Азаматтық істерді талапқа сай жүргізуді ізгілендіру жалғасуда. Сол арқылы заңдарымыз жетілдіріліп, азаматтық, қылмыстық істі қарау барысы оңтайландырыла түспек. Сөйтіп кез келген істің құрамында қылмыс фактілерінің бар-жоғы анықталады. Мұның бәрі күткендегідей жүзеге асып жатса, кез келген адамның құқы ойдағыдай қорғалады деген сөз.
Бүгінде бұл ізгіліктің де ауылы алыс емес екені белгілі болды. Тәуелсіздік алғалы бері адам құқын қорғау саласындағы даму барысы аса қарқынды жүргізіліп келеді. Қазір оның қарқыны тіптен артты. Бұл бағытта, біздің ойымызша, құқық қорғау органдары аянбай тер төгіп келеді. Соның ішінде прокуратура органдары ұсынған жобалар көңілден шығуда. Соған сәйкес, үстіміздегі жылдың шілде айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңнаманы талқылап, одан келер пайда мен соңғы нәтижені саралаған сарапшылар да оңды пікір білдіріп отыр.
Осыған орай бүгінде азаматтық істер бойынша шығарылған сот шешімдеріне шағымдану тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясындағы 435-бабына сәйкес Бас прокурор іске қатысушылардың өтініштері негізінде кассациялық наразылықты тек қана прокурордың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша сот актілеріне келтіре алады. Азаматтық процесстік кодекстің 54-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес прокурор 3 жағдайда азаматтық іске қатысуға міндетті болды. Олар егер сотпен қаралатын дау мемлекеттің, қоғамның және өз-өзін қорғай алмайтын азаматтың мүддесіне қатысты болса ғана. Яғни, Бас прокуратура басқа даулар бойынша заңды күшіне енген сот шешімдеріне кассациялық наразылықты келтіру туралы өтініштерді қарамайды. Сондықтан азаматтар мен заңды тұлғалар заңды күшіне енген сот актілеріне дау айтуды көздеген өтінішті Жоғарғы сотқа ғана бере алады. Сондай-ақ тағы бір айтарымыз, ерекше жағдайда сот актілері Жоғарғы сот төрағасы енгізген ұсыныс негізінде де қаралуы мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
Аталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға бұдан басқа да көптеген өзгерістер енгізілгені белгілі. Ал бұл өзгерістер барысы, ең алдымен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қатысты дейміз. Өйткені мұндағы басты жаңалықтардың бірі әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің Жоғарғы сотта қаралу тәртібі өзгеруінде болып тұр. Не өзгерді? Өзгергені сол, енді соттың қаулылары Жоғарғы соттың төрағасы мен Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы төрағасының бастамасымен қайта қаралуы мүмкін.
Бұл үшін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға, жәбірленуші, олардың заңды өкілдері, қорғаушылары, заңды тұлғалардың өкілдері Жоғарғы сотқа ұсыныс енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы. Бұл жерде тағы бір ерекше тоқталар жайт, аталған мұндай құқық орталық мемлекеттік органдарға да берілген. Алайда, ұсынысты енгізу туралы өтінішхат Әкімшілік кодекстің 848-бабында көзделген талаптарға сәйкес болуы тиіс. Бұл ретте процеске қатысушылар міндетті түрде өтінішхаттарда мыналарды көрсетуі қажет: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өміріне, денсаулығына, не елдің экономикасы мен қауіпсіздігіне орны толмас ауыр зардаптар алып келуі мүмкін екендігін; қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатыны дәлелденіп көрсетілуі тиіс.
Демек, біздің елімізде құқық қорғау саласын жетілдіру жан-жақты талаптарға сай қарастырылып келеді деген сөз. Сонымен қатар аталған негіздер Әкімшілік кодекстің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес, Жоғарғы соттың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау үшін ерекше жағдайлар болып табылатындығын назарға салғымыз келеді.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»