27 қазанда Орал қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Таза қол: парасыз болашаққа бірге» атты форум өтті.
Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, облыс мәслихатының депутаттары, азаматтық қоғам институты мен БАҚ өкілдері қатысты.
Форумда баяндама жасаған Алик Шпекбаев өз сөзінде халықаралық және ұлттық агенттіктердің зерттеу мәліметтерін келтірді. Transparency International ұйымының дерегінше, үш жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды бақылайтын азаматтар саны екі есе өскен, ал пара берушілердің саны үштен бірге қысқарған.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының соңғы сауалнамасы респонденттердің 80%-дан астамы пара бермеген және параның не екендігін ұмытқанын «айтады».
«Зерттеу» стратегиялық орталығы да елде сыбайлас жемқорлық оқиғалары азайғанын байқаған: сұрау салғандардың 70%-ы сыбайлас жемқорлық жағдайына тап болмапты.
Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресте халық белсенділігі артып келе жатқаны рас. Агенттіктің Call-орталығы құрылған кезден бастап азаматтардан түскен өтініш саны 13%-ға өсіпті. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 187 тұлға (оның ішінде ауыр қылмыстар бойынша – 111, ауырлығы орташа – 76) 26 млн-нан астам теңге сыйақы алған.
Жыл басынан бері жүргізілген жасырын іс-шаралар нәтижесінде 89 оқиға бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың 257 мүшесі анықталған. Ішкі істер органдарында (4), білім (3), кеден (2), ауыл шаруашылығы (2), жер қатынастары (1) салаларында «кәсіп қылған» 12 қылмыстық топ құрықталған.
«Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі таңда еліміздегі барлық игі бастама мен реформаларды тежейтін арылмас дертке айналды. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік басқару аппараты қазір халықтың толық сеніміне ие емес. Мұны мойындау қажет», деді Батыс Қазақстан облысының прокуроры С.Нұрпейісов.
Transparency International ұйымының дерегінше, 2016 жылы Қазақстан коррупция деңгейі бойынша әлемде 176 мемлекеттің ішінен 131-орында тұр екен.
Соңғы 5 жылда Батыс Қазақстан облысында 214 адам сыбайлас жемқорлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған! Әкімшілік (24) және тәртіптік жаза (627) алғандар тіпті көп. Әсіресе, мемлекет беретін материалдық игіліктерді таратушы мекемелер, мемқызмет көрсету, мемлекеттік бақылау мен тексеру жасаушы органдар, әкімшілік және қылмыстық процестерді жүргізуші орындар жемқорлыққа бейім.
«Сыбайлас жемқорлыққа не істейміз? Мұның емі бар ма?» деп көпшілікке сауал тастаған прокурор облыста қанатқақты режімде қолға алынған «Таза қол» жобасымен таныстырды. Бұл жоба әлемнің озық елдеріндегі тәжірибеге негізделген. Жобаның көздеген ең басты екі мақсаты бар: бірінші – коррупция белгілеріне мүлдем төзбеу қағидасын қалыптастыру, екінші – сыбайлас жемқорлыққа жол берер тәуекелді барынша азайту. «Таза қол» аясында 15 бөлімнен, 90 тармақтан тұратын кешенді шаралар жоспары жасалған. Әр мектепте «Адал ұрпақ» еріктілер қозғалысы құрылған. Қазірдің өзінде клубтың 6 мыңнан аса мүшесі бар екен.
«Таза қол» жобасы үш бағыт бойынша жұмыс істемек: «Шағым – мемқызметкердің индикаторы», «Азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру», «Өзіңнен баста» деп аталатын жобалар халықтың шағымдарымен сапалы жұмыс істеу, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, азаматтардың өз құқығын сотта қорғауын ынталандыру, құқық бұзушылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеу мінезін қалыптастыру міндеттерін көздейді.
«Қолын тазартып», «жемқорлық кірін» жуғалы отырған Ақ Жайық өңірінде қандай өзгеріс бар? Прокуроры оны да санап айтып берді.
Орал қаласы әкімдігінде ХҚКО үлгісіндегі «Ашық әкімдік» жобасы қызмет көрсетеді. Бұл жерде сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша азаматтардан құжат қабылдау ашық, сапалы, ыңғайлы жүргізіледі. Барлық денсаулық сақтау мекемелерінде Бірыңғай медициналық ақпарат жүйесі енгізілген. Қаладағы емханаларда электронды кезек орнатылды. Облыс әкімдігі мен Құқық қорғау органдары академиясы арасында қол қойылған меморандумға сәйкес жергілікті полиция қызметкерлері арнайы оқыту курстарынан өтіп, біліктілігін арттырып жатыр. Жол-патрулдік полиция бейнежетонмен және бейнебақылау орнатылған автокөлікпен 100 пайыз жабдықталған. Ішкі істер департаментінің тіркеу-емтихан алу бөлімінде электронды кезек және бейнебақылау орнатылған. Орал қалалық полиция басқармасында кезекші прокурор кабинеті ашылып, кез келген уақытта клиент қабылдауға әзір тұр. Ол жерде тергеу кабинеттерін арнайы монитордан бақылап отыратын мүмкіндік жасалған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы