• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Қараша, 2017

Иордания Королінің Қазақстанға сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды

302 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Королімен өткізген кездесуін қорытындылап, Қазақстан мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің арасындағы екіжақты қарым-қатынас жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.

– Келесі жылдың ақпан айында Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасырда елдеріміздің түрлі саладағы байланыстары қарқынды дамып, тығыз әрі сенімді саяси диалог орнады. Бұл Король Абдалланың Қазақстанға деген ыстық ықыласының арқасында жүзеге асқанын ерекше атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы барлық бағыттағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенімізді айтты.

Сондай-ақ, брифинг барысында Қазақстан Президенті халықаралық саладағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.

– Көптеген халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Иордания халықаралық қоғамдастықта жоғары беделге ие болып, лайықты құрметке бөленді. Соның арқасында бұл ел Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату жолында маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, Иордания 1 миллион 300 мың сириялық босқынды қабылдап, Палестина мен Израиль арасындағы түйткілдердің бейбіт жолмен шешілуіне үлес қосқанын атап өтуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Иордания тарапына Астанада өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірді.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті Король ІІ Абдалламен өткізген екіжақты кездесудің қорытындылары туралы айтты. Оның барысында екі ел басшылары мемлекетаралық қарым-қатынастың, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

– Атап айтқанда, Сириядағы шиеленіс, Ирактағы жағдай, Қатар төңірегіндегі дағдарыс және басқа проблемалар туралы ой бөлістік. Сирия дағдарысы – қазіргі уақыттағы ең ірі шиеленістің бірі. Қазақстан бұл қақтығысты шешуге бағытталған барлық бастамаларды қолдайды. Астанадағы келіссөздер нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай азайып, жергілікті халықтың бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік туды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Иорданияның Астана процесіндегі рөлін ерекше атап өтіп, оның бақылаушы ел ретінде Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосып отырғанын айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастардың даму барысына тоқталды.

– Тасымалдау бағасы экспорт және импорт операцияларына әсер етіп отыр. Соған орай, тиімді көлік-логистика арналарын жетілдірудің маңыздылығын атап өттік. Біз Қазақстан-Түрікменстан-Иран және Әзербайжан-Грузия-Түркия бағыттары бойынша ашылған темір жолды пайдалану мүмкіндігін қарастырдық, – деді Мемлекет басшысы.Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолында бірқатар маңызды бағыттарды айқындағанын атап өтті.

– Қарым-қатынасымызды нығайту үшін ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екені айтылды. Мысалы, Қазақстан Иорданияға ауыл шаруашылығы мен мал өнімдерін жеткізсе, Иордания қыс және көктем айларында біздің елге көкөніс пен жеміс экспорттай алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Иорданияның «Хикма» компаниясы Алматы қаласында фармацевтика зауытын салуды жоспарлап отырғанын айтып, энергетика және әскери-техника саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелеріне тоқталды.

– Иорданияның баламалы энергия көздерін дамытуға мүдделі екенін ескеріп, осы салада серіктестік қарым-қатынас орнату мүмкіндігін қарастырдық. Бүгінде әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың алғышарттары бар. Осы бағыттағы өзара байланыстарды одан әрі жалғастыру арнайы үкіметаралық комиссияға жүктелді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің арнаулы қызметтері алдағы уақытта халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу мақсатында бірлесіп жұмыс атқаратынын айтты.

ІІ Абдалла қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне тағы да алғыс айтып, бүгін тапсырылған марапат барша Иордания халқының еңбегіне берілген баға екенін атап өтті.

– Бұл марапаттың атауы мен үшін өте маңызды. Өзекті халықаралық сын-қатерлерді еңсеру мәселесі бойынша Қазақстанның жаһандық ұстанымы бар. Қазақстан – жаһандық ынтымақтастықтың көшбасшысы, – деді Иордания Королі.

Иордания Королі ІІ Абдалла Қазақстанның ядролық қарусыздану мен жаһандық бейбітшілікті сақтау жолында атқарып отырған шараларына назар аударды.

Бұдан бөлек, Иордания Королі Астанада Сирия мәселесі бойынша өтіп жатқан келіссөздердің нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанның әлемдік терроризммен және діни экстремизммен күрес жүргізуге барынша күш салып отырғанын айтты.

Соңында ІІ Абдалла екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсіп, бұдан да жоғары деңгейге жететініне сенім білдірді.

Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстан Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдырының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.