Облыс орталығындағы 2011 жылы ашылған №4 емхана Усолка шағын ауданында орналасқан. Бұл ауданның өзі бір қалашыққа айналған, аумағында Ертіс өзенінің жағасында бірінен соң бірі бой көтерген көп қабатты үйлер, Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстық балалар ауруханасы, кардиохирургиялық орталық, №25 мектеп, балабақшалар мен сауда орталықтары бар.
Автобус қатынасы тұрақты, трамвай жүреді. Жарқырған жаңа емхана осы аудан тұрғындарының медициналық қызметтерге деген барлық қажеттіліктеріне сай қызмет көрсетуде. Емхана күніне 150 баланы және 350 ересек адамды қабылдай алады. Облысқа келген жұмыс сапарының бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев емхананы аралап көріп, дәрігерлермен кездескен болатын.
– Бұл біздер, дәрігерлер үшін үлкен қуаныш болды. Емхананың тарихи ерекше күні дейміз. Жаңадан келген жас дәрігерлерді жұмысқа қабылдау күні үнемі осы сапар барысын айтып, қызметтеріне сәттілік тілейміз, – дейді емхананың бас дәрігерінің орынбасары Ботакөз Тұрғанбаева. – Осы жуырда ғана емханада «Жас маманның мамандыққа ие болуы» атты жыл сайынғы дәстүрлі шарамызды өткіздік.
№4 емхана қызметкерлерінің қатарын Шыңғыс Уәлиханов, Салтанат Жұмаділова, Ризагүл Қабдолла, Дариға Маткенова, акушер-гинекологтар Зарина Аманқұл, Гюзаль Жабағина, Ольга Аманатиди секілді жас дәрігерлер толықтырды.
– Бұл жас мамандар биыл ғана Семейдегі медициналық жоғары оқу орнын бітіріп, дипломдарын алған. Олардың алдында халық денсаулығына жауапты нағыз кәсіби мамандық жолы ашылды. Сәттілік тілейміз, дейді емхана ұжымы.
Емхана жаңа заманның медициналық құрылғылармен жарақтандырылған. Бөлімшелік қызметтер, әр сала мамандарының кабинеті, диагностикалық-зертхана кешені, физиотерапиялық бөлім және 30 орынға шақталған күндізгі стационар бар. Сандық рентгенография, флюорография, рентген диагностикасы, маммографиялық аппарат, ультрадыбысты зерттеу сканері және заманауи зертхана құрылғысымен жабдықталған.
Енді жас дәрігерлерге тәжірибелі мамандар тәлімгер болады. Кеше ғана студенттік аудиториядан шыққан маманның педиатр, гинеколог, хирург сияқты мамандығына сай лайықты еңбек етіп, емхананың тыныс-тіршілігіне үйреніп кетулеріне қолдау, көмек көрсетілуде. Жас мамандарды емханаға қабылдау күніне Т.Жолдыбаев, О.Приходько сияқты ардагер дәрігерлер келіп, науқастардан тек алғыс алуға шақырып, ақыл-кеңестерін айтты. Шара соңында жас мамандар «Жас дәрігер» антын қабылдады.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР