• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қараша, 2017

Ылдидан салса төске озған

458 рет
көрсетілді

Өмір деген – аламан бәйге. Сол аламан бәйгеге алуан түрлі жүйрік қатысады. Алуан-алуан жүйрік бар, бәрі де әліне қарай шаппақ. Сондай аламан бәйгеге қатысып, ұлы дүбір үшін туылған тұлпар тұяқ жүйріктер болады. Бабы бар да бағы жоқ, әлгіндей ұлы дүбірлерге араласа алмай, сырттан ат дүбірін естігенде көзіне жас алатын Абсент секілді, «бұғалық түскен асаудай, бұлқынып үзіп қаша алмай» (Нартай) ауыл мен аудан көкпарының бас бәйгесімен амалсыз қанағаттанып, қорада кісінеп шау тартқан жүй­ріктер аз болмаған. Қуаныш Айтахановтың білік­тілігі мен іскерлігі, зор ұйымдастырушылық қабілеті мен кісілік тұрпаты, жоқты бар, барды бай ете біле­тін, қай ауданды басқарса да көгерте білетін, жат­қан­ды тұрғызып, жалқаудан жампоз жасайтын ерек­ше қабілет иесі екенін Оңтүстік өңірі жақсы біледі. 

Қазақстан оңтүстіктен ғана тұрмайды ғой. Оның өмір жолын біле бермейтін былайғы жұрт үшін ол тындырған істі сыдырта бір шолып шықсақ та жеткілікті.

Отырарда туылды. Әкесі мұрап болды. Шәуілдір өңі­рінде ал­ғаш жеміс-жидек еккен диқан атанды. Ол қазған арық әлі күнге дейін «Айтахан арығы» деп аталады. Ел ішінде «Қыз Жібек» атанған анасы Айжа­мал Қуаныштың 13 жа­сында дүниеден өтті. Ана үшін бала­­сы­ның ержеткенін көрмей өтуден өткен қайғы бар ма екен, сірә?..

Мәскеу Ветеринария академиясын үздік бітіріп келген жас жігіт бел шешіп, шаруашылық шырғалаңына қойды да кетті. Жұмыс істегеніне бір жыл толған­да Алғабас ауданының бірінші хатшысы Нұртаза Ысмайылов оны аудан комсомол ұйымын басқа­руға шақырды. Алдында тын­дырар ісі мол жас маман кең­седе отырып қалудан қауіптеніп, ол ұсыныстан бас тартты. Екі жылдан соң облыстық партия коми­тетінің нұсқаушысы, көп ұза­май комсомол комитетінің екін­ші хатшысы болып бекіді.

Арада ұзақ жылдар өткен соң ол қызмет еткен кезеңдерге назар сала қарасақ, ол қайда болсын, қай салада қызмет атқар­сын, бәрінде де асқан іскерлік, тал­мас ізденіс, сарқылмас қайрат, өткір батылдық таныта біліпті. Қазіргі Қазығұрт ауданының екінші хатшысы болып бекігенде ол 28 жастағы жігіт еді. Партиялық субординацияның мызғымас шеңберінде жүрсе де ол өзіне тән батылдықпен «Аудандық эко­но­микалық талдау бюросын» құрды. 1977 жылы мамырда Шардара аудандық атқару коми­теті­нің төрағалығына бекіді. Д.Қонаев­тың өзі оған бата беріп, респуб­ликадағы ең жас төраға деп арқадан қақты.

Бұл жұмысқа да ол белсене кірісті. Сол белсенділіктің ар­қа­сында Қызылқұм массиві Бүкіл­одақтық екпінді құрылыс алаңына айналды. Жаңа кеңшар­лар ашылды. Суландыру, көгал­дандыру, қаланы тәртіпке келт­іру, жаңа типтегі үйлер салу, еңбекші елдің еңсесін көтеру, еңбегінің еш бол­майтынына сендіре білу болды мақсаты. Бұдан да ауқымды істерді еңсеруге білек сыбана кірісе бергенде тағы да қызмет ауыс­тыруға тура келді. Тағы да төраға­лық. Баяғы өзі істеп кеткен Ленин ауданына ауатком төр­ағасы лауазымына қайта оралды.

Мал шаруашылығымен ғана айналысатын Ленин ауданы мүлдем жаңа бағытқа бет бұр­ды. Жобада жоқ болса да, Айта­хановтың бастамасымен аудан орталығына каналдан су тартылып, барлық көшелермен сылдырап су аға бастады. Арықтар бетондалып, лотоктар тартылды. Ауданда егіліп жатқан он сегіз өсімдік дақылының қалай себіліп, қалай суарылуы және қандай тыңайтқыштарды қай мезгілде беру керектігі жайлы арнайы қойын кітапша шығарылып, әр диқанның қолына берілді.

Айтахановтың әлеуетін бұрын да көріп-біліп жүрген облыс бас­шылары оны облыс­тың агро­өнеркәсіп бірлестігі төраға­сының бірінші орынбасар­лығына лайық деп тапты. Ауылшаруашылық басқармасы бастаған бірнеше құрылымды біріктірген алып агроөнеркәсіп бірлестігін қалай шыркөбелек айналдырғанын көрген соң, қырық жылдан кейін құрамына Бөген ауданының біраз кеңшарын қосып, қайтадан ашылып жатқан Арыс ауданына бірінші хатшы етіп жіберді.

Ауданның жеке билігі өзіне тиген Қуаныш күндіз-түні құл­шына, құшырлана жұмыс істеді. Бұл оның өміріндегі ең бір өнімді кезең болды. Ол күн өткен сайын заманның тарылып келе жатқанын көріп, аудан халқын нарыққа күні-түні дайындады. Басшылар түрлі семинар, курстарға оқуға қайта-қайта жіберіліп жатты. Қала халқы түгелдей егін егетін, саяжай салатын жер теліміне ие болды. Қалалықтар бау-бақша өнімдерімен өздерін өздері толық қамтамасыз ете алды, артығын базарға шығаруды үйренді. Дала мен қаланың арасында өте тығыз байланыс орнады. Қала халқы ауыл шаруашылығы өнімдерімен, жеммен, шөппен толық қамтама­сыз етілді. Жылыжайлар көптеп салынып, олардың өнімі базарда қымыз, қымыран секілді ұлттық тағамдармен қатар тұрақты түрде сатыла бастады. Арыс қаласының базары Айтаханов тұсында об­лыс­­тағы ең арзан базарға айналды. Бәрінен бұрын халықтың рухын көтерді. Ақындар айтысы, Нау­рыз тойы, шопандар тойы кере­мет қызық та мазмұнды өтіп тұр­ды. Оларға Арыстан шыққан ақын­д­ар, жазушылар, ғалымдар шақырылды.

Бір күнде 33 көшеге қайта оралған арыстарымыздың есімі берілді. Елімізде бірінші болып билер кеңесі құрылды. Қала абаттандырылды. Арыс – Байырқұм жолы қайтадан тақтайдай етіп жөнделді. Монтайтасқа жаңа асфальт жол салынды. Мек­теп тәрізді әлеуметтік сала құры­лыстары қатты қарқынмен жүр­гізілді. Адамның ойына кел­мей­тін нәрсені ойлап табуға мық­ты Айтаханов КСРО-да ресми түрде теміржолшылар қала­сы жоқ екенін біліп алды да, Мәс­кеуге барып, Жол қатынас­тары ми­нистрлігі алдына Арыс­қа осындай мәр­тебе беру мәсе­лес­ін қойды. Нәти­жесінде, министр­ліктің бұл жө­нінде арнайы қаулысы шықты. Қалаға орта­лықтан қаржы құйыла бастады.

1991 жылы Кеңес өкіметі құлап, байланыстар бірден үзілді де, көптеген тамаша бастама аяқта­лып үлгермеді. Әйтсе де жаңа орта мектеп, көше арық­тарын науаландыру секілді талай іс ат­қарылып қалды.

Атқарылып үлгерген істердің ішіндегі ең бір сүбелісі – Арыс ауданын Арал апат аймағына жататын аудандар қатарына кіргізуі еді. Отырар, Алғабас, Созақ ондай дәрежеге ие емес кезде мұн­дай шаруаны іске асыру оңай бол­ған жоқ. Ол үшін Монтайтаста Кеңес өкіметі ядролық сынақ жүр­гіз­генін дәлелдеуге тура келді. Аудан халқы бірнеше жыл бойы жалақы мен зейнетақыға ай са­йын 20 пайыз үстеме ақша алып отыр­ды. Қалекең кеткен соң оның алып тасталғаны да шындық, бі­рақ Айтахановтың көмегімен ол қайтадан қалпына келтірілді.

1993 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейін Қуаныш Айтаханов облыс әкімінің идео­логия жөніндегі орынбасары қыз­метін атқарды. Ордабасыдағы үш елдің президенттері бас қосқан ұлы тойдың басы-қасында жүрді. Маусым айында облыста идео­логия мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Айтахановқа жүк­тел­ген әлеуметтік, сауда сала­лары да бір ретке келіп қалып еді, тек облыс басшысы ауысты да, Айта­ханов жұмыссыз қалды.

Біраз күннен кейін оған қатал қыстың қаһарына тап болған Созақ ауданына бару ұсыныл­ды. Айтаханов ойлануға бір ай сұрап, еңбек демалысына кетті. Демалыстан келген соң Мәжіліс сайлауына түспей, жауды көрсе арқаланып кететін батырларға тән мінезбен қиындыққа қарсы шапты. Қарашаның ортасынан бері малы қорадан шыға алмай қалған аудан жүз жылда бір ғана болатын жұттың алдында тұр еді. Малынан түгел болмаса да соған жуық айырылуға тиіс аудан Айтахановтың төтенше жағдай жариялап, Премьер-Министрге тікелей шығып, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Орал, тағы басқа да облыстардан жем-шөп, жанар-жағармай, Үкіметтен облысқа тиесілі 44 миллион теңгенің, сол кездегі 8-і бір долларға тең тең­ге­нің кезінде 24 миллион теңге көмек­ті Созаққа бөлдіртіп алып қайтуының арқасында апаттан аман қалды. Жем мен шөп мем­лекеттің де, жекеменшіктің де малына тағы екі жылға жетті...

Бұдан соң жекешелендіру әкімнің талабының арқасын­да мал­дың басы бар кезінде тез жүр­гізілді. Аудан оны облыс­та бірінші болып аяқтады. Сол себепті аудан қазір облыстағы мал басы ең көп аудан атанып отыр. Ал кейбір әкімді тыңдағысы келмей, кеңшар директорының айтқанынан шыға алмай, меншігін алуға асықпаған жерде, мысалы, «Созақ» совхозында үш жылдан кейін 70 мың қойдан 7 мың қой ғана қалды. Бәрін бастық бартермен тауысты...

«Ең алдымен халықтың рухын көтеру керек, өйткені экономиканы өркендету ертелі-кеш ор­нына келетін нәрсе, халық дің­гегінен айырылса оны қал­пы­на келтіру қиын», дейтін Қале­кең Созақта да елді бірлікке, тату­­­лыққа, ынтымаққа, намысын оя­ту­ға шақыратын талай игілік­ті іс-шара­лар өткізді. Сұлтан­бек Қожа­новтың 100 жылдық ме­рей­тойы Сүгір, Төлеген Мом­­беков, Төлеген Тоқбергенов, Бә­ти­ма Батырбекова, Асқар Сүлей­­­менов­тің мерейтойлары да рес­­пуб­ликалық деңгейде өтті. Баба Түкті Шашты Әзиз, Ыс­қақ баб, Қарабура, Саңғыл би кесе­не­лерінің жөнделуіне, жаңадан салынуына әкімнің септігі тиді.

1999 жылы өмір жолы Қале­кеңді Сайрамға алып келді. Сырты жақсы көрінгенмен ішкі дүниесі ойсырап, қарызға белшеден батқан ауданның алты жыл қордаланған қарызынан құтылып қана қоймай, бюджет кірісін үш жылда үш есе өсірді. Аудан тарихында қазақ тілі тұң­ғыш рет өзінің мемлекеттік мәрте­бесіне ие болды. Сайрам қазақша сөйледі. Аудан орталығы Ақсукенттегі базарға айналып кеткен орталық дүңгіршектерден тазартылып, «Мәртөбе» жаңадан салынды. Оған Үкіметтің арнайы рұқсаты алынып, Абылай ханның асқақ ескерткіші орнатылды. Ардагерлер мен Құрметті азаматтар саяжолдары ашылды. Әбіш Кекілбаев «Қазақта бұдан асқан киелі жер жоқ» деп атаған, Еуропа қара түнекте отырған кезде қазақ парламентаризмінің алтын бесігі болған, Тәуке хан «Жеті жарғы» секілді заңнама­лар жинағына қол қойған атақты Мәртөбе қалпына келтірілді, жан-жағы абаттандырылды, қайтадан ел жақсылары бас қосатын орынға айналды. 2003 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Сайрамға келген сапарында оны арнайы барып көрді.

Бала кезінде кетіп, қырық үш жылдан соң туған жеріне әкім болып оралған Қуаныш Айта­хановтың Отырарға айнал­дырған екі жылдың ішінде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бәрінен бұ­рын ол халықты оятты. Аудан әкім­шілі­гінің қызметкерлері демалыс күні дегеннің, еңбек демалысы деген­нің не екенін ұмытты. Екі жыл олар үшін екі күндей зу етіп өте шықты. Есесіне қанша жұмыс тын­дырылды, қанша маман, қанша басшы «Айтахановтың академиясынан» өтті, тәлім-тәрбие алды.

Халықтың бағы болған «Аудан­ның 2004-2007 жылдарға арнал­ған даму бағдарламасы» жаса­лды. Бағдарлама негізінде аудан­ға миллиардтаған теңге қар­жы бөлінді. Болашақта жаңадан 60 мың гектар жер игеріліп, оған сырттан ұшарға қанаты бол­май отырған мыңдаған қандас­тарымыз көшіріліп әкелінді. Бұл үрдіс бас­талып та кетті. Аудан­да таза ауыз су мәселесі түбе­гейлі ше­шімін тапты. Жерді тұздан­ды­рып жібер­ген ыза суға қарсы кү­рес пәрменді түрде жалғасып жатты.

Үлкен үйге не керек болса, отау үйге де сол керек. Облысқа не керек болса, ауданға да сол керек. Үл­кен республика ауданнан, ал аудан ауылдан құралады. Аудан бас­қар­ған адамның жұмысы об­лыс­қа қара­ғанда, әлдеқайда қарбалас.

Орын адамды емес, адам орынды көркейтеді. Аудан басқарып жүріп беделі мен абыройы облыс басшыларынан да асып түсіп жататын Айтахановқа осы абыройы алдынан көлденеңдеп шыға берген секілді. Бірақ Айтаханов ешкімге өк­пе­лемейді. «Басшылық қайда жібер­се, бәрінде де өз мін­детін адал ат­қаратын» іскер де пара­сат­ты азамат. Ол атақты Жаяу Мұса секіл­ді: жаяу қалса да есі­мі атты кісі­ден ешқашан кем ата­лып көрген емес.

Ылдидан салса төске озған хас жүйріктің шабысы әлі шау тарт­қан жоқ. Адам жасына қа­рап емес, басына қарап бағала­на­ды. Ол жүріп өткен өмір соқпақ­тары сол жолда қалдырған ісі­мен, айшықты ізімен өлшенеді. Тіпті жүзеге асыруға реті келмеген іргелі ойларының өзі оның азаматтық тұлғасын ел алдында биіктете түскен.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

АЛМАТЫ