• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2017

«Астана» тағы да «Маккабиден» басым түсті

268 рет
көрсетілді

УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-тур аясында «Маккаби» мен «Астана» командалары арасындағы матч аяқталды. 

Бірден айтайық, бұл кеште осыдан екі апта бұрын «Астана Аренада» ойсырай жеңілген «Маккабидің» бірде-бір нышаны жоқ. Керісінше, ә дегеннен-ақ алаң иелерінің басымдықтары анық байқалып тұрды. Тіпті, есепті бірінші болып ашып, жанкүйерлерін бір қуантып тастады. 

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелерінің басымдығы байқалып тұр. Тіпті, есепті бірінші болып аша жаздады. Ойынның 3-минутында Видар Киартансон алаңның орта тұсынан қақпаға қарай тепкенімен, бұл жерде Ненад Эрич тосқауыл қоя білді. Ал бұрыштамадан берілген допты әдемі қабылдаған Жан-Сильвен Бабеннің жолы болмады. Абырой болғанда ол қақпадан биік тепті. 

Бұл матчта осыдан бірер күн бұрын «Астана» – «Қайрат» арасындағы ойында жарақат алған Юрий Логвиненконың жоқтығы білініп-ақ тұрды. Өйткені, «Маккабидің» шабуылы көбіне алаңның орта тұсынан жасалды. Әйткенмен, біздің жігіттер де қарап қалмай, шама-шарқы келгенде шабуыл бастап көргісі келіп-ақ жүрді. Бірақ, оған алаң иелері мүмкіндік бермеді. Үзілісте тактиканы өзгертпесе израильдіктер көздеген мақсатына қол жеткізетінін білген С.Стойлов екінші таймда мүлдем басқа ойыншыларды алып шыққандай.

Үзілістен кейін жерлестеріміздің ойыны 180 градусқа өзгеріп шыға келді. Уақыт ұзаған сайын С.Стойлов шәкірттері екінші кезеңде Райкович қорғаған қақпа жаққа қысымды күшейте түсті. Соның нәтижесінде Кездесудің 57-минутында Абзал Бейсебековтың оң қапталдан берген пасын әдемі пайдаланған Патрик Твумаси еш қиналмастан қақпаға дарыта алды. Жарайсың, Гананың қара домалақ баласы. 

Осы голдан кейін Йорди Кройф екі ойыншысын, сәл уақыт өте келе тағы бір футболшысын алмастырып, тактикаға өзгеріс жасағысы келгені анық еді. Алайда, ол жоспары орындалмады. «Астана» соғылған голдан кейін ара-тұра шабуыл жасағанымен, көбіне қорғанысқа жатып алып, қақпаларын күзетумен болды. Ең бастысы, «Астана» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жеңіс құтты болсын, ағайын!

Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан» – Натаниядан (Израиль)