• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2017

Жаңаөзенде «Бизнес капитал» жобасының тұсауы кесілді

304 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орта және шағын бизнесті қолдауға әрі дамыту үшін бүгін «Бизнес капитал» жобасының тұсауы кесіліп, үшжақты меморандумға қол қойылды.

Кәсіпкерлер қауымы бұл жоба өңірде ғана емес, ел ішінде тұңғыш рет іске асырылып отырғанын айтады. Сондықтан оны жыл жаңалығына балап, барлығы жылы қабылдауда. Бағдарламаны қаржыландыру «Даму» Қорының және «Өзенмұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдалану келісім-шарты аясында жергілікті атқарушы органға беретін қаражаттары есебінен жүзеге асырылатын болады. Қаржыландыру көлемі: бағдарлама бойынша жалпы сомасы – 1 млд. 50 млн. тенгені, оның ішінде: «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 350 млн. теңге, «Даму» Қорының қаржысы - 700 млн. теңге.

-Орта және шағын бизнеспен айналысамын деген әрбір азаматқа толықтай мүмкіндік жасалынып отыр. Үш жақтың қатысуы арқылы жүзеге асатын бағдарламаны бастауға әзірміз. «Өзенмұнайгаздан» алынатын ақшаның 350 млн. теңгесін «Даму» қорына қайтарымды негіздегі несие ретінде беріледі. Өз кезегінде «Даму» қоры екі еседен көп қаражат бөледі. Нәтижесінде барлығы 1 млд. 50 млн. тенгені жергілікті кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға жұмсаймыз. Қысқасы, бұл жерде ешқандай жергілікті бюджеттің қаражаты жұмсалмайды», деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ ол, Жаңаөзен қаласы моноқала болғандықтан, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жаңа нысандарды ашуды қаржыландыру арқылы, қала экономикасын әртараптандыру қажет.

Жаңаөзен арқылы облыстың түрлі көрікті жерлеріне апаратын туристік бағыттар өтеді («Кендірлі» демалыс аймағы, табиғи көрікті жерлер, діни ғибадат орындары), соған байланысты сервисті жетілдіру және жаңа қызмет көрсету нысандарын құру қажет. Бағдарламаның жүзеге асыру қажеттілігі де осы екенін ерекше атап өтті. «Даму» қорының МОФ директоры Берік Нұрғалиев: - Бағдарламаның негізгі талаптарының бірі, тек қана жаңа тұрақты жұмыс орындарын құратын инвестициалық мақсаттаға жобалар қаржыландырылатын болады.

Ең маңыздысы қаражат «Өзенмұнайгаздан» «Даму» қорына тікелей аударылады. Сол себепті несие бойынша пайыздық мөлшерлеме «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында субсидияланатын болады. Егер соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі – 11 пайыз болса, оның 10 пайызы субсидияланатын болса, ал қалған 1 пайызын ғана кәсіпкер төлейді. Сонымен қатар, егер қарыз алушының кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Даму» Қорының кепілдемесі берілетін болады, - деді. Шағын және орта кә¬сіпкерлік ел экономикасының негізгі тіре¬гі екенін ескерсек, алып өндірістің де, шағын өндірістің де жұмысын алға жетелейтін ең тиімді жол – билік пен бизнестің арасындағы арақатынастың үзілмеуінде жатыр.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы