• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2017

Made in:niet һәм ниетпен жасалған мәдениет

637 рет
көрсетілді

Бұл тақырыпты түрлендіру немесе сөз ойнату тәсілі емес. Тыңнан түрен салған әйдік әлеуметтік те­орияғ­а да жатпайды. Жай ғана ой түрткі. Өйткені өмірдің өзі –мәдениет. Өмір сүргенің, ойнап күлгенің, елге тараған сөзің мен жерге қараған көзің, бәрі де түп-түгел түйсіктің біз білмейтін түкпірінде жинақталатын мәдениеттілік энергиясынан тамызық алады. 

Аспандағы айдың сұлбасы жер­дегі құдықтың түбіндегі судан да кө­рінетіні тәрізді адам баласы арғы дү­ниеде жәннатқа жайғасу үшін иманның байлығын, бұл дүниеде кісілік келбетін сомдау үшін мәде­ни­еттілік энергиясын бойына сіңіреді. Ізгі­лікті іздейтін осы екі қасиет те түптеп келгенде ниетке ке­ліп түйі­седі. Сондықтан шариғатта «ни­ет – парыздың алдындағы парыз» де­ген қағида бар. Яғни не жасасаң да ықыласпен, ынтамен, ыждағатпен жа­саған дүниеңнің ұлағатты қайыры, ұлы мәдениеті қалыптасары хақ.

Ал енді осы рухани өлшемді өзіміз­ше ниет+мәдениет формула­сына салып, есептеп көрейікші. Өйткені мәдениет қиялдың қиянынан бұлдырап көрінетін абстракция емес, ол өмірдің өзінен орнықты орнын табатын нақты іс, яки форма. Мәселен, Астананы алайық. Елбасының егемен­дік­тің елең-алаңында елорданы салу ниеті келе-келе елімізде өркениет талаптарына сай келетін қала тұрғызу мәдениетіне ұласты. Баз біреулердің ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген бұл қазақтың бойында қалалық мәдениет жоқ деген мысық тілеу пи­ғы­лының мұрты шабылды. Қазір қа­зақ­тың қай баласын да әлемнің ең сәу­летті деген қалаларына апарсаңыз таң қалдыра алмайсыз. Себебі ХХІ ғасырдың қаласы қандай болуы керек екенін ол өз елінен көріп, заманауи көрікке көзін суарып алған. Сөйтіп Астана ниетпен жасалған мәдениетке айналды.

Осы ойды сабақтастыра отырып, алысқа бармай-ақ биыл өткен тарихи шара ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін де тақырыпқа орайластырып көрсек. Шынайы ниеттің арқасында әлемнің 161 елінің ішінен айтулы шараны өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Көрме өткізілген үш айда айшықты Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен мил­лиондаған туристер ағылды. Бұрын-соңды Қазақстан жайлы ақ­парат­ты интернеттен ғана білетін шетелдіктер мәуелі мәдениетімізді көзімен көріп, тамырлы тарихымызға қанықты. Елордада ұрпақтан-ұрпақ­қа мирас болып қалатын еңселі ғи­мараттар бой көтерді. Жас ұрпақ жаң­ғыр­малы энергияның жүздеген жобаларымен танысты. 

Келесі ойды кестелеп көрейік. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кет­пес» деген сөз бар. Талай уақыт сан­дықтың түбінде жатқан зерлі шапан­ды сыртқа шығарып, қағып-сілкіп, бір уақ далаға жайып алсаңыз, көнетоз деген киіміңіз қарға аунаған түлкідей қайта жайнап шығатыны анық. Сол сияқты жүректің түбінде, сананың шалғай сарайында жатқан салт-дәстүр қазынасын, қазіргі тіл­мен айтқанда рухани кодты қайта жаң­ғырту ниеті бойыңызға ерекше мә­дениеттілік энергиясын дарытады. Мемлекет басшысының халықтың рухани жаңғыруына деген ықыласын халық бірден құптап, құштарлық танытты. Соның арқасында аз уақытта елімізде сан жылғадан жиналған салалы өзендей рухани мәдениеттің салтанат құруына жол ашты. Салалы өзендей деп отырғанымыз, ізгі ниет арқылы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары жүйеленіп, ұлттық жазу мәдениетінің жарқын болашағы қалануда, ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болу жолында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асырудамыз.

Күнделікті әлеуметтік ахуалмен таразылап көрсек, табиғи қазба бай­лық­та­ры жеткілікті саналатын елімізде жұ­рт­шылықтың айдың күннің аманын­да, жанармай мен көмірдің тап­шылығына тап болып, олардың бағасының шарықтап кетуі, аста-төк астықтың қамбаларға жетпей, далада қалуы сияқты әрекеттердің салдарына қандай атау бермекпіз? 

Бұл мысалдардан шығатын қоры­тынды, мемлекетті де, жеке тұлғаны да мағыналы мақсаттарға бағыттайтын да істің нәтижесін белгілеп беретін де – ниет. Әлеуметтанушылар бүгін­де ниет+мәдениет ережесін елеу­лі мақсатқа қол жеткізудің озық тәжі­ри­бесі, тұтастай жүйесі (культура на­­мерения) ретінде қалыптастыруда. Ни­ет­тенуді өмірлік маңызды да­ғ­ды­ларға бағыттайтын сиқырлы тая­қ­­шаға балап, ойға алған арман-мақ­сат­тың жылдам әрі нәтижелі орындау өнері ретінде бағалауда. Ендеше ниетіңіз мәдениетіңізге қызмет етсін!

Қуат БОРАШ, «Егемен Қазақстан»