• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қараша, 2017

Мақсат – киелі өнерді биіктету

619 рет
көрсетілді

Жазқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыка­лы-драма театрында 8-12 қараша аралығында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев атындС.Қожамқұловағы І аймақтық театрлар фестивалі өтеді деп күтілуде. Осы шараға орай театр басшысы Еркебұлан Жұмакеновті әңгімеге тартқан едік.

– Еркебұлан Қайроллаұлы, әуелі Жезқазған театрының құрылу тарихы туралы айтып берсеңіз.

– Театр Арқалық қаласын­да 1972 жылы белгілі қоғам қай­рат­кері Өзбекәлі Жәні­беков­тің ті­келей басшылығымен құрыл­ған болатын. Сол жылы 24 жел­тоқ­санда Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедия­сы көрерменмен қауышты. Жаңа театрдың іргетасын қалау­шы­лар негізінен М.Щеп­кин атын­дағы Мәскеу Жоға­ры теа­тр учи­лищесінің түлек­тері еді. 1978 жылы театр Н.Остров­ский­дің атақты шығар­масы бо­йын­ша қойылған «Құрыш қалай шынықты?» спектаклі үшін Қазақстан жастар одағы сый­лығының лауреаты атанды. Өнер ордасына 1981 жылы ұлт­тық кәсіби театр өнерінің негі­зін салушылардың бірі, Со­циа­листік Еңбек Ері, Қазақ­станның халық әртісі Серке Қожамқұловтың есімі берілді. Ұлы актердің есімімен аталатын театрдың құрылғанына биыл 45 жыл толып отыр.

Торғай облысының жабы­луы­на байланысты 1988 жылы Жез­қазған қаласына қоныс аудар­ған өнер ошағы еліміздің мә­де­ни-рухани өркендеуіне ай­тар­­лық­­тай үлес қосып келеді. Осы жыл­дар ішінде үш дүркін рес­пуб­­ликалық, І аймақтық театрлар фестивальдерінің бас жүл­десін иеленді. Талантты актер­лер­дің бір тобы халық­ара­лық, рес­пуб­лика­лық, аймақтық аламан бәй­ге­лер­дің түрлі аталымдар бойынша жүлдегерлері атанды.

Өзінің 45 жылдық тарихында республикамыздың барлық өңір­лерінде өнер көрсеткен ұжым­ның репертуарында әлем классикасы мен аудармалардан, төл әдебиетіміз бойынша сах­наланған елуден астам қойы­лым бар.

Бүгінгі таңда театрда Қазақ­стан­ның халық әртісі, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері Д.Жанботаев, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі С.Бұлғақбаев, «Құрмет» ор­дені­нің иегері Р.Ибраева, мәде­ниет қайраткерлері мен мәде­ниет саласының үздіктері С.Нұр­ғалиева, З.Абдрасилова, Ә.Шо­манұлы, Б.Ибраев, Е.Бәйдешев, В.Попов, Ш.Ұзақов, Г.Исинеева, Т.Мұстафинов, Д.Кенжеев, С.Бегайдарова, Ж.Бірмұханов, Н.Сембаев есімдері ерекше құрметке ие...

– Өнер ошағының мерей­тойын сирек талант иесі, ре­жиссер Жанат Хаджиев есімі­мен сабақтастыра өткізу идея­сы қалай туды?

– Себебі Жанат Әубәкірұлы Серке театрының іргетасын қа­лау­шылардың бірі болып табылады. Театрдағы еңбек жолын актерліктен бастаған ол М.Әуезовтің «Айман – Шол­па­нында» – Арыстан, Ә.Тарази­дің «Күлмейтін комедиясында» – Сәнжан, М.Кәрімнің «Ай тұтыл­ған түнінде» – Дәруіш, Ш.Айт­матовтың «Арманым – Әселі­мінде» – Ілияс бейне­лерін және т.б. тамаша рөлдерді сомдады.

Өзін режиссерлік бағытта сынап көруді мақсат тұтқан сахна саңлағы Алматы мемле­кет­тік театр-көркемсурет инс­ти­тутының режиссерлік факуль­тетіне түсіп, 1980 жылы біті­ріп шықты. 1982 жылы туған театрына қайта оралды. Бас режиссер, көркемдік жетекші ретінде Серке театрының шы­ғар­машылық биік белестерге көтерілуіне бүкіл күш-жігерін жұмсады. М.Әуезовтің «Қараш – Қараш», «Қарагөз», «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым», Ә.Таразидің «Қыз махаббаты», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Кәрімнің «Тас­тама отты, Прометей», «Ай тұ­тылған түн» шы­ғарма­лары негізінде сахналаған т.б. дүние­лері режиссерлік тың шешім­дерімен, ерекше тұжы­рым­да­­ма­сымен жаңалыққа толы бол­ды. Соның нәтижесінде туын­­ды­лар республикалық өнер бәйге­лерінде театр тарихындағы жаңа леп ретінде танылып, бас жүл­­делерге ие болды.

– Фестивальдің мақсаты туралы не айтасыз?

– С.Қожамқұлов театры фес­­ти­вальді өткізу арқылы театр атты киелі өнерді биік­тетуді, ерекше дарын иесі Ж.Хаджиевтің есімін ұлықтау­ды, оның театр өнеріне сіңір­ген еңбегін насихаттау­ды, кейінгілерге үлгі етуді мақ­сат етеді. Сонау 90-шы жылда­ры елімізде орын алған қиын­шы­лықтарға қарамастан, мұн­да қатарынан үш мәрте респуб­ликалық театр фестивалі өтті. Осы жақсы үрдісті қай­та­дан жаңғыртқымыз келді. Сол арқылы өнердегі жаңа есім­дерді анықтап, театрлардың бір-бірімен шығармашылық бай­ланыстарын жақсартсақ, әр өнер ордасының өсіп-өркендеу ба­ғы­тындағы мүмкіндіктерін бай­қап, өнерліге кең өріс ашсақ дейміз.

– Өнер додасына қанша театр қатыспақ?

– Фестивальге Қарағанды об­лы­сындағы С.Сейфуллин теа­тры, К.Станиславский атын­дағы орыс драма театры, об­лыс­­тық музыкалық-коме­дия театр­ларымен қатар, Аста­на­­дағы Қ.Қуанышбаев атын­да­ғы қазақ музыкалы-драма театры, Павлодардың Ж.Ай­мауытов атындағы қазақ драма театры, сондай-ақ Жанат Әу­бә­кірұлы еңбек жолын жал­ғас­тыр­ған Алматыдағы Ғ.Мүсі­репов атын­дағы балалар мен жас­өс­пірімдер театры, Ар­қа­лық қала­сы­ның Балалар мен жасөс­пірім­дер теа­тры қатысқалы отыр.

Фестивальге Қазақстанның Еңбек Ері А.Әшімов, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері, Астана Жастар театрының көр­­кем­дік жетекшісі әрі бас режиссері Н.Жақыпбай, өнер­тану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы өнер ака­демиясының доцен­ті М.Жақ­сылықова, С.Қожам­құловтың қызы Мәриям Серәлі­қызы, щепкиндік түлектер М.Ма­напов, Т.Құралиев, Ж.Әбіл­таев, А.Ахметқалиева мен С.Қа­ра­балин және басқа да құр­метті қонақтар келеді деп күтілуде.

Үмітай МОЛДАБЕРГЕН