Жүз жыл! Ғасырмен астасқан осы бір уақыт өлшеміне ой жүгіртіп көрейікші. Не болып, не өтпеді?! Тарих талайы ХХ ғасырды өзгерістен де, төңкерістен де, қуғын-сүргіннен де, қанды қырғыннан да, тоңы қалың тоқыраудан да, қарық қылар нарықтан да кенде қылған жоқ.
Ең бастысы, ата-баба аңсаған азаттықтың арайлы ақ таңы – тәуелсіздігімізге де сол ХХ ғасырда қол жеткіздік. Аумалы-төкпелі осы ғасырлар толқынында «мың өліп, мың тіріліп» келе жатқан қазақтың талайлы тағдырынан жүз жылдық шежіресі бар санаулы қазақ газеттері шет қалған жоқ. Соның бірі – Арқаның үні – Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті. Біз газет ұжымын құттықтай отырып, осы мақаланы ұсынамыз.
Ежелгі Ақмола облысы қазақ жұртының қызығына сүйсініп, барына балаша қуанған, жар сала жазып, жалықпай жырлаған, кемшілігіне күйініп, уайым-қайғысын қабырғасы қақырай бөліскен, елім деп таң атырып, жерім деп күнін батырған, тілім деп күңіренген, дәстүрім деп тебіренген, елдігіміздің ділі, қазақшылығымыздың қара діңгегі Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктен» бастау алып, «Арқа ажарына» жалғасқан осы жалғыз басылым болатын.
Бүгін, міне, ғасырлар тоғысында Ақмола өңірінің шежіресін сомдаған сол басылымның жүз жылдық мерейтойы. Егер газет тарихына тереңірек ден қоятын болсақ, «Арқа ажары» газетінің мерейтойы биыл емес, келесі жылы және ғасырлық емес, тоқсан жылдық мерекесі тойлануға тиіс еді. Себебі ресми түрде 1978 жылы Ақмола (Целиноград) облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінің 50 жылдығы аталып өтіліп, газет КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған болатын. Газеттің 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында осы орденді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы Исатай Әбдікәрімовтің сол кездегі газеттің бас редакторы Әмірғали Нүркішевке тапсырғанына куә болған едік.
Ендеше газет тарихының бірден 11 жылға ұзарып, 1997 жылы ресми түрде 80 жылдығының аталып өтілуінің сыры неде? «Арқа ажары» газетінің шежіресіндегі көпшілік біле бермейтін осы бір тағдыршешті оқиғаны басылымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашық жария етуді өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін.
1997 жылдың басында «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, қабырғалы қаламгер Жомарт Әбдіхалық мені (ол кезде осы басылымда бас редактордың орынбасары қызметін атқаратын едім) және газеттің жауапты хатшысы, білікті журналист Бәдуан Имашты өзінің бөлмесіне шақырып алып, тосын ұсыныс айтты: «Келесі жылы біздің газетіміздің 70 жылдық мерейтойы екенін білесіздер. Енді біз барлық мүмкіндігімізді жұмылдырып, биылғы жылы күзде газетіміздің 80 жылдық мерекесін атап өтуіміз керек. Себебі Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің бастауы «Жаңа Арқа» газеті емес, «Тіршілік» газеті. Сондықтан біз бүгінгі «Арқа ажары» газетінің шежіресін «Тіршіліктен» бастауымыз керек», деді Жөкең ойлы көкшіл көздерін алдындағы газетке қадап, аққұба жүзі сәл күреңітіп. «Қалай дәлелдейміз?», дедім мен сәлден кейін үнсіздікті бұзып, тосын ұсынысты тосырқай қабылдағандай.
Осы ретте мәселенің мәнін қысқаша түсіндіріп өтсек, артық болмас. Сол уақытқа дейін ресми түрде «Арқа ажары» газетінің шежіресі 1928 жылы құрылған Ақмола округінің органы ретінде сол жылдың 21 қыркүйегінде шыға бастаған «Жаңа Арқа» газетінен бастау алып келді. 1978 жылы газеттің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтер қарсаңында Әнуар Ипмағамбетов, Әмірғали Нүркішов, Рамазан Ахметов, Октябрь Әлібеков сияқты ағаларымыз газет шежіресін Ақмола қаласында 1917 жылы дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің бастамашылығымен жарық көрген «Тіршілік» газетінен бастау үшін барын салып бақты. Сол үшін Орынбор, Омбы қалаларының мұрағаттарына арнайы адам жіберіп, «Тіршілік» газетінің бір данасын табуға тырысты. Өкінішке қарай Сәкенің соңына шырақ алып түскен жандайшаптар ел санасынан ер есімін мәңгі өшіру үшін Сәкенге қатысты құжаттар мен деректерді түгел өртепті. Сол сұрапыл өрттің ішінде «Тіршілік» газетінің тігінділері де түгел жанып кеткен. 1978 жылы Кеңес өкіметінің бюрократтық қатаң тәртібі бір данасы да сақталмаған «Тіршіліктен» облыстық басылым шежіресін бастаудан бас тартты...
Сөйтіп 1997 жылы Жомарт Әбдіхалықтың жетекшілігімен «Арқа ажары» газетінің тарихын «Тіршіліктен» тамыр тартқызуды көздеген ізденісті жұмыс қайтадан бастау алды. Біз арнайы іссапармен Мәскеу, Алматы, Орынбор, Омбы қалаларының мұрағаттарына адамдар жіберіп, «Тіршілік» газетіне қатысты қандай да бір құжаттар мен деректер жинауға кірістік. Бұл ретте елімізге белгілі өлкетанушы, марқұм Клара Әмірқызының ерен еңбегін ерекше атап өту парыз. Клара апай Алматы, Омбы және Орынбор қалаларында апталап жүріп, мұрағаттардағы уақыт салмағымен сарғайған құжаттарды зерттеп, қажетті деректерді жинастырды. Сонымен бірге тарихи әділеттікті қалпына келтіріп, Арқа өңіріндегі қазақ басылымдарының «Тіршіліктен» тамыр тартатындығын дәлелдеуге барынша еңбек сіңірген қазақ баспасөзі тарихының білгір зерттеушісі, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, марқұм Үшкөлтай Субханбердина апамыздың жанқиярлық қызметіне зор ілтипат білдіреміз.
Тарихи ақтаңдақты анықтауға арналған жұмыстардың аяқталмауына байланысты біз 1997 жылы да, 1998 жылы да газетіміздің кезекті мерейтойын өткізе алмадық. Тек 1999 жылдың көктемінде Клара Әмірқызы мен Үшкөлтай Субханбердина апаларымыздың жинаған тарихи құжаттары мен деректерінің хаттамасын және филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев бастаған бір топ белгілі ғалымдардың арнайы жазылған хатын алып, газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық Ақмола облысының сол кездегі әкімі Сергей Кулагиннің қабылдауында болды. Кейіннен облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Ақмола облыстық мәслихатының осы мәселеге арналған арнайы сессиясы өткізілді. Онда «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық баяндама жасап, Ақмола облысындағы қазақ баспасөзі 1917 жылдың шілде айында Ақмолада жарық көре бастаған «Жас қазақ» ұйымының үні – «Тіршілік» газетінен бастау алатынын дәлелдеп шықты. Күн тәртібіндегі мәселе бо- йынша облыстық мәслихаттың арнаулы қаулысы қабылданып, 1999 жылы 22 сәуірде, екі жыл кешігіп, «Арқа ажары» газетінің 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Міне, енді осы тарихи әділеттіліктің лайықты жалғасын тапқан үрдіс ретінде биыл, яғни 2017 жылы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өткелі отыр. Осы ретте тарихи әділеттілікті орнықтыру жолындағы игі істің бастамашысы болған марқұм Жомарт Әбдіхалықтың ерен еңбегі мен парасатты бейнесін құрметпен еске алу парыз.
Иә, Ақмола атырабындағы қазақтың төл тіліндегі басылым қай кезеңде де жалғыз жарымнан аса алған жоқ. Бірақ қай-қайсы болсын әр кезеңнің жаршысы, халқының мұң-мұқтажының жоқтаушысы, ұлттық мүддесінің шынайы жаршысы болғаны анық. Сонау ғасыр басында, яғни 1917 жылдың шілде айында алғашқы саны жарық көрген «Тіршілік» газеті де азаттық аңсаған ел арманын ту етті. Сазы мен сыры, сәні мен сымбаты Сарыарқаның салтанаты болған, елім, жерім, тілім деп тебіренген ақиық ақын Сәкен Сейфуллин бастауында тұрған басылымның басқаша сипатта болуы мүмкін де емес еді. Сондықтан да қасиетті халқының тіршілік түйткілдерін ту еткен «Тіршіліктен» бастау алған қазақ басылымдары елі мен жерінің тұтастығын айтар сөзінің темірқазығына айналдырып, жарқын өмір, еркін егемендікке ұмтылған Сарыарқа даласының дабылшысы болды.
Асаудай тулаған замана толқындарында уақыт құдіреті, саясат салқынымен «Тіршілік», «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі», «Сталин туы», «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры», «Арқа ажары» болып атауы өзгергенімен, облыстық басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ. Өзгермек те емес. Бүгін біз «Арқа ажарының» осы алтын арқауын лайықты жалғастырып отырған көкшетаулық әріптестерімізді Ақмола облысы төл басылымының ғасырлық торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, «Тіршіліктен» тамыр тартқан үрдістің баянды болуын тілейміз.