Таяуда Қарағандыда ҚазКСР халық әртісі Зәбира Жұбатова тұрған Әлиханов көшесі, 38/2 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Ол Мәскеу сахнасында қазақ әндерін шырқаған талантты өнер иесі. Әнші Қарағанды облыстық филармониясының бастауында тұрғандардың бірі. Салтанатты шараға әртістің туған-туыстары, мәдениет және өнер қызметкерлері қатысты.
– Мемориалдық тақтаны орнатудағы мақсат – ұрпақ жадында танымал тұлға туралы естелік қалдыру. Біз еліміздің даңқын асқақтатып, халық шығармашылығын дамытқан жандарды ардақтай білуіміз керек, – деді Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев тақтаның ашылу салтанатында.
Зәбира Жұбатова 1914 жылы Петропавлда дүниеге келген. 1932 жылы өзінің қызмет жолын Қарағанды радиокомитетінде бастаған. Онда атақты тұлғалар Қали Байжанов, Қосымжан Бабақовпен қатар қызмет жасаған. Кейін, 1947 жылы Қарағанды облыстық филармониясының орындаушысы болып, онда зейнеткерлікке шыққанша қызмет еткен. Халық әртісінің еңбек кітапшасында небәрі екі жазба ғана бар. Меццо-сопрано дауыс иесі Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы концерттік топтардың құрамында өнер көрсеткен.
Ерекше дарын иесінің репертуарында халық шығармалары, классикалық және қазіргі заманғы шығармалардан тұратын 200-ден астам туынды болды.
Зәбира Жұбатованың жеке мұрағатынан көптеген қазақ әндерінің қолжазбалары табылған. Олар – «Дайдидау», «Алқоңыр», «Бозжорға», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның хаты», «Шахтер әні». Сонымен қатар өзінің қолжазба дәптерлерінде ол түрлі халықтардың – татар, армян, румын, қытай, ұйғыр және басқаларының әндерін жинаған.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы