• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2017

Қазақстан бастамаларын жоғары бағалады

327 рет
көрсетілді

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұ­рақты өкілі Қайрат Омаров басқарған Қауіпсіздік Кеңесінің ИЛИМ (ДАИШ), «Әл-Каида» және «Талибан» қозғалысы жөніндегі 1988 комитеттерінің делегациясы Ауғанстанға барды. Бұл сапардың мақсаты БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің елдегі халықаралық лаңкестік ұйымдарға қарсы санкцияларды жүзеге асыру мен олардың тиімділігі туралы ақпарат алмасу және сондағы жағдаймен танысу болатын.    

­­

 Кабулға сапары барысында Кеңес өкілдері Ауғанстан Президенті Ашраф Ганимен, атқарушы биліктің басшысы Абдулла Абдулламен, Әлемдік жоғарғы кеңестің төрағасы Мохаммад Халилимен және елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және терроризмді қар­жы­лан­дыруға қарсы жауапты бірқатар ведомство басшыларымен кездесті. 

Басқосуда Ауғанстан бас­шы­лығы делегацияға елдегі жағдайды таныстырып, ұлттық татулықты дамыту, терро­ризм­мен күрес және бей­біт­шілікті қамтамасыз ету жө­нін­де атқарылған жұмыс­тар­ды көрсетті. Кабул билігі Қауіп­сіздік Кеңесі санк­ция­ларының тиімді тетіктерін пайдалану арқылы Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге ниет білдірді. 

Gandhara радиосы атқа­ру­шы биліктің басшысы Абдулла Абдулланың Қауіп­сіздік Кеңесі өкілдерін «Тали­бан» көсемдеріне санкция салуға шақырғанын хабарлады. Ақпарат агенттігінің айтуынша, А.Абдулла мұндай мәлімдемені БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесі санк­ция­лар жөнін­дегі комитетінің төр­аға­сы Қ.Омаровпен кез­дес­­кен­нен кейін жасаған. Атқарушы билік басшысы «Талибан» лаңкестерін «қатігез жанал­ғыш» деп сипаттап, «мем­ле­кет­тің қирауының басты себеп­керлері» екенін жеткізген. Оның пікірінше, Хайбатулла Ахундзада бастаған бірқатар «Талибан» мүшелері терроршылар тізіміне кіруі керек. 

Ауғанстан тарапының Қ.Омаров бастаған делегацияға қолқа салуы бекер емес. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі әлемдегі бейбітшілік мәселесін шешуден бөлек, халықаралық террористер тізіміне енетіндерді анықтап, оларға санкция салып отырады. Кеңес комитет­терінің 1267 және 1988 санкциялар режімі лаңкестік құры­лымдардың қызметіне байланысты жеке, заңды тұлғалар және ұйымдарға қатысты жол жүру, активтерге тыйым салу, сондай-ақ қару-жарақ эмбаргосына тыйым салуды көздейді. 

Оның үстіне, жеке және заңды тұлғалар мен ұйымдарды террорист деп тану үшін Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы мемлекеттердің келісімі керек. Алда-жалда Кеңестің тұрақты мүшесі оған вето қойса, олар террорист ретінде танылмайды. Мәселен, таяуда АҚШ, Франция және Ұлыбритания «Джаиш Мохаммед» лаңкестік тобы­ның басшысы Азхар Масудты халықаралық терроршы ретін­де тануға ұсыныс білдірген. Алайда Қытай Кеңестің тұрақ­ты мүшесі ретінде оған вето қой­ды. Нәтижесінде Үндістандағы бірқатар террорлық әрекетті ұйымдастырды деп есептелетін Азхар Масуд тағы да «қара тізімге» енбей қалды. 

Ауғанстан мәселесі – Қауіп­сіздік Кеңес құра­мындағы Қазақстанның басымдық беретін бағыттардың бірі. Жыл басында Елбасы Н.Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жол­даған саяси Үндеуінде Ауған­­с­тандағы жағдай және Орта­­лық Азиядағы бейбітші­лік, қауіп­сіздік пен дамуды нығайт­у шаралары бойынша ауқым­ды, теңдестірілген, маз­мұн­ды және нәтижелі тал­қы­лау ұйым­дастыруға ниет­ті еке­нін мәлімдеген бола­тын. Осыған сәйкес, еліміз Қауіп­­­сіз­дік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретінде ИЛИМ (ДАИШ), «Әл-Каида» және «Талибан» қозғалысы жөнін­дегі 1988 Комитеттің төраға­сы ретінде мақсатты жұмыс атқарып келеді.

Ауғанстан Президенті А.Ганимен кездесу барысында да бірқатар мәселелер тал­қ­ы­­ланды. Ел басшысы тұрақ­­­тылықты нығайту үшін қауіп­сіздік пен даму мә­се­­ле­лері арасындағы берік бай­ла­ныс, сондай-ақ өңірлік ынтымақ­тастықтың маңыз­дылығын атап өтті. Сонымен қатар ол Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанға БҰҰ аясында аймақтың және Ауған­стандағы жағдайды рет­теу мәселелеріне қолдау көрсет­кені үшін ризашылық білдірді.

Халықаралық күн тәртібін­дегі мәселелерді талқылаумен қатар, А. Гани Кабул мен Аста­на арасындағы екі жақты қаты­настарды жоғары бағалады және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауған­стандағы бейбіт даму мәсе­лелеріне көңіл бөлгені үшін алғыс айтты.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»