• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Қараша, 2017

Заңгер Марат Нұрбековтің өмір жолынан бір үзік сыр

379 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр алапат уақи­ғаға толы, талай отбасы ойрандалған кезең бол­ды ғой. Кеңес өкіметі орнаған­нан кейін Марат ағамыздың да ата-бабаларының ұрпақ­тан-ұрпаққа шайқалмаған шаңырақтары тоз-тозы шығып, күйреп ортасына түседі. 

Әкесінің әкесі – Майе­мер ақсақал орта дәулетті, ел-жұртқа сөзін өткізе ала­тын, алдынан малы, төрі­нен қонағы үзілмеген ауыл-аймаққа сыйлы жан болған екен. Бұрғанда туып, Қарақия жайлауын жайлап жүрген бейқұт ел Кеңес өкіметі келісімен апалаң-топалаңы шығады. Малмақ, Қарнақ, Тілеулі, Майемер атты ағайынды төрт ұл тату-тәтті өсіп жатты. 

Кеңес өкіметі ауылда қалған Малмақтың бар малын тартып алып, кәмпеске жасайды. Оның сол кезде үш үйір жылқысы, бес жүздей қойының бірін қалдырмай сыпырып түгел алып кетеді. Қарнақты бай тұқымысың деп соттап жібереді. Қарнақтың әйелі аштыққа шыдамай егіні орылған алқапта масақ теріп жүрген жерінде милиционер көріп қойып, бес жасар қызының көзінше атып өлтіреді. Жетім қызды балалар үйіне өткізеді. Тілеулі мен Майемер ұра қаздырып, заттарын тығып көмеді. Бірақ түнде былғары киінген өкімет адамдары келіп, ұраны ашып, бар жиған-тергенін түгел тиеп алып кетеді. Сондағы ұраға тыққандары: бір түкті кілем, бір түксіз кілем, тон, «Зингер» ті­гін машинасы екен. 

Екінің бірі ұсталып, түрмеге қамалып жатқан аласапыран кез. Тілеулі түнделетіп Қарғалыдағы жұмысшыларға барып тығылады. 

Шал-кемпір қырғызға қашып, Рыбачьеге барып, жұмысшы болып орналасады. Майемер сол жерде ауыр жұмыс, қиын тағдырды көтере алмай қайтыс болады. Әйелі Қаншайым енді күйеуінің орнына жұмысқа тұрады. 

Төркіндеріне хабар айтып жүріп, баласы Нұрбек екеуі Қарасуға көшіп келеді де, сонда тұрақтап қалады. 1941 жылы Нұрбек он тоғыздағы бозбала өзімен бірге оқыған Рахат деген қызға үйленеді. Бірақ соғыс өрті лапылдап тұрған кез, замандастарымен бірге қысқа қарай Нұрбек те соғысқа аттанады, ауылда аяғы ауыр келіншегі мен шешесі қалады. 

Нұрбекпен атақты 28-гвардиялық дивизиясында бірге соғыста болған Куә ақсақал былай деп еске алады: «Қақаған қыс, мені түнде іздеп келіпті. «Куә, мен тапсырмамен тіл алып келуге кетіп барамын. Ауылда келіншегімнің айы-күні жетіп отыр еді, аман көрер ме екенмін» деген еді есіл боздақ. Сол түні 1942 жылы 20 ақ­панда Нұрбек Майемеров ерлікпен қаза тапты. Қайран есіл ер тұңғышын көре алмай, іңгә­лаған даусын ести алмай қарғыс атқыр соғыс­тың кесірінен көз жұмды. Соғыс жарасы ешуақ жазылмайды. Жүректерді сыздатады да тұрады. 

Сол жылы Нұрбектің тұңғышы Марат дүниеге келеді. Маратты ел «Шайым» деп атап кеткен, әжесі Қаншайым бағып-қағып, асырап өсіреді.  Марат төске салып шыңдағандай қиын-қыстау тағдырмен бетпе-бет келіп, тек өзіне ғана сеніп ержетті. Әскер қатарына шақыры­лып, әйгілі батыр қала Бресте үш жыл әскери борышын өтеп, сымдай тартылып, туған еліне көргені мол азамат болып оралады. Ол кездері әскерде болып келу – әрбір ер баланың қасиетті парызы болып есептелетін. Қатаң тәртіп көріп, көптеген бозбалалар шыңдалып, ширығып, тәні де, жаны да толысып қайтатын.

Әскерден келісімен Марат Алматы қалалық қоғамдық тәртіп қорғау басқармасында милиционер қызметіне орналасты. Титтейінен армандаған заңгер болуы үшін үнемі ізденіп, оқып, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факуль­тетіне емтихан тапсырып, қабыл­данады. 

Күндіз аудиторияда отырып дәріс тыңдады, кешке қарай темір жолға барып вагоннан сексеуіл, цемент, көмір түсірді. Күнкөріс тірші­лігі үшін түні бойы арқалап цемент түсірсе үстін­дегі киімі қап болып, қатып қалады. Бірді бірге со­ғып, әйтеуір аш-жалаңаштығын білдірмей, са­бақ­тан қалмай, тап-тұйнақтай тапсырмаларды орын­дап, қоғамдық жұмысқа да белсене қатысты. 

Кейін газет, хат тасушы болып орналасып, үйді-үйді аралап, газеттерді тез таратып беріп, уақыты көп өзінде қалатын болды. Үнемі жоға­ры шәкіртақы алып, жұмысының айлығы бар әжеп­тәуір киініп, өз тапқаны өзіне жететін халге жетті. 

Әжесінің кенже сіңлісі Динаның бір бөл­мелі үйінде тұрды. Ол кісі зейнеткер. Әжесі­нен кейінгі ең жақын жан – осы кісі анасындай тәрбиелеп, ақылын айтатын.

– Шеше, мен үйленемін, – деді. 

– Үйлен қарағым. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген, әжеңнің де арманы еді бұл, – деп ақ тілегін айтып, ақжарма көңілін білдірді. 

Ұнатқан жары Мәнсия Шығыс Қазақстан облысының қызы, ҚазПИ-дің химия-биология факультетін бітіріп жатыр. Үйленбесе, басқа облысқа жолдамамен жібермек. Ақыры, үйленіп, ипподром жанындағы орыс кемпірдің үйінде пәтер жалдап тұрды. 

Университет бітіріп, диплом алған шақта – жан-жаққа бөле бастағанда Маратқа әр жақтан ұсыныстар түсті. Марат бәріне өзіне тән сабырлылықпен қарап, ешқайсысына уәде бермей жүргенде Әділет министрлігіндегі комиссияға шақырды. 

Комиссия мүшелері өмірбаянымен әбден танысса керек, бірден Шығыс Қазақстан облысына судья болып барасыз деді. Бірден келісім берді. Жолдама алып, жолға шығайын десе жолпұлы жоқ. Баяғы жетімдік пен жетіспеушілік ызғары тағы да алдынан шыға келді. Әділет министрлігіне қайта кіріп, айтып еді, ондағылар келер айлық есебінен 180 сом жазып берді. 

Шығыс Қазақстан об­лыс­тық сотының төраға­сы Михаил Фетисович Орлов Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан айырылып қайтқан майдангер, көпті көрген тәжірибелі заңгер, іскер басшы болып шықты. 

– Соғыста болған май­дан­герлер – ерекше жара­тылған тұлғалар. Кіші­ге қамқорлығын, ақыл-кеңе­сін аямайтын, барын ортаға салатын көпшіл жандар. Мен сол облыстағы ең жас судья болдым. Сот төр­ағасы Орловтан бас­тап бәрі мен бірдеңені түсінбесем – түсіндіріп, үйретіп, уақыттарына қарамай тәрбиелегенін қалай ұмытайын. Біреу бірдеңеге мұқтаж болса бәрі көмектеседі. Біреу ауырып қалса дәрісін іздеп жүріп, таптырып, алдырады. Ұжым жұмылған жұдырықтай күшті еді, ынтымақшыл еді. 

Судьялардың басым көпшілігі – күні кеше қан қасап соғыстан келген ардагерлер. Біз солардың тәрбиесін көрдік. Әділетті сот қан­дай болу керек деген тағылымын үйрендік. Істе­ген ісі, жүріс-тұрыстары – ғұмырыма сабақ бол­ды, – дейді бүгіндері Марат Нұрбеков аға­мыз Шығыстағы бес жыл қызметін сағына еске алып. 

Алматыға шақырып, Әділет министрі бірде ұсыныс айтты. 

– Марат Нұрбеков, сіздің жұмысыңызды тексерген бірнеше комиссия өте жақсыға баға­лап жүр. Бес жыл тәжірибе жинадыңыз. Енді сізді Маңғышлақ облысына жібергелі отыр­мыз. Қалай қарайсыз? – деп төтесінен сұрады. 

– Қандай жұмысқа? 

– Облыстық сот төрағасының орынбасар­лығына, – деді. 

Міне, күтпеген жерден Маңғыстауға ауы­сып, одан кейін бес жылдан соң облыстық Әді­лет басқармасының бастығы болып табан­дат­қан тағы бес жыл істеді. Ол кезде Әділет бас­қар­масының міндеті ауыр, бүкіл сот жүйе­сін­дегі кадр, қаржы-қаражат ондағы мүлікжай, құрылыс, тағы басқа шаруалармен тікелей айна­лысатын. Міне осы аралықта ол өзіне тапсы­рылған міндетті мүлтіксіз атқара білді. 

Әділет министрі Долда Досболовтың қа­был­­дауында болып, Шымкент облысына об­лыстық сот төрағалығына ұсынып, Мәскеуге ұшты. Ол кезде барлық күрделі мәселе Мәс­кеуде шешіледі. КСРО Әділет министрі, орынбасарлары, коллегия мүшелерінің әрқайсысына жеке-жеке кіріп, танысып, рұқсат алу керек. Міне, сол кезде мәскеуліктердің шекелеп қарайтын бюрократтық мінездерін көрді. Әсіресе, министр босағасында кіре алмай үш күн бойы бозарып күтіп отырды. 

Шымкент облысында ол кезде үлкен дүр­белең жүріп жатты. Мәскеуден бастап құ­қық қорғау орындары облысты астын-үстіне келтіріп, тексеріп, басшының көбін қылмысқа тартқан еді. 

Бүкіл Одақты шулатқан «Мақта ісі» бойынша ғана 84 адам істері сотта қаралды. Нақты зиян келтірген ақшаларын төлеп, орнына қойып, қайтарғандарды сотта құтқарды. Атақ­ты «Караваев ісі» бойынша қаншама адам істі болды. Облыстық сотта істер қалай қаралып, үкім қандай дәрежеде болғанын Мәскеу үнемі қадағалап отырды. Әр іс қатаң бақылауда, өте бір қиын-қыстау уақыт еді бұл кез. Бес жыл осында істегенде бір үйге қонаққа барған жоқ. Бір-бірін аңдыған жұрт. Қит етсе арыз қарша борайтыны нақ. «Ақырын жүріп, анық бас» деп ұлы Абай айтпақшы, барлық істі заң шеңберінде нақты шешуге тура келді. 

Әжесі үнемі «Ел сыйлайтын бала бер, балама ақыл, сана бер, санасыз болса қазірден-ақ ала бер» деп отыратын. Сол сөздің қадір-қасиетін әрдайым жадында ұстады. Қаншама қиын да күрделі, күрмеуі қиыр-шиыр істердің әділ шешілуі – тек терең ақыл, білімді сана, салмақты сабырға байланысты екенін жете түсінді. 

Әділет министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болып істеген жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа заңдары қабылданды. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, жаңа егемендік алған еліміздің барлық саласын ілгерілету үшін түрлі заңдар қабылдануы қажет еді. Олардың жөн-жобасы осы министрлікте жан-жақты талқыланып, дайындалды. Министрлік қызметкерлері ерте келіп, кеш қайтуды әр заң жобасына өте ыждаһаттылықпен қарап, дайындауды әдетке айналдырды. Осынау істердің басы-қасында білімдар заңгер Марат Нұрбеков те жүрді. 

***

Алматыда, Алатау баурайында аға үйінде екеуміз кеңінен әңгімелесіп отырмыз. Сонау қиын-қыстау кезеңдерді, жетімдік күндерін еске алғанда көзілдірігінің ар жағындағы жанарларына мөлдір шық ұялай қалады. 

– Аға, сіз тентек, бұзық болмадыңыз, арақ-шараптан қалай аулақ болдыңыз? Сіздің замандастарыңыздың басым көпшілігі бұдан құтыла алмағанын көріп өстік қой?

Марат аға сәл-пәл үнсіз ойланып қалды. 

– Әскерден келгенде өзім қатарлы бір топ жігіттермен біраз ішіп, қызулау көшеде келе жатып, күншуақта отырған ауылдың үш ақсақалына сәлем беріп, өте бердік. Сонда олардың ең үлкені мені алып қалып «Қарағым, сен Нұрбек марқұмнан қалған жалғыз тал тұяқ емеспісің. Шайым әжеңнің бар үміті сен емес пе едің? Бұлай жүруің Шайымның баласы деген атқа лайық па?», дегенде қара жерге кіріп кете жаздап ұялғаным-ай. Содан кейін ылғи есімде Нұрбек әкем, Шайым әжем тұрады, солардың аманаты емеспін бе! Менің қателік жасауға, қалай болса солай жүруге хақым да, құқым да жоқ деп ұқтым, – деді аға қоштасарда. 

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,  жазушы