Қарағандыда Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында үш күн бойы шапшаң шахмат пен блицтен еліміздің ерлер мен әйелдер арасындағы командалық біріншілігі өтті.
Жарыстың соңғы күні ойынға сәл кешігіп келсем, институтта оқып жүрген кезден бір құрамада ойнап, «қанды көйлек» жолдас болып кеткен әріптесім, ардагер шахматшы Геннадий Пак досым басын шайқап: «Көріп жүрсің ғой, қалай ойнайды, ә!», деп астаналық жас шахматшы Қалибек Нөгербек ойнаған тақтаның қасынан шықпай қойды.
Қалибектің есіміне мен жақсы қанықпын. Өткен жазда елордада өткен «Аstana Оpen-2017» халықаралық шахмат фестиваліне қатысқанымызда, оның талай жас ойыншылардың арасынан ересектерге тән ойын өрнегін көрсеткендігінің куәсі болғанбыз. «Осы баладан түбі бірдеме шығады!», деген болатынмын серіктеріме.
Бұл ерлер арасындағы біріншіліктің 7-туры болатын. Қалибек бес рет жеңіп, бір рет тең түскен екен. Сөйтіп 5,5 ұпаймен жеке дара көш бастап келеді. Алдында біз «рапид» (15 минут және әр жүріске 10 секунд қосылады) деп атайтын бәсекеде жүлдеден тыс қалған. Есесін блицте қайтаруға бекінгені көрініп тұр. Блицте (5 минут және әр жүрістен кейін 10 секунд қосылады) жағдай басқаша. Мұнда шапшаңдықпен қатар алғырлық керек, яғни тақтада қалыптасқан жағдайды тез бағалай біліп, бес-алты жүрісті алдын ала ойластырып қойған жөн.
Осы турда ол турнирде бар қырынан жарқырай көрінген тағы бір жас талант – павлодарлық Денис Махневпен кездесті. Ақпен ойнады. Бірақ бірінші жүрістің артықшылығын пайдаланам деп өрекпіген жоқ. Денис оңай шағылатын жаңғақ емес: рапидте 1-орын, командалық сайыста өз тақтасында 2-орын алған. Бірте-бірте фигуралар айырбасталып, екеуі әр түсті бір-бір пілмен қалған. Бұл тең ойынның белгісі. Келесі ойында жерлесі, қарағандылық студент Еркін Қозғанбаевпен табан тіресті. Оның өзінен тәжірибесі мол. Соған қарамастан, қарамен ойнай отырып, цейтнот (уақыт тапшылығы) тақалған сәтте жарқ етіп шабуылға шықты да қарсыласынан айласын асырып кетті.
Енді ақырғы турда тең түссе де болады. Бірақ комьютерлік жеребе қостанайлық шахматшы, бірнеше дүркін республика чемпионы, гроссмейстер Петр Костенкоға тағы да ақ түсті бұйыртыпты. Фигуралар азайған тұста бір-бір ладьядан қалды, бірақ тәжірибелі қарсыласы екі пешка ұтып шықты. Қалибек жастар онша мән бере бермейтін ладьялық эндшпильді тәп-тәуір меңгерген екен. Королін алға шығарып, мат қатерін төндірді де бір пешканы қайтарды, біраздан кейін екіншісі де қолға түсті.
Сөйтіп таразы басын теңестіріп кетті. Жеңіске пара-пар тең ойын. Енді оны ешкім қуып жете алмайтын еді. Денис болса бұл жолы үшінші орын алып, медальдардан толық жиынтық жасады. Екінші орынға тағы бір павлодарлық Жандос Ағманов көтерілді. Шапшаң шахматтан жүлдеге ие болғандар ақтөбеліктер Арыстанбек Оразаев пен Илья Моисеенко.
Әйелдер арасында да жастардың мерейі үстем болды. Шапшаң шахматтан көкшетаулық Диляра Ишмухамбетова, блицтен ақтөбелік Гулия Демеуова жеңіске жетті. Жүлдеге ие болғандар, тиісінше шапшаң шахматтан Ксения Балабаева (Алматы) мен Елена Анкудинова (Павлодар) және блицтен Әсел Лесбекова (Астана) мен Татьяна Верко (Қостанай). Ал командалық жарыста ақтөбеліктер озып шықты, келесі жүлделі орындар павлодарлықтар мен астаналықтардың үлесіне тиді.
Бұл жолы, осы жарысты алғаш ұйымдастырушы қарағандылықтар барлық санаттарда жүлделерден құр алақан қалды. Еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллинді еске алуға арналған турнир Қарағандыда 2005 жылы басталған еді, екі жылдан кейін командалық мәртебе алды, ал енді екі жылдан кейін ресми түрде шапшаң шахматтан еліміздің чемпонаты атанды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, кубоктар мен грамоталар табыс етілді.
Көңілге кірбең түсіретін сәттер де болды. Жоғарыда атағанымыздай, бұл турнир қазақтың біртуар азаматы С.Сейфуллиннің мемориалы болуға тиіс еді. Бірақ Қазақсан Шахмат федерациясы өткізген жарыстың ресми афишасынан жазушы атын көре алмадық, оның есімі турнирдің ашылу және жабылу рәсімдерінде аталмады да.
Тағы бір атап өтерлік жайт, турнир жанкүйерсіз, жым-жырт күйде өтті. Үш-төрт тележурналист, шахмат жанашыры Гена досымнан, тағы бір-екі ата-анадан басқа ешкімді көре алмадық. Жарнама болған жоқ. Мүмкін осы кезде қалада ардагерлер арасында өткен жарыс та әсер еткен шығар. Алдағы уақытта спорт түрлерін дамытамыз деп жүрген қала, облыс атқамінерлері турнир кестелерін үйлестіріп, жарысты көрнекті түрде өткізсін деген тілек білдіреміз. Шахмат – футбол емес. Бірақ оның да өз жанкүйерлері, әуесқойлары бар.
Шахмат – миллиондардың, бұқараның ойыны. Қарағандыдан мұны байқай алмадық.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист, шахматтан спорт шеберлігіне кандидат
ҚАРАҒАНДЫ