
Дала академигі Ыбырай
Ыбырай Жақаев. Бұл есім Шиелінің, күллі Сыр өңірінің келбеті, таныстырар төлқұжаты десек, артық айтқандық болмас. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да Шиеліденмін десең, алдымен Ыбырайды ауызға алар еді, Ыбекең десең, Шиеліні, Сыр өңірін есіне түсірер еді. Бұл басқа да Шиелі шынарларын ел білмегендіктен не олардың атақ-даңқы кем жайылғандықтан емес. Сонау 1940 жылдардан бері еңбек дарабозы Ыбырай насихатының мақсатты түрде қатты жүргендігінен және Ыбырай есімі оның туған жерінің атауымен үнемі бірге аталатындығынан болса керек. Ыбырай құдіретін әлемге әйгілеген жер мен дән, Сыр жері, Сыр күріші. Сондықтан диқан Ыбырай мен жер, дән егіз ұғымдар, жалпыхалықтық құндылық. Ал барша халықтың қадірмені болу ұлттық аядан жоғары. Ел тарихында екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, үш рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың алар орны осылай анықталса керек.
Қазақстанда Сыр бойында күріш егістігінің негізгі дақыл болып орнығуы да, облыс егін шаруашылығының басым бағытына айналуы да, жақаевшылар атанған күрішшілер қозғалысының өрістеп, бір кездегі стахановшылар қозғалысы сияқты бұқаралық сипат алуы нақ Ыбырай Жақаевтың есімімен тікелей байланысты. Қарапайым еңбеккердің осындай қоғамдық құбылысқа айналуы сирек кездесетін жағдай. Ендеше сол құбылыс – Ыбырай Жақаев!
1990 жылдардың басында Дінмұхамед Қонаевтың үйіне сәлемдесуге барғаным бар. Димекең ақсақал зейнеткер, үйінде, есігінің алды келген-кеткенді бақылап отыратын күзет. «Өтті дәурен осылай» деген жаңа шыққан кітабын сатып алғанмын, мақсатым – ескерткішке қолтаңбасын алу. Бөлмесінің аузында тұрып жылы қарсы алды, алақаны жалпақ, саусақтары ұзын көрінді. Жоғары шық, қалқам деді. Жайғасып, аман-саулық сұрап жатырмын. Қай жерлік екенімді сұрады әлден соң. Қызылорданың Шиелісіненмін дедім. Қызылорданы қосып айтсам үлкен кісі дөп түседі ғой өзімше бағыт берген болдым. Е, Шиелі, Ыбырай Жақаевтың елінен екенсің ғой деп, Ыбекең есіміне айрықша мән бере сөйледі. Ел жайын сұрады. Мен көп отырмадым, қолтаңбасын алған соң саулық тілеп қоштастым. Ризашылықпен арқамнан қағып, бөлме аузына күтіп алған жеріне дейін келді.
Қайтып келе жатып алған әсерімді қорытқанда түйген ойым: Ыбырай Сыр елінің туы, төлқұжаты екен. Есіме Ыбекеңнің 1980 жылы шыққан «Өмір жолдары» деген, әдеби жазбасын жерлесіміз жазушы Оразбек Бодықов жазған тартымды кітапта Ыбырай мен Дінмұхамедтің кездесулері баяндалатын жәйттер есіме түсті. Димекең сірә, соларды есіне алды ма екен деп ойладым.
Ыбырай мен Дінмұхамед алғаш 1954 жылы көктемде Алматыда кездесіпті. Бұл кезде Димекең Ғылым академиясының президенті. Академия ауыл шаруашылығын өркендету мәселелерін талқылаған жиналыс өткізіп, ел ішіндегі еңбек озаттарын пікір алмасуға шақырады. Жиналыстың ертеңіне Димекең атақты күрішшіні әңгімелесуге кабинетіне бөлек шақырып, күріш егістігінің ерекшеліктерін білгісі келетіндігін айтады.
– Күріштің қымбатын айтайын ба, сымбатын айтайын ба? – дейді Ыбекең.
– Астық ретінде күріштің қымбат екенін өзім де білем. Маған сымбатын айтыңыз, – депті ғұлама.
Сонда Ыбекең былай сипаттаған екен. Күріштің қадірін қазақ даласында Сыр елінен артық кім білген. Күрішті олар күміске теңеп, «күміс күріш» деп те атайды. Күрішті олар сылаңдаған перизат сұлу қызға теңеп, «Сыр сұлуы» деп те, «Сыр аруы» деп те атайды. Себебі, жер бетіндегі дәнді дақылдардың ешқайсысы су ішкені болмаса, су ішінде өсе алмаса керек-ті, ал ақ күріш тек суда өседі. Су оның атасы да, анасы да. Егер сіз жаздың ыстық аптабында сол ыстықтан жер танабы қуырылған сұрғылт далаға барсаңыз, сол даланың өр төсінде толқып жатқан көкшіл теңізді көрер едіңіз. Сәл жел тұрса теңіз толқиды, бірде шалқиды, тағы бірде тулайды. Оны сіз шын теңіз деп қалмаңыз, ол күріш айдыны, күріш алқабы. Суда сыланып, таңғы шықпен шыланып, күн көзінде күлімдеп тұрған күріштің келбетінен ай десе – аузы, күн десе – көзі бар, сұлулығы көз тұндырған перизатты көргендей боласыз, ол тек перизат емес, ала білсең асыл қазынаға кенелетін алтын сандық. Мейірі түссе, ол саған дәннен тау тұрғызып береді. Көңілінен шықсаң, ол сені бір жазда-ақ байытып тастайды. «Күріш дегенше, ырыс десейші», – дейтіні сол Сыр елінің, қарағым. Ыбырай осылай толғанады.
Осылайша бірер сағатқа созылған ықыласты әңгімелесуден соң қоштасар сәтте Дінмұхамед академик Ыбырай диқан дананың қолын қысады. Кейін 1956 жылы Ғылым академиясы Ыбекеңе «Дала академигі» деген атақ береді. Ал қазір диқанның сұңғыла көңілі Димаш інісімен бұл қоштасуды былай қабылдаған екен. «Қош» деп қолымды бір қысып ұстауы: «Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз» дегені. Екіншісін – «Еліңізге нанды мол беруіңізге тілектеспін» деп ұғады. Үшіншісін – «амандықпен қауышып тұрайық» деп түсінеді.
Еңбек пен қоғам қайраткерлері бұдан кейін де талай сұхбаттасқан. Еңбек адамын әспеттей білген Димекең өзі сөйлеп, өзі түйіп қоймай, ылғи да еңбектің алғы шебінде жүрген қарапайым адамдар пікіріне ықыласпен ден қойған. Алдына мұқтажбен барғанның меселін қайтармаған.
Шиеліде Жақаев ауылында Ыбекең атындағы күріш өсіру тарихы мұражайы бар. Ыбырай Жақаев мұражайы демей, күріш өсіру тарихына арнап, кең ауқымда қамтуға бағыт сілтеген мұражай ісінің білгірі Өзбекәлі Жәнібеков еді деп айтқаны бар мұражайдың алғашқы директоры Ақтөре Әміровтің.
Күріш мұражайына келген бір жас күрішші Ыбекеңе былай деп сұрақ қойыпты.
– Ыбырай ата, Сіз күрішті қалай жақсы көріп кеттіңіз?
– Мен күрішке тек тағамдық дән деп қарамаймын. Ата-бабамның, атамекенімнің байырғы дақылы деп қараймын. Сондықтан жақсы көремін.
Егіншілік – ежелгі кәсіп,
Еңбекшіге – нәсіп, – деген екен диқан ата.
Күріштің Шиелі жеріне орнығуы 1890 жылдан басталып, 1897 жылы 300 десятина болған екен. Шиелінің, Жөлектің айналасына өзек маңына ексе керек. Бұл Ыбырай дүниеге келген уақыт. Сондықтан күріш өсірудің кейінгі тарихы Ыбырайдың да өсу жолы деп айтсақ болғандай. Ыбырай 1891 жылы Қызылқұмның ішінде Қарғалы деген жерде дүниеге келген, әкесі Жақай, Боқай, Шоқай үш ағайынды екен. Жақайдан Ыбырай мен Боранбай. Боқай мен Шоқайдың да балалары бар.
Сыр бойында егіс егуге дендеп көшу елді жаппай отырықшылыққа тартып, ұжымдастыру қолға алынған кеңес заманында болған. 1927 жылы алғашқы кезде мойынсерік (ТОЗ – товарищество обработки земли, жер өңдеу серіктестігі) ретінде құрылып, артынан 1929 жылы олар колхоздарға айналдырылды. Бүгінде Ыбырай Жақаев деп аталатын ауыл 1929 жылы 90 үй бірігіп «Қызыл ту» деген ұжымдық шаруашылық құрған. Оның атын қойып жүрген де Ыбырай.
Сол бір кезеңде Сыр өңірінде суармалы жердің көлемі 40 мың гектар болса, 1930 жылы 71 мың гектарға жеткен. Қырқыншы жылдарға қарай бес жүз ұсақ шолақ арық жүйелері 144 ірі ұзын арнаға айналдырылып, 80 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік туған. Отызыншы жылдардың аяғында дарияның сол жақ бетіндегі ауылдарды оң жағалауға бүгінгі қоныстарына көшіру, колхоздарды ірілендіру, 1940 жылы Сырдың оң жақ бетінен 14 мың кетпен қатысқан ұзындығы 27 шақырым Шиелі арнасының бірінші кезегі 40 күнде қолмен қазып бітіру Шиелі жерін суландыру, егіншілікті өрістету тарихындағы ірі оқиға. ХІХ ғасырдың соңғы кезінде мұраптар Байсын мен Нұртаза бастаған суландыру ісі осылай жалғасын тапқан еді. Арна екі бағытта тартылды. Оң жаға бағыты Қаратау жаққа бет түзеп, «Ақмаядан» бастап «Төңкеріс», «Еңбекші», «Жиделіарық», «Қызылдиқан», «Алғабас» колхоздарын суландырса, сол жаға бағыты «Бидайкөлден» «Бәйгеқұмға» дейінгі ауылдар мұқтажын өтеді. Нәтижесінде 16 800 гектар жерге су барды. 1932 жылы Шиелі, Жөлек машина-трактор стансаларының құрылуы колхоздарда жер өңдеуге, егістік көлемін ұлғайтуға техниканы пайдалана бастауға мүмкіндік жасады.
Күріш егу тек 1940 жылдан бергі кезеңде ғана тұрақтанып, жетекші дақылға айналған. Сол қырқыншы жылы Ыбырай әр гектардан 22 центнерден өнім алып бастаған екен күрішшілікті. Мен күріш өсірудің небір құпия сырларын соғыс жылдары аштым. Ел үшін күріш өсірдім. Күрішпен бірге өзім де өстім. Соғыс жылдары күріштің әр гектарынан 70-80 центнерден өнім алдым, Сыр бойы үшін бұл дақыл өсімтал екендігін дәлелдедім, – деп еске алды соғыс жылдарында шыңдалған диқаншылық кәсібін Ыбекең.
«Бітер істің басына, жақсы келсе қасына» дегендей, әуелгі кезеңде Шиелі диқандарының, кейін күллі Сыр күрішшілерінің әлемдік рекорд мол өнім алу деңгейіне жетуіне агроном-ғалым Әнес Алтынбековтің сіңірген еңбегі айрықша. Балқаш өңірінің тумасы, Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітірген Әнес Сыр еліне жолдамамен келген. 1940 жылы Шиелі аудандық жер бөлімінің бас агрономы болып тағайындалғанда 30 жастағы жігіт екен. Ыбырай одан жиырма жас үлкен. Алғаш егіс басына келіп танысып, өнім қаншадан келіп жатыр деп сұрағанда Ыбырай 22 центнерден дейді. Әнес аз, аз деп азырқанғанда, өзінше қанағат етіп отырған диқан таңырқайды. Ол кезде жоғары өнім бұрыннан күріш өсіріп қалған корейлерде, олардың ішінде Ким Ман Сам деген қарт диқанда екен. 1938 жылы Қиыр Шығыстан көшіріліп, шашырата Орта Азия, Қазақстанға, оның ішінде Сыр бойына, Шиеліге де қоныстандырылған корейлер өздері «Авангард» және «Гигант» деп атаған екі колхозға шоғырланған-ды. Ким әр гектардан 80 центнерге дейін өнім алса, қазақ шалы диқан Маман Қалдыбаев 70 центнерден келтірген екен. Бірақ олар жасы үлкейіп қалған адамдар еді.
Жарты ғасыр ғұмырының кейінгі оншақты жылын диқаншылыққа арнаған, бірақ бар білері өзінің өмір тәжірибесі, басқа арнайы білім жоқ Ыбырайға маман Әнес мол өнімнің бастапқы негізі жерді таңдай және баптай білу екендігін баяндайды, Ыбырай көкейінде жүрген талай дүдәмал сұрағына жауап алады. Ғалым талант пен табиғи дарын осылай тоғысады. Нәтиже көп күттірмеді, 1941 жылы Ыбырай бес гектар алқабының әр гектарынан 43 центнерден өнім алса, келесі 1942 жылғы өнім гектарға 84 центнер болды. Бұл жылы Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 160 центнер өнім жинап, алғашқы рекордты жасады. Корейлер шоғырланған «Авангард» колхозында орташа өнім гектарға 75 центнерден келді. Осындай жетістік сырын барша диқанның игілігіне айналдыру үшін ауданда қыста екі айлық күрішшілер оқуы ұйымдастырылып, онда Әнес, Ким Ман Сам және Ыбырай сабақ берді, басқалар тәжірибе бөлісті. Бұл кейін жетпісінші жылдары ұйымдастырылатын «Жақаевшылар мектебі» деп аталған күрішшілердің республикалық озат тәжірибе мектебінің бастауы десе де болатын курс еді. Дәріс алған отыз диқанның келесі жылы табысы өсті. Мол өнім үшін аттаныс екі диқанның бәсекелестігіне емес, достығына ұласады. Ким Ман Сам өзі мен Ыбырай екеуін түйенің қос өркешіне теңеген екен. 1943 жылы Ыбырай гектар көрсеткішін 130 центнерге жеткізеді. Осы жылдарғы жетістіктері үшін олар 1944 жылы алғашқы үкіметтік марапаттарын – «Еңбек Қызыл Ту» орденін алса, осы аудандағы жастары да үлкен, өнімдері де жоғары күрішшілер Ұлдар Дәуішева мен Маман Қалдыбаев «Ленин» орденін кеуделеріне тағады.
Ыбырайдың гектардан жүз центнер мөлшерден асқан жылы 1944 жылы – 110 центнер. 1945 жылы – 156 центнер, 1946 жылы 160 центнер межеге жетіп, Ким Ман Самның 1942 жылғы рекорд жетістігін қайталайды. Сол 1946 жылы Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы (ол кезде Сталиндік сыйлық деп аталған) беріледі. Сол сыйлық қаражатқа Ыбырай колхозына 5 трактор сатып әперсе, Ким Ман Сам ауылына клуб соқтырды. Ол 1956 жылы туған елі Корея Халық-Демократиялық Республикасына кетті. Артында диқан даңқы қалды. Қазір сол мәдениет үйі Ким ақсақалдың атында.
Жыл сайын асып отырған жоғары көрсеткіш Ыбырай мен Әнесті тоқмейілсітпеген. Екеуі де мол тәжірибе жинақтады. Жерді, тұқымды таңдау мен баптау, судың қасиетін, суғару әдістерін жетілдіре түседі. Ақыры арманға қол жеткізеді – 1947 жылы Ыбырай күріштің Сыр бойында өнген «Қазақ салысы» сортын егіп, бес гектар танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алады. Жаңа әлемдік рекорд! Содан бері бұл көрсеткіштен әлемде асып түскен ешкім жоқ. Бұл тек Ыбырайдың ғана емес, күллі Сыр күрішшілерінің ортақ абыройы еді.
– Рекорд қалай жасалды? – деп кейін талай қойылған сауалға Ыбырай:
– Алдымен еңбек! Сонан соң еңбек! Тағы да еңбек! – деп жауап беріп келген. Осы орайда еңбекті Ыбырайдан кем істемеген, гектарына 100 центнерден асыра мол өнім алған диқандар тек Шиеліде ғана емес, күллі Сыр бойында аз болмаған. Бірақ әлемдік рекорд жасаған мол өнімші бақыты Ыбырайға ғана бұйырған. Тіпті күріш өсіру әдісіне қазақтардан бұрын қанық, корей диқандар да, олардың ішіндегі ең атақтысы Ким Ман Сам да бұл деңгейге жете алмады. Сонда бұл Ыбырай басына қонған бақ па? Солай да шығар. Дегенмен, диқан Ыбырай дүлдүл туған өнерпаз сияқты, жер тынысын, су сырын өзіне ғана мәлім терең түйсікпен танып, өмірлік тәжірибемен қорытып, тамыршыдай тап баса алған дара дарын болғаны анық.
Ата-бабасы мал бағудан басқаны білмеген қазақ шалдарының күріштен, тарыдан өнім алуда әлемдік рекорд жасағандарына таңырқап, әуелгіде сенбестікпен қараушылық кездесті. Бұл біздің тегіміздің көшпенді жұрт болғанында еді. Шетел тілшілері Мәскеуде, Алматыда ата-тегімді қазбалап сұраған да. Диқан атадан тараппын, диқандыққа жараппын. Рекордты өтіп кеткен бабалары жасамаса, жер жігін ажырата білген балалары жасайды дегенім бар оларға, – деген Ыбырай сөзі осы ойымызды бекіте түседі.
Рекордты жасау бар да, оның кездейсоқ табыс еместігін, диқангерлікті дәлелдеу бар. Ыбырай бес гектар жердің гектарынан 172 центнерден өнім алғаннан кейін он жыл бойы, яғни 1948-1957 жылдары 20 гектар алқаптың гектарынан 150-170 центнерден өнім жинап, табысының тұрақтылығын тиянақтай білген. Бірақ жас та ұлғайып қалған еді.
Ыбырай Жақаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы, алғашқы Алтын жұлдыз 1949 жылы 20 мамырда берілді. Бұл кезде Ыбырай 58 жаста. Ал Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы 1971 жылы Ыбекең 80 жасқа толғанда берілді. Бірақ бұл бір кездегі даңқты диқанның, үй тіршілігін күйттеуге көшкен қарияның мерейтойына тартылған тарту емес, қартайдым деп қоғамдық өмірден тыс қалмаған, бүкіл республикада өріс алған, Одаққа таралған «жақаевшылар қозғалысы» дейтін диқандардың мол өнім үшін жорығының басында тұрып, жас диқандарға ақыл-кеңесші болған қайраткер қарттың белсенді қоғамдық қызметін лайықты бағалау еді.
Жақаевшылар қозғалысы
1963 жылдың басында облысқа басшы – бірінші хатшы болып Мұстақым Біләлұлы Ықсанов келеді. Ол елмен танысу алғашқы сапарын Ыбырай ақсақалға сәлем беруден, егісі бірыңғай суармалы облыстың күріш шаруашылығын өркендету бағыттары туралы даңғайыр диқанмен ойласудан бастайды. Бұл Ыбекеңе Алладан тілегені алдына келгендей әсер еткен екен. Диқан мен партия қайраткерінің ойы бір жерден шығады. Өйткені Ықсанов ауыл, су шаруашылығы маманы, шаруашылық басқарудан өскен, кең ауқымда ойлайтын басшы еді. Осылайша облыста күріш егістігін инженерлік жүйеге келтіріп тегістелген алаптарға орналастыру, Сырдың сол жағалау бетінен жаңа алқаптарды игеру, жаңа арналар тарту, жолдар салу қызу қолға алынады, іргелі жоспарды жүзеге асыру үшін Одақ, республика тарапынан қомақты қаржы бөлінеді, жаңадан ондаған совхоз ашылады, құрылыс трестері құрылады. Шымкенттегі республикалық күріш ғылыми-зерттеу институты Қызылордаға көшіріледі.
Осы атқарылып жатқан алапат жұмыстардың түпкі мақсаты – күріш егістігін ұлғайту, өнімін молайту, сол арқылы елді көтеру, гүлдендіру. Бұл үшін Сыр диқандарының шоғырын көбейту, күріштен мол өнім алуды тұрақтандыру қажет. Ойындағысының оясы келіп тұрған сәтте Ыбырай тағы да алғы шепке шықты. Бұл оның бейне екінші тынысы ашылғандай кез еді. 1964 жылы наурызда Ы. Жақаевтың «Жас ұрпаққа сәлем хат» деген жастарға арналған жолдауы облыстық газеттерде жарияланып, радиодан берілді.
Қымбатты жастар! Сыр жері күріш өсіруде дүниежүзілік рекордтың туын тіккен жер. Біз сол туды қолдан шығармауға тиіспіз. ...Жастар, күріш егуге көптеп келіңдер, онан жоғары өнім алуға дайындалыңдар. Ғылым мен техниканың жетістіктерін бай тәжірибемен байланыстыра және агротехникалық білімді жетік меңгере отырып, біз алмаған асуды алатын болыңдар. Еңбек эстафетасын біз сендерге беріп отырмыз. Келешек рекорд иесі сендер боласыңдар, мен сендерді сол биіктен көргім келеді, деп түйіндеді даңқты диқан Ыбырай дана.
Іздегені табылған облыс басшы органдары Жақаевтың осы тарихи хатын қолдап, оны ұйымдастыру, насихат, жұмылдыру жұмыстарының өзегіне айналдырды. Еңбек ұжымдары, жастар, мектеп бітірушілер Ыбырай аталарын кездесулерге шақыра бастады, дана қарттың өсиетін өз ауызынан естігілері келді. Шиелі ауданы қазіргі Бала би ауылында Абай атындағы мектепті сол 1964 жылы бітіруші 25 жас өз сынып жетекшілері Мырзахан Қойлыбайұлының басшылығымен күріш егуге бел байлап, облыс жастарына үлгі көрсетті. Бұл бастаманы қолдаған Жалағаш ауданындағы «Жаңа талап» ауылының мектеп бітіруші қыздары механизатор болуға тілек білдірді. Бастама осылай облыстың жер-жерінде өріс алды.
Сол алғашқы 1964 жылдың өзінде-ақ облыста 74 жас күрішші-диқандар қатарын толықтырды. Күріш егісінің көлемі екі еседен астамға ұлғайып 29 600 гектарға жетті. Орташа өнім де көтерілді – облыс бойынша гектарына 23,9 центнерден келсе, шиелілік диқандар жетістігі бұдан жоғары болды. Мысалы, қазіргі Бала би, сол кезде Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхоз күрішшілері гектарына 30 центнерден келтірді. Облыс Отан қоймасына тұңғыш рет 3,3 млн. тонна мол күріш құйды. «Жақаевшылар қозғалысы» деген атқа ие болған үлкен еңбек өрлеуі осылай басталған еді. Жастарға ұран болған Ыбекеңнің өзі де қарап қалмады. Ол қолына кетпенін ұстап, соңғы рет күріш еккен жылы 1966 жыл. Бұл кезде Ыбекең 75 жаста. Бірақ әлі қуатты, ширақ. Сол жылы әр гектардан 91 центнерден өнім алып, тікелей диқандық өмір кезеңін үлкен жетістікпен қорытындылады. Бұл сол жылы Қызылорда облысындағы ең жоғарғы көрсеткіш болған екен.
Осы алғашқы жетістік қорытындыланып, 1965 жылы көктемде облыста алғаш жақаевшылар жиыны – слет өткізілді, оған екінші ғарышкер Герман Титовтың арнайы келіп қатысуы мәселенің маңызын аша түсті. Даңқы аспандап тұрған ғарышкердің «Ыбырай Жақаевқа таңғала отырып, алдында басымды иемін. Одан ғибрат алған жастардың өмір-бақи қартаймай өтудің сыры еңбекте екеніне көздері жетсін» деп зор құрмет білдіретіні осы жолы. Осындай слеттерде Ыбекеңнің ізбасар жастарға «Еңбек аттестатын» тапсырып отыру дәстүрі қалыптасты, ниет білдіргеннің бәрі емес, әр гектардан кемінде 40 центнерден өнім ала алған күрішші ғана «жақаевшы» атанды. Сол үшін Шиеліде Ы. Жақаев атындағы республикалық күрішшілер мектебі ұйымдастырылып, жас диқандар білімін көтерді. Жақаев бастамасы одақтық «Правда», «Известия», «Сельская жизнь», «Труд» сияқты беделді баспасөзде насихатталып, күріш өсіретін өңірлер – Ресейде, Кубаньда, Қиыр Шығыста, Украинада, Өзбекстанда, Қарақалпақстанда үндестік тапты.
Міне, осы кезеңде Жақаев және оның ізбасарларының еңбек өрлеуі ақын-жазушы, сазгерлер шығармасының арқауына айналды. Жергілікті таланттар «Жақаевшылар маршы», «Жақаевшы жастар әні», «Ақ күріш туралы ән», «Күн аруы – ақ күріш» деген әндер шығарды. Әйгілі Шәмші келіп Зейнолла Шүкіровтің өлеңіне «Сыр сұлуы» деген әлі күнге әншілер аузынан тастамайтын тамаша ән қалдырды. Тағы бір шоқтығы биік туындыны Мұхтар Шахановтың өлеңіне Нұрғиса Тілендиев арнады. Ол – «Әке туралы жыр» әні. «Жас едім өмірге еркін бойламаған, күні ертең не боларын ойламаған, шарықтап кетсем дағы қанат қағып, өзіңдей қамқор әке қайда маған» деп басталатын ән Ыбырайға арналғанымен, күллі әкелерді әспеттеген әнұранға айналып кете берді. Ыбырайдың өзінің атынан 1965 жылы «Менің бақытым» және 1980 жылы «Өмір жолдары» атты екі кітап және 1989 жылы «Қанатты сөздер» деген кітапша жарық көрді. Сірә, әдебиет пен өнерде ең көп қамтылған кейіпкер қаһарман Бауыржан болса, еңбек адамдарының ішінде Ыбырайға тең келер ешкімнің жоқтығы оның қартайған шағында да қайратына мініп, өз соңынан жүздеген ізбасар ерте білген, еліміздің астық тәуелсіздігін орнықтыруда, Қызылорда облысын Кеңес Одағы елінде күріштің отанына айналдырып, республикада күріштің 80 пайызына, Одақ бойынша 25 пайызына дейіні осы Сыр бойында өндірілетін деңгейге жетуіне сіңірген еңбегі оның өз басы мол рекорд өнім алған ерлігінен асып түспесе кем емес еді. Әбділда ақын аузымен тебіренсек: «Сіздер Ыбекеңнің өткен шағына емес, болашағына зер салыңыздаршы. Біздің күрішшілердің қазіргі шыққан биігі – Ыбекеңнің өмірбаянының жалғасы іспеттес емес пе? Атамыздың қадірлі келбетін бұрынғыдан да жарқыратып тұрған жоқ па, ойлаңыздаршы».
Мұны ел көрмей, басшылық байқамай қалған жоқ. Сондықтан Ыбырай 80 жасқа келгенде оның омырауына Социалистік Еңбек Ерінің екінші «Алтын жұлдызы» осылай лайықты тағылып еді. Абыройға Ыбырай ғана кенелмеді. Облыс бойынша «Алтын жұлдызды» 91 еңбеккердің 60-ы күрішші еді. Тек Шиелінің өзінде 38 Еңбек Ерінің 34-і күрішші. Одақта шахтер А. Г. Стахановтан кейін Қазақстанда Ы.Жақаевтан басқа кім осыншалықты еңбек даңқын асырған шәкірттерімен мақтана алар екен!
Сексенінші жылдардың аяғында күріш егістігі облыста 100 мың гектарға жетсе, жақаевшылар саны 750-ден асты. «Жақаевшылар» деген ұғым Қазақстанның алғашқы 10 томдық энциклопедиясына енді. Жақаевтың талантты ізбасарларының бірі Жалағаш ауданынан шыққан диқан Кеншімбай Алшоразов тіпті Кубаға барып бірнеше жыл күріш өсіруді үйретіп қайтты. Бұл ел ырысы Сыр күрішінің, күрішшілерінің бағы жануының шырқау кезеңі еді. Ыбырай айта беретін «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас. Жалғыз асқар тауға шыққаннан не пайда. Шәкірті жоқ ұстаз – бұтақсыз бәйтерек. Шәкіртің көп болсын. Жалынды бол. Жалыныңнан басқа адамдар жылу алсын» дейтін қағида осылай жүзеге асқан еді.
Ағайдар ЫСЫМҰЛЫ.