Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова «Егемен Қазақстанға» арнайы сұхбат берді.
– Жәния Яхияқызы, білуімізше, сіз жақында Еуропаға турне жасап қайттыңыз. Бірнеше жыл бұрын студенттеріңізбен Берлиндегі Концерт-хауст, әйгілі Карнеги-Холл мен Кеннеди-орталық секілді әлемнің ең белгілі сахналарында өнер көрсетіп қайтқан едіңіздер. Бірнеше елді қамтыған биылғы сапар сырын білсек бола ма?
– Сіз атаған залдарды 2009 жылы бағындырып қойғанымыз рас. Содан бері біздің ұжымымыз үлкен шоу-бағдарламамен Қазақстанның барлық аймағын, Астана мен Алматыны айтпағанда, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея, Швейцария, Қытайда жыл сайын өнер көрсетіп келеді. Мысалы, биыл ЭКСПО қонақтарының алдында концерт берсек, дәл қазір консерваторияның Хоры Мажарстанға гастрольге дайындалып жатыр. Дәстүрлі музыканттар құрамы осы қараша айында Макаодағы Халықаралық фестивальға жол тартады, ал жас педагогтар мен студенттердің шығармашылық тобы Үндістандағы Қазақстан елшілігінің шақыруымен Делиге концерт қоюға аттанады. Біздің консерваториядағы жұмысымыз күн сайын осылай буырқанып жүріп жатады.
Ал турнеге келсек, биылғы жыл мен үшін қатардағы көп жылдың бірі емес, шығармашылық қызметімнің мерейлі жылы. «Қалай атап өтсем болады?» деп көп ойландым. Өйткені өткен-кеткенге бажайлап қарасам, өмірде біріне-бірі кереғар, ортақ байланысы аз әртүрлі іспен көп айналысуыма тура келіпті. Консерваторияның күнделікті тірлігі, әр түрлі жобалармен шұғылдану, көптеген халықаралық байқаулар, ректорлық қызметімнің әкімшілік ауқымды қыры – ұзақ жылдардан бері екпінмен жасап келе жатқан дағдылы шаруадан бөлек жеке шығармашылығым үшін маңызды, басқаша бір нәрсе жасағым келді. Жеке концертімді өткізгеннен бері де бес жыл уақыт өтіп кетіпті, ал осынша уақыт әртүрлі оркестрмен, камералық музыкамен түрлі концерттерде ғана өнер көрсетіппін.
Осылайша, шығармашылығым тағы бір асуға көтерілген атаулы жылы мен ең басты мамандығымды – концерттік пианистка екенімді есіме алып, өзіме, өнеріме оралуды жөн көрдім. Қазақстанда, Еуропада, Азияда, Үндістанда бірнеше концерт беру туралы идеям жартылай болса да орындалды, қалған бөлігін, бұйырса, осы күзде жалғастырамын деп отырмын. Осы уақыт аралығында мен еліміздің барлық қалаларының концерттік залдарында тұрған, қақпағын ашса, сыңғырлаған саз төгіліп сала беретін ғажайып рояльдарында ойнап, өнерімді қадір тұтқан көрерменнің қошеметі мен ықыласына бөлендім. Еуропаның бұрын табаным тиіп көрмеген қалаларында болып, музыканың қасиетін сезетін ғажап көрермендерді кездестірдім. Алған әсерім тілмен айтып жеткізгісіз.
– Кәсіби пианист қана емессіз, педагогсыз, әкімшілік-басқару қызметіңіз тағы бар. Сіз басқаратын консерваторияда қазақ өнерінің дүлдүлдері, халық әртістері жұмыс істейді, тіпті шәкірттеріңіздің ішінде де халықаралық конкурстардан жүлде алып, өзін жұлдыз сезініп үлгергендері бар. Кілең атақтыларды басқару, олармен жұмыс істеу де бір өнер болар?
– Әрине, жұлдыздармен жұмыс істеу жеңіл деп айта алмаймын. Расында да, олардың көпшілігі еліміздің өнер кеңістігі мен музыканттар әлемінде толықтай мойындалған мықтылар. Олардың өнері халықтың игілігі болып есептеледі, сондықтан қоғам алдында жинаған азды-көпті абыройын төмендетпей, өкпелетіп алмай, жұмыс талап ету үшін үлкен өмірлік тәжірибе ғана емес, өнегелі адами қасиеттер мен сыпайы мінезбен үйлесім тапқан үлкен мәдениет керек. Бәріне белгілі, шығармашылық адамдары лауазымның салмағы мен беделін мойындай бермейді, олар үшін музыканттың кәсіби беделі анағұрлым маңызды. Менің басқаруымдағы жылдарда қандай да бір қоғам назарын аударған қарама-қайшылықтар немесе келіспеушілік болған емес, тіпті ұжым ішінде көзқарас қайшылығы, түсінбестік туа қалса, оның өзі өте сирек орын алған екен. Дәл осы сыйластық пен өзара демеу, қолдау үшін ұжымыма рахмет айтамын.
– Сіз Қазақстанның классикалық музыка мектебіне көптеген жаңа әлемдік бағыттар, соны стиль алып келген адамсыз. Ал өзіңіз шетел сахнасына шыққанда, олар да сізден өзгеше, жаңа нәрсе күте ме?
– Классикалық музыканы сүйетіндер, бұл жағынан өте консервативті болып келеді, ал екінші жағынан, әрине, белгілі шығармалардың жаңаша орындалғанын күтіп отырады. Тәжірибелі музыканттар өз шығармашылығында дәстүрдің қалың-қалың қатпарларын біріктіре отырып, әлемдік шедеврлерді орындауда өзіндік қолтаңба іздейді.
– Сіз «кез келген саладағы классика тек қана биік деңгейде орындалуымен құнды, онда орта деңгей деген болмауы керек» дегенді жиі айтады екенсіз. Теледидардағы концерттеріңізден байқайтынымыз, залда жүз пайыз классиканың табынушылары отырғанына сенімді адамдай шабыттанып ойнап жатасыз. Бірақ музыкаңызды түсінбейтіндермен бетпе-бет келгенде, қандай ойда боласыз және айналаңызда ондай адамдар көп пе?
– Мен үшін музыкант ретіндегі қызметімнің маңызды бір саласы «ағартушылық» екенін сәт сайын қайталап отырамын. Концерттерімде мен ойнайтын музыка адамдардың бәріне түсінікті болса екен деген ниетпен әр шығарманы орындау алдында қысқаша тарихына тоқталып, ауызша әңгімелеп беремін.
Бұл шығарманың қалай туғанын, оның не айтқысы келетінін, нәзік қырларын түсіндіремін. Бірақ, әттең, бұл үнемі рояльда ойнап жүрген практик-пианистің әңгімесі ғана ғой... Әрине, тыңдаушыларымның менен өздеріне қызықты шығарманың сырын, музыка әлеміне сүңгітіп, еріксіз жетелеп әкететін нақтылы бір мысалдарды естігісі келетінін түсінемін. Бұл тәсіл мені аудиториямен жақындатып қана қоймай, шығарманы өзімнің де тереңірек түсінуім үшін жақсырақ ойнауға көмектесетін ғаламат жол екенін енді ғана сезініп жүрмін. Мысалы, мен Еуропа аудиториясында өнер көрсетсем, ол жердегі көрерменнің алдында кіріспе сөз айтудың қажеті жоқ.
Ал Қазақстан залдарындағы ахуал өзгешелеу. Сахнаға шыққанда екіге жарылатын сияқтымын. Бірақ қандай сахнаға шықсаң да талап ортақ – музыка адамдардың бәріне түсінікті болуы керек. Бәлкім, сен орындаған музыка әдемі болуы мүмкін, бірақ ол түсініксіз болса, көңілсіз әсер қалдырады. Кейде былай да болады: сен әлдебір атақты композитордың салмақты шығармасын жаныңды салып ойнап жатасың. Өзіңше кәсіби тұрғыда, дұрыс, керемет, сапалы орындап жатырмын деп ойлайсың, бірақ неге екені белгісіз, көрермен есінеп, зеріккен сыңай танытып, өте самарқау қабылдайды. Ал сен болсаң, бұл жабырқаңқы сәтті залда отырған көрерменге қарағанда өткірлеу және ауырлау сезінесің. Дегенмен мен концерттеріме келетін тыңдарманның талғамының биік екеніне сенемін, сол себепті шығарманың ішіне жасырылған бүкіл сұлулықты аудиторияның қабылдамағанымен келіскім келмейді.
– Фортепианоның құпиясын толықтай аштым деп ойлайсыз ба?
– Бұлай деп тоқмейілсіп сөйлеуге бірде-бір музыканттың жүрегі дауалай қоймас, тіпті олай деуге хақысы жоқ деп ойлаймын. Кең залдың ішін күңгірлетіп ұлы шығармаларды ойнап жатқан музыкант күнделікті тұрмыстың қарбаласынан қол үзіп, тіршіліктің әбігерінен алысқа ұзап кетеді. Бұл біреуге қияли әңгіме сияқты естілуі мүмкін, бірақ дәл осы сәтпен бетпе-бет келген музыканттың басындағы жағдай, шынында да, басқа. Бұл жан азапталатын сәт.
Шынтуайтына келсек, біз, өнер адамдары, өте қызық халықпыз, осынша азапқа өзімізді ерікті түрде саламыз және соған ерікті түрде шыдаймыз. Арпалысып, азапқа түсу, толқу, күмәндану, жанды жегідей жейтін ішкі сын, техникалық қиындықтарды жеңу, уақыттың жетпеуі... Классик-музыканттардың көпшілігі бұл биіктіктерді бағындырудың қиын екенін, тіпті кейде шамасы жетпейтінін түсінеді. Бұл мінез бе, әлде басқа себебі бар ма, білмеймін, бірақ әрқашан қолжетпес биіктерді ғана бағындыруды ойладым. Қиындыққа қарсы жүру, асулармен арпалысу – бұл менің саналы түрде жасаған таңдауым. Ең бастысы, сол арпалысым нәтижесіз болған жоқ, талпынысым, құлшынысым табысқа жеткізді. Бұл тұрғыда мені нәтиже емес, сол нәтижеге жеткізетін үдеріс жолы ынтықтырады. Өнер жолы деген осы, бір белесті бағындырсаң, алдыңнан тағы бірі қол бұлғап шақырып тұрады.
– 23 жылдан бері «Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі» жұмыс істеп келеді. Бұл мектептен Алматы, Берлин, Калифорния, тағы басқа шетелдік консерваторияларда білімін жалғастырып кеткен талантты ұл-қыздар көп түлеп ұшқан екен. Сіздің мектебіңізге қабылдану қиын ба, не ерекшелігі бар, сол туралы да әңгімелей отырсаңыз...
– Біздің мектебімізге түсу тіпті де қиын емес, ең қиыны – соншама көп жүктемені көтеріп, шыдап, әрі қарай жалғастырып оқып кету. Менің мектебім біздің еліміздегі жаңа типті мектептердің қатарына жатады. Алғаш жұмысын ұйымдастыру да оңай болған жоқ. Мектепті құру тарихын еске алып отырып оның қандай қиындықтары болғанын айтайын десем, кезінде арқаға батқан сол ауыртпалықтардың бірі де есіме түспей тұр. Есіме тек мектептің ең жарқын сәттері, қуанышты көңіл күй мен педагогтардың жаңашыл қадамдары ғана оралады.
Біз ұжымымызбен әртүрлі олимпиадалардан, конкурстардан жетістікпен оралған оқушыларымыздың жеңісін мақтан тұтып жүргенімізге, міне, биыл 24 жыл болыпты. Ал мектепті ашып жатқан кездегі ең алғашқы қиындықтар, асханамызға пеш іздегеніміз, демеушілерімізден бірінші рет балаларды тасымалдайтын көлікті сыйға алғанымыз, ең бірінші тақталар мен парталарды, компьютерлерді сатып алғандағы қуанышымыз ешқашан ұмытылмайды. Мектеп табалдырығын енді аттаған балаларды шығармашылыққа баулып, қажырлы еңбек етіп келе жатқан жас әрі талантты педагогтік ұжым қандай құрметке де лайық. Осы жылдар аралығында кешегі кеңестік оқу жүйесінің ең жақсы дәстүрі мен заманауи әлемдік бағыттардың тәжірибесін әдемі үйлестіре алдық – біз баланы жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дайындаудың өзіндік жолын қалыптастыра алдық.
Кейде сырт адамдардан біздің оқушыларымыздың ерекше екенін, ал мұндай таланттардың басқа мектептерде жоқ екенін естігенде, көңіліміз көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Өз мектебім болған соң мақтап жатқам жоқ, бірақ біздің ата-аналарымыз әлі екінші баласын өмірге әкелмей жатып, оларды осы мектепке орналастыруға келісіп жатады. Оқу жылы көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді, ал біз түлектеріміздің әлемнің ең таңдаулы оқу орындарында білім алып, адамға пайдалы қызмет салаларында табысты еңбек етіп жүргендеріне қуанамыз.
– Классика – қымбат өнер. Барлық мағынасында. Өзіңіздің күнделікті өміріңіз, жалпы өмір сүру салтыңыз қымбат тұра ма?
– Күнделікті өмірде – менің тұтынушылық қабілетім өте қарапайым, брэнд-трэнд деп соңына түсіп қумаймын, жарқ-жұрқ еткен аса қымбат дүниелерді мүлде қажетсінбеймін. Ал жай ғана Жәниядан гастрольдік сапарға шығатын пианисткаға айналған кезде, о-о-о, талап-тілегім табан астында өзгеріп те, өсіп те шыға келеді. Ол қандай талаптар? Ең алдымен мен өнер көрсететін залдың акустикасының жақсы болуына аса мән беремін және рояль міндетті түрде сапалы болуы тиіс. Сондай-ақ турне ұйымдастыру үшін, концертті түсіру үшін, компанияның промоушні үшін қаржы қажет болады. Өнер қайраткерінің сұранысы артық көрінуі де мүмкін, себебі биік өнерді тыңдарманның нәзік талғамымен қабыстырып, одан да жоғарыға көтергің келеді. Содан соң мәдени үдеріс дегеннің өзі ешқашан тоқтамайды, керісінше, жаңалана түседі және ол өте көп адами, кәсіби, тұлғалық, ең ақырында, материалдық ресурсты қажет етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»