«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт аралығында кәсіпорын мемлекет қазынасына қомақты қаржы құйып, іргелі істердің басы-қасынан табылды. Сөзімізді нақты сандармен әдіптесек, осынша жыл ішінде болат құбыр бойымен 815 млн тонна мұнай мен 380 млн текше метрден аса су тасымалдапты. Жүк айналымы екі еседен астам артса, ел бюджетіне компания тарапынан аударылған салық көлемі 304 млрд теңгеге жеткен. Республикада өндірілетін «қара алтынның» 47 пайызы отандық мұнай құбыры арқылы тасымалданады.
«ҚазТрансОйл» мерейлі датаға орай «Компанияның 20 жылдығына – 20 игі іс» шаралар жоспарын бекіткен екен. Онда кәсіпорын қызметкерлерінің барлық тобы мен олардың балалары, жас мамандар, тәжірибелі кәсіби қызметкерлер мен ардагерлер, студенттер мен бейінді жоғары оқу орындары қамтылған. Мәселен, жақында мамандар «Үздік маман-2017» конкурсы өтіп, топ жарған үздіктер Омбы қаласындағы халықаралық додаға қатысып, түрлі марапаттарға ие болған. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 4-курс студенттері арасында «ҚазТрансОйл» АҚ тәжірибесі негізінде магистралды мұнай құбырлары жүйесін зерттеу тақырыбында байқау ұйымдастырылған. Нәтижесінде оқу орнының талантты да талапты студенті Дана Жұрқабаева «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырының модернизациясы» аясында өткен ғылыми жобасы үшін бас жүлде – «ҚазТрансОйл» АҚ-қа жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болды.
Қазан айының ортасында «ҚазТрансОйл» компаниясының тарихында тұңғыш рет Қазақстанның әр түкпіріндегі жас мұнай құбыры мамандары Алматыда өткен жас мамандар кеңесінің форумында бас қосыпты. Он бес құрылымдық бөлімшеден жиылған 60 қатысушы үш күн бойы атқарған жұмыстарына есеп беріп, тәжірибелерін ортаға салған. «ҚазТрансОйл» АҚ жас мамандар кеңесінің құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен осы кезеңде кеңес компания құрылымдарындағы 34 жасқа дейінгі мамандардың басын біріктіріп, жұмысқа кіріскен буынның кәсіпорындарда әлеуметтік және кәсіби дағдыға үйренуіне, біліктілігін арттыруға, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешуге оң ықпал етіп келеді. «Мәселен, «Петерфельд» ЖӨДС пен Операторлық қызмет көрсету басқармасының жас мамандары Жанат Қазбеков пен Ғалымжан Әбуов – компанияның 20 жылдық нышаны мен ұранының авторы.
Шымкент мұнай құбыры басқармасының МАС операторы Александр Гаврилин – спорт шебері, семсерлесуден республикалық және халықаралық сайыстардың жүлдегері. Былтыр қаңтарда ХХVIII Дүниежүзілік универсиаданың ашылу салтанатына орай Шымкентте алау алып жүрушілердің қатарында болды. Ал Павлодар мұнай құбыры басқармасының жетекші инженер-бағдарламашысы Нариман Қабдуалиев философия докторы ғылыми (PhD) дәрежесін иемденген. Сондай-ақ ол электроэнергетик, автоспорттан облыстық және республикалық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, автокөлік спорты бойынша 1-санатты кәсіби төреші, Қазақстан Республикасы құрамасының мүшесі», дейді кеңес жетекшісі Әнуар Перуаш.
Кәсіпорын отандық компаниялар арасында тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды арттыруға барынша қолдау білдіруде. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, магистралды мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор «ҚазТрансОйл» мемлекеттік деңгейдегі шараны қолдауға жоғары жауапкершілік танытуда. Үкімет тарапынан жергілікті бизнесті дамытудағы тиімділікті жоғарылату аясында мұнай-газ саласындағы ірі тапсырыс берушілерге нақты мақсаттар қойылды. Компания осы кешенді межеге қол жеткізудің айқын мысалы бола алады. Мұнай құбырының стратегиялық саласында бұл бастамалар толық қолдау тапқаны қуантады.
Еліміздің кешенді дамуы үшін жергілікті қамтуды дамыту және ұлғайту мәселесінің маңыздылығын ескерген кәсіпорын сатып алу науқанын өткізу кезінде отандық тауар өндірушілермен ынтымақтастыққа басымдық береді, сол секілді мүгедектер ұйымдарына қолдау көрсетіп келеді. «ҚазТрансОйл» арнайы киім өндірушілермен, технологиялық тұрғыдан жеңіл өнім жеткізетін өндірушілермен, соған қоса арнайы техника, жылыту пештері және басқа да күрделі техникалық жабдықтарды жеткізетін қазақстандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық орнатуда. Компания қызметтерді көрсетуге жергілікті кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды тартуға тырысады.
ҚТО бір жағынан отандық өндірушілердің тауарларының сапасына қойылатын талаптардың үйлесуін, екінші жағынан ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау арқасында тек қана қазақстандық мұнай тасымалын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сол секілді Қазақстанда жаңа өндіріс орындарының жолға қойылуына ықпал етуде.
Астанада өткен халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі ірі өндірістік компаниялар үшін инновациялық технологиялар алаңына айналды. Шетел мемлекеттерінің технологияларын Қазақстанның экономикасына арнайы іріктеп, енгізу үшін Энергетика министрлігі негізінде сарапшылық топ жасақталды. Оның құрамына «ҚазТрансОйл» АҚ-тың үш өкілі кірді.
Жақында бұл топ жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Көрмеде ұсынылған павильондарды саралай келе 105 жоба таңдалды, оның үшеуі кәсіпорын мамандарын қызықтырды. Энергия ресурсын үнемдеуші технология мәселелері компания үшін өзекті. Олар көп жылдан бері осы бағыттағы технологиялар мен құралдарды өндіріске енгізіп келеді. Мәселен, жиілік реттемелі жетектерді енгізудің арқасында құрылғы орналасқан нысандарда компания жарық көзін 30 пайызға дейін үнемдейді.
«Бұдан басқа мұнай тасымалының шығынын азайтуға мүмкіндік беретін турбуленттілікке қарсы қоспаларды қолдану аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Сарапшылық топтың мүшелері ретінде компания ЭКСПО-2017-ге қатысушы-мемлекеттердің барлық павильондарын аралап шықты. Өндірісте қолдануға болатын жылыту мен салқындатудың ірі гелиожүйелерінің жетекші әлемдік жеткізушісі, аустриялық Solid компаниясының технологиясы таңдалды. Біз Solid өкілдерімен тәжірибелік сынақтар жүргізуді және келешекте аталған технологияларды кеңселік, тұрғын және өндірістік ғимараттарда қолдануды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ словакиялық EcoCapsule компаниясының технологиялық шешімдерін таңдап алдық. Ол – желдік генератор мен фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған мобильді тұрғын модульдерінің өндірушісі. Модульдерді қоршаған ауа температурасы -50 градус пен +50 градус аралығында пайдалануға болады. Олар мұнай өндіру және магистралды мұнай-газ құбыры нысандарын бақылаудың, мониторинг және күзеттің уақытша немесе тұрақты бекеттерін монтаждау қажет болған кезде өте ыңғайлы», дейді «ҚазТрансОйл» АҚ Пайдалану департаменті директорының орынбасары Сергей Костин.
ҚТО аустриялық 1stLevelSolar компаниясының технологиялық шешімдерін қолдану туралы шешім қабылдаған. Компания мобильді күн электр стансаларын шығарумен айналысады. Sundrops-ты жабдықтарды қуаттандыруға және коммуникациясы жоқ, қашықта орналасқан нысандардың дала жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалануға болады. ҚТО компания өкілдерімен байланысқа шығып, болашақта ресми кездесулер өткізіп, нысандарда сынамалар жасау жөнінде шешім қабылдады.
Көрмеде экспозиция түрінде ұсынылмаған технологиялар да болды. Мысалы, АҚШ павильонында мұнай буының рекуперация құрылғысыц н шығаратын компания өкілдері болды. Компанияның резервуарлық паркі ауқымды болғандықтан қоршаған ортаға эмиссияларды төмендетуге бағытталған технологияларды енгізуге мүдделі. «ҚазТрансОйл» аталмыш компания өкілдерімен бірлесе құрылғыларды тексеріп бақылау бағытында жұмыстар жүргізуге әзір. Яғни ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған технологиялардан таңдалған 105 әдістен басқа «ҚазТрансОйл» өндіріске сай келетін басқа да технологияларды қарастыруды жалғастыруда
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
«Егемен Қазақстан» мен «Шевронның» бірлескен жобасы