Облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 5 қараша күні сағат 7.55-те Исатай ауданы Жанбай селосының аумағында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жүргізген рейд кезінде заңсыз балық аулаушыларды ұстады. Жанбай селосының аумағында жергілікті төрт тұрғын мінген браконьерлік қайық тоқтатылған. Олардан 304 дана бекіре тұқымдас балық тəркіленді.
-Заңсыз ауланған балықтардың жалпы салмағы 1 тонна 89 кг. Ұсталған төрт браконьер де Жанбай ауылының тұрғындары. Үшеуінің жасы 26-да, біреуі 24-те. Олар Дамба поселкесіндегі инспекция бөліміне жеткізілді. Қуаты 200 ат күшіне тең жүзу құралы "Арнаулыавтобаза" ЖШС-нің аумағына əкелінді,-дейді облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов.
Каспий теңізіне жақын орналасқан Жанбай ауылы бұрыннан браконьерлер мекені ретінде белгілі. Жыл санап азайып бара жатқан су маржандарын сақтап қалу мақсатында жергілікті атқарушы билік ауыл тұрғындарына арнап бос жұмыс орындары жəрмеңкелерін де өткізген. Жұмыссыздықпен күрес шаралары жүргізілгенмен, айдынға қарап алаңдайтындар қатары əлі азаяр емес.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау.