• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2017

Тарихи маңызы зор көрме

1089 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы өз жұмысын бастады.

Ел астанасын Алматыдан Арқа төріне көшірген 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы жұртшылығының назарына ұсынылып отыр. Бірер айға созылатын айтулы жобаның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбек, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған бірқатар құрылымдардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жоба аясында көрермен назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылмақ. Олардың қатарында шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының Елбасына тарту еткен жоғары мемлекеттік наградалары, Қасиетті Құранның бірегей жинақтары мен танымал тұлғалардың сыйлаған қолтаңбалық кітаптары, сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың әлем тілдеріне аударылған еңбектері бар.

– Бұл маңызы зор жобаны Алматыда бастауымыздың өзіндік себептері бар. Алматы – әлемге әйгілі мәдениет пен өнердің орталығы. Тәуелсіздігіміз де ең алғаш осы Алматыда жарияланған болатын. Сондықтан Алматы барша қазақстандықтар үшін ерекше ыстық, бәріміздің жүрегімізге жақын қала болып саналады. Бұл жоба Алматының мәдени және рухани өміріндегі аса бір елеулі оқиға болады деп үміттенеміз. Көрменің аясында біз көптеген семинарлар, конференция­лар, кездесулер өткізетін боламыз. Барлық алматылықтар мен қала қонақтарын тарихи маңызы зор, мәні терең көрмені тамашалап көзайым болуға шақырамыз. Көрменің негізгі мақсаты – Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету, – деді көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Махмұд Қасымбек. 

 Барлық жұмыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары көрменің тақырыптық және шолу экскурсия­ларын тыңдап, Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен жан-жақты таныса алады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше көрме жұмысы негізгі төрт бөлімнен тұрады. «Көшбасшы жолы» бөлімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертіп, Ұлт Көшбасшысының жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. 

 «Көшбасшы феномені» бөлімінде жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан. 

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Президенттің және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесін тану белгісі ретінде ұсынылған Елбасының жоғары мемлекеттік наградалары баяндалған.

Ал «Әлем қадірлеген Елбасы» бө­лі­мінде еліміздің қарқынды сыртқы сая­саты көрсетіледі. Бұл әлемдік деңгейдегі саясаткердің биік беделін танытады. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық сыйлықтар, жеке жазбалар, мұрағаттық материалдар арқылы көрініс тапқан.

– Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Алматыда бастау алған бұл шараның маңызы зор. Мемлекет басшысы халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған еркіндігінің есігін ашты. Тарих үшін өте қысқа мерзімде ел экономикасын қарыштап дамытып, ішкі және сыртқы саясаттың қуатын әлемдік деңгейге көтерді. Қазіргі уақытта еліміз әлем мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналды. Елбасымыздың бастамасымен ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен өнерімізді, әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды жаңғыртуды бастадық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек еліміздің ғана емес, шетелдік сарапшылар мен халықаралық ұйымдар тарапынан да жоғары бағаға ие болғанын көріп отырмыз. Сондықтан бүгінгі жобаның келер ұрпақтың кемел келешегі үшін, еліміз үшін берері көп, – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Экскурсиялар балабақша тәрбие­ленушілері, оқушылар мен студенттер іспетті түрлі жас санатындағы аудитория мүшелеріне арналған. Осылайша Алматы жұртшылығы алдағы күндері тарихи маңызы зор көрмедегі құнды жәдігерлерді өз көзімен көріп тамашалай алады.

    

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ