• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 08 Қараша, 2017

Білім беру жүйесінде бюджет қаржысын пайдалануда олқылықтар бар

627 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігіне жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінген республикалық бюджет қаражатының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

 

Жоғары және ЖОО-дан кейінгі, техникалық және кәсіп­тік білім беруді, сонымен қатар орта және мектепке дейінгі бі­лім беруді дамытуға бөлінетін бюд­жет қаражатын пайдалану мәсе­лелерінде бірқатар жүйелік проблемалардың бар екені атап өтілді. 

2016 жылы 2015 жылмен са­лыстырғанда Дүниежүзілік эко­номикалық форумның жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде білім беру жүйе­сі сапасының көрсеткіштері бойынша Қазақстан позициясы­ның нашарлауына жол берілген. «Білім беру жүйесінің сапасы», «Менеджмент мектептерінің сапасы» және «Жоғары біліммен қамту» нысаналы индикаторларына қол жеткізілмеген. 

2016 жылдың қорытынды­сы бойынша министрлік Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жоспарланған көрсеткіштерге үш ауысымда сабақ өткізетін мек­тептердің үлесін төмендету және мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі жобаларының санын ұлғайту бөлі­гінде қол жеткізбеген. 

Орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру саласында мамандар дайындау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды министрлік республика өңірлеріндегі олар­ға деген қажеттіліктерді есепке ал­май жүзеге асыратындығы анықтал­ды. Белгіленген өлшемшарттар мемлекеттік тапсырысты үздік оқу орындарында толыққанды орналастыруға мүмкіндік бермейді.

Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар­дың тиісті деңгейдегі өзара іс-қи­мы­лының болмауынан жоғары, ЖОО-дан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі төмен күйінде қалуда. 

Кадрларды даярлау бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесін дамытуға бағытталған тиісті шаралар қабылданбауда, барлық мүдделі тараптарды тартуды көздейтін институттық тетік әзірленбеген. 

Министрліктің кәсіптік білім беретін жетекші мекемелердің желісін құруды қамтамасыз етпегені атап өтілді. Атап айтқан­да, 2013 жылдан бастап Өскемен, Екібас­тұз және Шымкент қала­ларын­да өңіраралық кәсіптік орта­лық­тардың, 2015 жылдан бастап Астана және Алматы қалаларындағы әлем­дік деңгейдегі колледждердің құрылысы тоқтатылған. 

2016 жылы «Ақпараттық-тал­дамалық орталық» АҚ сомасы 10,4 млн теңгеге «Үштілділікті ен­гізу жөніндегі халықаралық тә­жі­рибені зерттеу және тілдерді үйрету әдіснамасын әзірлеу» мем­ле­кеттік тапсырмасын орындау бойынша алған міндеттемелерінің толық және тиісінше орындалуын қамтамасыз етпеген. 

Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана, Алматы қалаларының құрылыс және білім басқармалары, Шым­кент қаласының және Сайрам ауданының құрылыс бөлімдері жалпы сомасы 208,6 млн теңгеге тауарларды жеткізуді, орындалған жұмыстарды растаудың анықтығын қамтамасыз етпеген. 

Мемлекеттік аудит қоры­тын­дысы бойынша сомасы 16,9 млрд теңгеге қаржылық бұзу­шы­лықтар, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 43,2 млрд теңге және жалпы сомасы 26,7 млрд теңгеге 147 рәсімдік бұзушылық фактілері анықталды. 

Мемлекеттік аудит барысында 5,9 млрд теңге қалпына кел­ті­­ріліп, өтелген, соның ішінде рес­публикалық бюджет кірісіне 285,1 млн теңге өтеліп, жұмыстарды орын­дау, қызметтер көрсету, тауарларды жеткізу арқылы бухгалтерлік есеп бойынша 5,1 млрд теңге қал­пына келтірілген. 

Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлі­гі­не анықталған бұзушылықтар­ды жою бойынша шаралар қабыл­дау, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамта­масыз етпеген лауазымды адамдар­дың жауаптылығын қарау тапсырылды, сондай-ақ басқа да бірқатар тапсырмалар берілді.

Мемлекеттік аудиттің бірқатар материалдары құқық қорғау органдарына және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға про­цес­тік шешімдер қабылдау үшін жіберілетін болады, деп хабарлады Есеп комитетінің баспасөз қызметі.