Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайында шығармалары әлемдік көрмелерге қойылып жүрген бір атақты суретші ағамызбен кездесіп қалдық.
Көңілді екен. Жеңгей екеуі теңіз жағасында демалып, күнге күйіп, күш жиып, шабыттанып қайтыпты. Алдағы күндерде тағы да біраз тамаша, мағыналы, мәнді картиналар жазбақ ойы бар.
Кенет... Арамызда тіл туралы әңгіме қозғалып кетті. Ағылшынша, түрікше жақсы білетін жолаушылардың мынау үлкен әуежайда емін-еркін серуендеп жүргеніне қызығып, шет тілін үйрену қажеттігін алға тарта қойдық. Және өз тіліміздің қашан халықаралық деңгейге көтерілетінін ойлап, аздап қамығып та қалдық.
Сол сәтте әлгі суретші ағамыз біз күтпеген бір тосын пікірін ортаға салды.
– Қазақ тілі өте бай тіл деп мақтанамыз, – деді ол кеудесін шалқайтып. – Меніңше, бұл дұрыс емес. Артық нәрсе. Бір ғана мағынаны білдіретін бірнеше сөздер көп бізде (сірә, синоним сөздерді айтып тұрса керек – авт.). Соның салдарынан басқа жұрт тілімізді үйренуге қиналады. Сондықтан оларды ықшамдап, қысқарту керек. Көп сөздің қажеті жоқ. Әне, сонда ғана басқа жұрт тілімізді оңай үйрене алады. Қазақ тілі халықаралық тіл деңгейіне көтеріледі.
Шынымды айтсам, қатты қысылдым. Мұндай пікірге қарсы «артық сөз» айтудың өзі ұят. Тек іштегі бір ой: «Аға, сіздер бүкіл адамзатқа ортақ жеті бояудың өзін қанағат тұтпай, біріне-бірін қосып, жаңа түр, жаңа түс жасауға ұмтыласыздар. Ал егер, соның да түкке керегі жоқ, ақ пен қара түсті ғана қанағат тұтыңдар деп, қалғанын қоқысқа лақтырса, не істер едіңіздер!» дейді елеуреп.
Нұрғали Ораз, «Егемен Қазақстан»