• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2017

Алматыда үздік инженерлер анықталды

412 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Ғылым ордасында» Ұлттық инженерлік академияның жалпы жиналысы өтіп, онда еліміздің үздік инженерлері анықталды.

«Қазақстанның үздік инженері» аталымы бойынша өндірістің жетекші ғалымдары мен инженерлерін, ірі компаниялар мен ұйымдардың және ғылыми-зерттеу институттардың қызметкерлері арасындағы нағыз маманды анықтайтын байқау жыл сайын ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Ұлттық инженерлік академия «Қазақстанның құрметті инженері» атағын беруді де дәстүрлі түрде жалғастырып келеді. Биыл бұл марапатқа белгілі қоғам қайраткерлері Нығметжан Есенғарин мен М.Есенов лайық деп табылып, академияның арнайы дипломы мен төс белгісі тапсырылды.

Ал «Қазақстанның үздік инженері» марапаты Астана қаласы бойынша  инфрақұрылымдық қайта құрудың ірі инновациялық бағдарламаларын іске асыруға үлес қосқаны үшін Сергей Хорошун, медицинаға және электроникаға наноқұрылымды материалдарды әзірлеп, енгізгені үшін Артем Козловский, Алматы облысында жүгеріні қайта тереңдете өңдеу бойынша кәсіпорындарының инновациялық кешенін тұрғызғаны үшін Закиржан Кузиев, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде энергия тиімділік әдістерін жасау және енгізуге қол жеткізгені үшін Алтай Абдрахманов, KazSTSat ғарыш аппаратын әзірлеуге қатысқаны үшін Арман Бекембаев, Қазақстанда алғаш рет мұнай құбырларына винтті сорғыларды және шыны пластикалық құбырларды орнатқаны үшін Нысанбай Қуантаев, фосфор өнеркәсібі кәсіпорындарында пеш газын пайдалану бойынша инновациялық технологияларды енгізгені үшін Леонид Франгулиди және Сергей Асаинов «Богатырь көмір» шахталарында ауа бөлу технологиясына инновациялық әдістер енгізгені үшін берілді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»