Ауылда қазақтардың ортасында өскендіктен мүдірмей таза қазақша сайрап кеткен шығар дейін десеңіз, сөйлеу, киіну мәдениеті жағынан таза қалалық осы бір сүп-сүйкімді орыс қызының «Магнат» магазинінде дүкенші қазақ қыздан қажетті азық-түлігін орысша емес, үнемі қазақ тілінде сұрап тұратынына жиі куә-дүрмін.
– Қара нанның бағасы қанша?– деп «қ»-ға, «ғ»-ға, «ң»-ға тілі әдемі иіліп жымдасқан бойжеткенге сол заматта дүкенші қандасыңыздың орысша тіл қатқанын көргенде бар ғой, қарадай қапа болады екенсіз.
– Маған екеуін бере қойыңыз, – деп әлгі қыз оның орысша сөйлеп тұрғанына мән берместен мұнан әрмен қарай да қазақша сызылды. Осы сәтті тапжылмай сырттай қадағалаған бізге өзінің ана тілінде сөйлеуге қорланып, табанының астына таптап тұрған анау сатушыдан гөрі көздері аспан түстес мына орыс қызының әрекеті ұнап, көңілге шуақ себеледі. Өйткені кім-кімнің де туған ана тіліңізге көрсетілген мүбәрак құрметі арқылы алдымен, сол адамның өзіңізге, сосын қазақ халқына деген сүйіспеншілік сезімі атқан таңдай арайланып айқын аңғарылатыны ақиқат... Иштван Қоңыр Мандокидің: «Көп тіл білу бөлмеңе көп терезе салумен бірдей, бөлмең жап-жарық болады» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, қай халық болсын әуелі өзінің тілін білетін адамға айрықша басын иіп құрмет көрсететіні үлкен мәнге ие. Көңіл терезесінен жансарайыңызға ұдайы шуақ шашылып тұрғаны ғанибет емес пе? Дүкендегі осы бір аз ғана сәтке өмірдің қаншама өнегесі мен мағынасы сыйып тұр десеңші?
–Атың кім, айналайын?– деп әлгі қызға еріксіз бұрылуымызға тура келді. –Наташа, – деді әсем үні қоңыраудай сыңғырлап. – Қазақшаны қайдан үйрендің? – деп сұрадық. – Араласатын достарымның көбі қазақтар. Олармен күнделікті ауызекі сөйлесу арқылы бірте-бірте үйреніп, қазір тіпті қазақшаны мүлде мүдірмей сөйлей алатын деңгейге жеттім, – деп марқайды.
Тіл – барлық құпия «есіктердің» кілті ғой, шіркін. Тіпті тілді терең меңгеру арқылы өздері де сол халықтың сүйікті тұлғасына айналып кету мысалдары арғы-бергі тарихта аз кездеспейді. Осы орайда ойымызға арғыдан Мәриям Жагорқызы, бергіден қазақ тілін ана тілінен артық зерделеген айтыскер ақын Надежда Лушникова, «барым да, базарым да – қазақтың тілі» дейтін Асылы Осман апаларымыз, 70-80-ші жылдары қазақ әндерін тамылжыта шырқап, атақ-даңқтары жер жарған Татьяна Бурмистрова, Татьяна Полтавская, Татьяна Мартыненко есімдері оралады. Бір кездері жойқын жырларымен айтыстың айтулы додаларында топ жарған ақынды, болмаса қазақша мақалдап сөйлегенде дөңестің өзінде дүлдүлдей жорғалайтын Асылы апамызды өзге ұлттың өкілдері деуге тіліміздің бара бермейтіні содан. Әйтеуір бұл кісілердің қазақ тілінде таза сөйлеп, қазақшаға асқан сүйіспеншілікпен қарауларының астарында бөтен бір оқшау ойдың бас бұғып жатпағаны айдан анық. Ал енді еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңді ойша барлап, кейінгі толқынды көңіл дүрбісімен шолғанда, олардың арасынан қазақшаға жүйрік мынадай жас құрақтардың желбіреп өсіп келе жатқаны қандай ғанибет еді! Және бұлардың қоғамымызда жылдан-жылға арта түскенін сезгенде, көңілдегі түйткілдер түбінен жұлынған арамшөптей солғын тартады екен.
Сондай жастардан әріптесіміз, оңтүстікқазақстандық Максим Рожинді, ел мерейін асқақтатқан боксшы қыз Марина Вольнованы, «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізетін кәріс қызы Ирина Тенді, Атырау өңірінің тумасы Халил Масловты, тележұлдыздар Ольга Спирина, Майя Веронская мен Оксана Лоскутованы, қазақы болмысына қарап жұрт «алтын қыз» атаған қызылордалық Ксения Першинаны, «Абай жолы» романынан үзіндіні қазақ тілінде маңмаңгердей мәнерлеп оқитын павлодарлық Анжелика Бабакованы және өзге де көптеген отандастарымызды атап өткен орынды. Баяғыда Қазақстандағы өзге ұлт өкілінің қазақша сөйлеуі жұртқа таңданарлық сұмдық жаңалық болып саналатын. Қазір олай емес. Бүгінде олар көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларына қатысып, қазақ тілін нақышы мен нәріне келтіре сөйлеу мәдениетін меңгеру мектебінен өтуде. Есесіне, сырттан өз беттерімен келіп қазақ тілін үйренуге мүдделі шетелдік жастардың жыл санап артып келе жатқаны айрықша назар аудартады. Мысалы, Қазақстанға келіп, студенттерге корей тілін үйретіп жүрген Сеул университетінің профессоры С.Хун есімді профессордың атына сырттай қанық болатынбыз.
ңтүстіккореялық профессор студенттерге сабақ өте жүріп, өзі де уақытын босқа өлтірмей, қазақ тілін жетік меңгеріп алыпты. Ал енді осы шіркініңіз өз еліне барып, университетте қазақ тілінен сабақ бергенін естігенде, айналайын, ана тілімнің қадірін түсінбей, басқа тілде шүлдірлеп жүрген мұндағы кей немелерді бір шыбықпен айдап отырып мына профессордың лекциясын тыңдатуға кіргізсе ғой шіркін, сонда бәлкім ұят сезімдері оянып, қазақшаға бет бұрар ма еді, деген санамыздағы қиял қанатының шалқып бір кеткен тұсы ғой бұл.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»