Тау-кен металлургия саласындағы жергілікті мазмұн көрсеткішін сапалы түрде ұлғайту мәселесі 2017 жылдың 23 қарашасында Астанада өтетін «Қазақстандық өнім жасаймыз» атты жыл сайынғы форумда көтерілмек.
Іс-шара 7 жыл ішінде халықаралық және отандық жеткізушілерге арналған жалпы республикалық диалог алаңына айналып үлгерді. Өткен жылғы форумдар отандық өндіріспен байланысты мәселелерді жете түсініп, дамыту үшін жағдай жасады. Қалыптасқан дәстүрге сай іс-шара аясында жергілікті өндірістің жетістіктері мен мүмкіндіктерін ашып көрсетуге арналған қазақстандық өнімді шығаратын кәсіпорындар мен жеткізушілердің көрмесі өтеді.
«Қазақстандық өнім жасаймыз» форумының алаңында тау-кен металлургия саласындағы 100-ден аса компания бас қосады деп жоспарланған. Форум импорт алмастырумен байланысты басты қажеттіліктерді белгілеп, осы арқылы шағын және орта бизнестің ары қарайғы қызмет аясын анықтайтындықтан, іс-шараны өткізу Қазақстан Республикасының экономикасында аса маңызды рөл ойнайды.
Іс-шара ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, Kazakhmys Holding» ЖШС, Eurasian Resources Group, «KazZinc» ЖШС, KAZ Minerals Тобы және «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-ның қолдауымен өткізілуде.
Қазақстан Республикасының ең ірі тау-кен металлургиялық компанияларының жергілікті мазмұн үлесі 2017 жылдың 9 айы ішінде 64,02 пайызды құрады. Ақшалай санағанда қазақстандық жеткізушілерден сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің құны 570 млрд теңгеден асты. Жыл соңына қарай компаниялардың («Kazakhmys Holding» ЖШС, Eurasian Resources Group, «KazZinc» ЖШС, KAZ Minerals Тобы және «Қазақалтын» ТКМК» АҚ) болжанған жиынтық көрсеткіші 66,98% пайызды немесе 951,76 млрд теңге құрамақ.
Қазақстандық мазмұнды дамыту ісі Қазақстан Республикасы үшін стратегиялық және әлеуметтік үлкен маңызға ие және де ол Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауына сәйкес жүзеге асырылуда.