Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Халық Скупщинасының Төрағасы Майя Гойковичпен келіссөз жүргізді.
Тараптар екіжақты негіздегі және халықаралық ұйымдардағы парламентаралық байланыстарды, саясат, сауда-экономикалық, көлік және индустрия-инновация саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қ.Тоқаев Қазақстан мен Сербияның арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы Мемлекет басшыларының кездесулері мен келіссөздерінің шешуші маңызын атап өтті.
Жүздесушілер екіжақты кешенді байланыстарды нығайту үшін парламентаралық өзара іс-қимылдың ерекше маңызына қатысты ортақ пікірге келді. Депутаттық достық топтарының желісі бойынша парламентаралық байланыстарды өрістету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қ.Тоқаев Астанаға алғаш рет қадам басқан М.Гойковичті Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге асқан экономикалық және саяси реформалардың барысы туралы хабардар етті. «Реформалар – біздің Президент Н.Назарбаевтың берік ұстанымы, ол іс жүзінде әлемдік ауқымдағы көрнекті реформатор болып саналады», деді Сенат Төрағасы.
Еліміздің инвестициялық заңнамасы және экономикалық жоспарларымен жүздесушіні таныстыра келіп, Қ.Тоқаев сербтің бизнес өкілдерін Қазақстандағы жобалар бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сенат басшысының пікірінше, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық екі жақтың да ықыласын туғызатын болады.
Тараптар талқыланған мәселелер бойынша көзқарастардың ұқсастығына тоқтала келіп, халықаралық салада бір-біріне қолдау білдіруді жалғастыру жайында айтты.