• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Қазан, 2017

«Астана процесінің» жетінші раунды басталды

271 рет
көрсетілді

Кеше елорданың «Риксос» қонақүйінде «Астана процесі» шеңберіндегі Сириядағы дағдарысты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық келіссөздердің жетінші раунды басталды. Ол екі күнге созылып, бүгін кешке кездесу қорытындысы бойынша брифинг өткізіледі деп күтілуде.  

Келіссөз қорытын­ды­лары­ның орындалуына кепіл­гер мемлекеттер ретін­де қатысушы Ресей Федера­циясы­ның делегациясын Ресей Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын Сыртқы іс­тер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясын Сырт­қы істер министрінің орын­басары Хусейн Джабери Ан­сари басшылық етуде.

Кездесуге Сирия үкіметі мен сириялық оппозицияның, сондай-ақ байқаушы ретінде БҰҰ, АҚШ және Иорданияның өкілдері қатысты. Іс-шараның басталуынан бір күн бұрын кепілгер-елдердің өкілдері сарапшылар деңгейінде екіжақты және үшжақты консультациялар өткізген болатын. Жалпы отырыс барлық тараптың қа­тысуымен бүгін, яғни 31 қа­зан­да өтеді.

Алдағы кездесу Сирияда ұрыс іс-қимылдарын доғару режімін нығайту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, сондай-ақ дағдарыс­ты саяси реттеуге өту кезеңін­де аталған елдегі жағдайды әрі қарай тұрақтандыру шең­берінде күш-жігерлерді арт­тыруға бағытталған.

Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жоғары деңгейде өтетін келіс­сөзде тұтқындарды және қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түз­сіз жоғалғандарды із­дес­тіру бойынша жұмыс то­бының ережесін бекіту жос­­парланғанын хабарлаған болатын. Тараптар сонымен қатар халықаралық терроризм­­мен күрес мәселелерін қарасты­рып, Сирияда минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдамақ ниетте.

«Егемен-ақпарат»