Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспасөз мәслихатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Онда өңір басшысы биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы баяндады.
Өңір басшысының айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген және аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы тапсырмалар ойдағыдай орындалып, қарқынды ілгерілеуге қол жеткізілген. Оң динамика барлық секторларда байқалады.
«Өнеркәсіптің өсімі 4,3 пайызды құраса, биылғы қаражат көлемі 700 млрд теңгеден асады. Жетісу өңірі шырындар мен алкогольсіз сусындардың негізгі өндірушісі болып табылады, бізде жылына 1 млрд литрге дейін өнім өндіреді. Индустрияландыру картасы аясында фармацевтиканың жаңа саласы құрылғанын мақтанышпен жеткіземін. 9 фармацевтикалық зауыттың өндіріс көлемі есепті мерзімде 2 еседен астам өсіп, 13 млрд теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар «Қайрат» индустриялық аймағының инфрақұрылымын салу басталды. Өнеркәсіптік аймақтарда барлығы 17 кәсіпорын жұмыс істейді», деді Амандық Ғаббасұлы.
Әкім инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері 9 бизнес-кездесу өткенін, 7 елдің өңірлерімен, компанияларымен меморандумдар мен келісімдер жасалғанын әңгімеледі. Инвесторлар, әсіресе Қорғас-Шығыс қақпасына айтарлықтай қызығушылық танытқан. Нәтижесінде, жалпы құны 644 млрд теңге болатын 24 жоба жоспарланған екен. Жалғасып келе жатқан жұмыстардың қорытындысынан инвестициялардың өсуін аңғару қиын емес.