Қазақстан мен Франция сауда және экономикалық әріптестік жөнінен бесінші орында келеді. Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесті.
«Қазақстан негізінен мұнай, металл мен металл өнімдерін, химиялық өнімдер, ауыл шаруашылығы азық-түлігін экспорттауда. Ал Франциядан мемлекетіміз электронды және механикалық жабдықтар, тұтынушылық тауарлар, дәрі-дәрмек пен косметика, автокөліктер, тағам өнімдері мен құрылыс материалдарын импорттайды. Францияның Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бастап 2016 жылдың жартысына дейін құйған қаржысы 12,7 млрд долларды құрады. Біздің елімізде француз капиталы бар 135 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың арасында «Тоталь», «Арева», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом» және басқа да компаниялар бар», деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жүздесу барысында. Француз елшісі Филипп Мартинэ ОҚО мен Франция аймақтары арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамытудың әлеуеті зор екенін айтты. «Екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында біздің аймақтар арасында импорт және экспорт көп салаларды анықтау бағытында бірге жұмыс жасауды ұсынамын. Сол салалар бойынша біріккен жаңа өндіріс орындарын ашуға болады деп ойлаймын. Біз өзара әріптестігімізді ұзақ мерзімге жалғастыруға сенеміз», деді ол. Франция бүгінгі таңда дамыған индустриалды-аграрлы ел саналады. Бұл ел өндірістік өнеркәсіп көлемі бойынша әлемде алдыңғы қатарда келеді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің машина жасау, автокөлік жасау, электр-техникалық және электронды өндіріс, авиация, кеме және станоктар жасау секілді салалары жақсы дамыған. Сондай-ақ Франция әлемдегі ең ірі химиялық және мұнай химиялық өнімдер, қара және түсті металл шығарушы мемлекеттің бірі саналады. Бұдан кейін екі тарап Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Француз Альянсының» ашылу салтанатына қатысты. Аталған ұйым әлемде 1883 жылдан бері жұмыс жасайды. 800-ден астам өкілдігі бар. Осы арқылы француз тілі мен дәстүрін, мәдениетін насихаттап келеді. Айтулы жиынға Париждегі «Француз Альянсы» қорының өкілі Беккер ханым арнайы келді. Мамандардың айтуынша, екі ел арасындағы мәдени-әдеби байланыстары мен лингвистикалық және ғылыми қарым-қатынасты нығайтуға бұл Алянстың ықпалы жақсы болады деп күтілуде.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы