Оралда қарашаның 8-інен бастап жолақыны sms-хабарлама арқылы төлеуге болады. «Smart city» аясында қолға алынған жүйеге бірнеше қоғамдық көлік қосылған.
Енді автобуста тиын санап жатпайсыз, электронды билет алу үшін тек ұялы телефон ғана қажет. Әрине, жолақыны қолма-қол ақшамен төлеу тәсілі де сақталады. Орал қаласында «Smart city» - «Ақылды қала» жобасы былтырдан енгізіле бастады. Қазірдің өзінде «Ашық әкімдік», «онлайн-КСК», «Қауіпсіз аула» жүйесі жұмыс істейді. Енді кезек қоғамдық көлікке де жетті.
Елімізде электронды билет желісін алғаш болып алматылықтар қолға алған екен. Орал қаласы әкімдігінің мамандары тәжірибе алу үшін оңтүстік астанаға арнайы барып қайтқан.
- «SMS BUS» атты жаңа жоба әзірге қанатқақты негізде сынақтан өтеді. Алдымен №5, 10, 22 және 36-шы қоғамдық көлік жолаушылары жолақыны онлайн төлеудің оң-терісін байқап көрмек. Жоба сәтті іске асса, бұл төлем жүйесін барлық автобусқа енгіземіз, - дейді Орал қалалық жолаушылар тасымалы және АЖ бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев.
Жаңа жүйені қолдану өте оңай, кез келген қарапайым ұялы телефон да жарай береді. Жолақы төлеу үшін 2505 номеріне автобустың коды жазылған sms жіберу керек. Хабарлама тегін. Ал қасыңыздағы кісіге төлегенде, автобус кодынан кейін бос орын қойып, оның телефон нөмірін жазып жібересіз.
Бір тәуірі, жолақыны телефон балансындағы бірлікпен немесе банк карточкасынан да төлеуге болады екен.
- Банк картасымен төлеу үшін жолаушы алдын ала smsbus.kz сайтына кіріп, тіркелуі керек. Кез келген банктің VISA және Master Card карталары қолданылады. Комиссия алынбайды. Тіпті, банк арқылы төлем жасағаны үшін бонустар да қарастырылған, - дейді «SMS BUS» компаниясының өкілі Сержан Идиятов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Орал қаласы