79 жыл бұрын өмірден озған Ататүрікті еске алу мақсатымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы 10 қарашада «Ататүрік фотокөрмесі» атты шараны Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізеді, деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.
Көрмеге қойылатын фотолар Ататүрік өзі негізін қалап кеткен үлкен екі ұйымның бірі «Түрік тарих ұйымының» архивінен алынды. Астаналықтар мен қала қонақтарына көрмеде тарихи маңызы зор 40 фото ұсынылады. Осы фотолардың арасында Қазақстандықтар бұрын –соңды көрмеген көптеген суреттер бар.
Көрменің ашылу салтанатында Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык мырза, Парламенттен өкілдер, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының м.а Алмагүл Исина сөз сөйлейді. Танымал айтыс ақыны Әсем Жұмағазина бауырлас түрік халқының көсеміне арнаған өлеңін домбырада орындайды. Юнус Эмре орталығында түрікше үйренушілер Ататүрік туралы қазақша және түрікше өлеңдер оқыса, Альбина Әбенова Ататүріктің қарындашпен салған портретін құрметті қонақтарға сыйлайды.