазына” болғандықтан қордың символикасы команда формасында бейнеленген.
Тұсаукесерге жүздеген адамдар – жанкүйерлер, халықаралық БАҚ өкілдері, ЕҚЫҰ қызметкерлері, дипломатиялық корпус мүшелері жиналды. Шараның соңында “Інжу” ұлт-аспаптар ансамблінің концерті болды.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, Егемен Қазақстан” – Венадан.