Бүгін Түркі Академиясы халықаралық ұйымы Астана қаласында бауырлас татар халқының көрнекті қайраткері Әбірашит Ибраһимге арналған "Түркі әлемінде тұлғалар тағылымы-1: Әбдірашит Ибраһим" атты ғылыми семинар өткізді.
Белгілі қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары, ғалым-түркологтар мен ізденушілер қатысқан алқалы шараны Академия басшысы Дархан Қыдырәлі ашып берді.
Түркі жұртының тегеурінді тұлғасы Ә. Ибраһимнің туғанына 160 жыл толуына орайластырып отырған шарада Жапонияның белгілі ғалымы, білікті түркітанушы Хасио Коматсу түрік тілінде дәріс оқыды.
Тара қаласында туып, орта мектепті аяқтағаннан кейін Қазақстанның медреселерінде, Мәдина қаласында білім алған Әбдірашит Ибраһим Түркияда, Ресейде, Жапонияда ислам ілімін кеңінен насихаттаған. Өз өмірінде бірнеше рет Жапонияға келген ғалым 1938 жылы Күншығыс еліне қайта оралып, өмірінің соңына дейін сонда тұрған. Жапон үкіметінің ресми ислам ұйымының өкілі және Токио мешітінің имамы болып қызмет істеген. Әбдірашит Ибраһимнің өмір жолын кеңінен айтып берген, Академияның шақыруымен Күншығыс елінен арнайы келген Коматсу мырза қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға да жауап берді.
Семинар соңында Дархан Қыдырәлі жапон ғалымына мазмұнды баяндамасы үшін алғыс айтып, «Түркологияны зерттеуге қосқан үлесі үшін» Түркі Академиясының Құрмет грамотасын табыс етті.
«Түркі әлеміне еңбегі сіңген қайраткер тұлғалардың ғұмырынан тағылым алу үшін бұндай семинарларды жүйелі түрде жүргізіп отырамыз. Тарихқа көз салып, түркі дүниесінің тұлғаларын зерттегенде біз бауырлас халықтардың бірлігін көреміз. Әлемнің қай тарабында жүрсе де түркі жұртының көркеюін көксеген тұлғалар тағылымы бүгін бізге – үлгі, өнеге. Біз бабалар салған даңғыл жолды жалғастыруға міндеттіміз», деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кету керек, елдің алтын діңгегі болған және түркі дүниесінің мақтаныштарына айналған зиялыларды дәріптеу мақсатында «Түркі әлемінде тұлғалар тағылымы» тақырыбында семинарлар сериясын Академия Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырып отырмақ.
Бағашар Тұрсынбайұлы,
"Егемен Қазақстан"
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров