Бір қызығы, ғаламның ғажайып ғимараттарының тұрғызылу тарихы ұмыт қалып жататыны да бар.
Кейде туристерге немесе саяхатшыларға монументтің өзінен оның тұрғызылу тарихы тартымдырақ. Оның мәдени және тарихи ескерткіш ретіндегі алатын орны туралы да ақпарат алғысы келеді. Дәтке қуат дейтініміз, даламыздың төрінде бірқатар тарихи кесенелер сақталып қалды. Соның арқасында бұл археологиялық ескерткіштер ұлттың шын мәніндегі құндылығына айналды.
Сонымен «Қазақстан аңыздары» жарнамалық шарасы аясында, Қазақстанның қасиетті жерлері – Айша бибі кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған ең танымал жәдігер «Алтын адам» туралы түсірілген бейнебаяндар биыл 4 қарашадан бастап BBC World News телеарнасында көрсетіле бастады. Бейнероликтерді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша BBC өкілдері және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп түсірген.
Бейнероликтердің түсірілімдері үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Қазақфильм» киностудиясының аумағы мен Есік, Үшқоңыр, Түркістан, Қапшағай қалаларында өтті. Жобаны жүзеге асыруға отандық және шетелдік мамандар тартылған. Бейнебаяндардан Оңдасын Бесікбасов, Нұрлыбай Есімғалиев, Шұғыла Сапарғали, Аян Өтепберген, Динара Бақтыбаева, Фариза Ескермес сияқты отандастарымызды көруге болады.
– Осы жылы көктемде Елбасы рухани жаңғыру аясындағы басты жоба ретінде – «Қасиетті Қазақстанды» атаған болатын. Ұлттық кодымыздың негізі болып табылатын, халқымыздың бай мұрасы мен мәдениетін насихаттау үшін, «Қазақфильм» киностудиясы BBC World News телеарнасымен бірлесе отырып, «Қазақстан аңыздары» атты жарнамалық кампанияны бастап кетті. Кампанияның басты мақсаты – сыртқы және ішкі мәдени туризмді дамыту. Бұл бастама өз кезегінде жаһандық бәсекелестікке жұтылмаудың бір құралы болып табылады, деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықов.
Қысқасы, BBC World News телеарнасына жол тартқан түсірілім тобында режиссер Дарья Чернова (Лондон), қоюшы оператор Денис Аларкон-Рамирес (Мәскеу), қоюшы суретші Бөпеш Жандаев (Қазақстан) бар.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ