• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 15 Қараша, 2017

Астанада «Соғымға дайындық» жобасы қолға алынды

365 рет
көрсетілді

Елорда тұрғындары санының артуына байланысты азық-түлікке сұраныс та ұлғая түскен. Әсіресе қыста құнары мол ет өнімдеріне деген қажеттілік жоғары. Осыған орай жақында «Соғымға дайындық» жобасы қолға алынды. Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасы аясында оған Ақмола облысы Целиноград, Ерейментау, Шортанды және Аршалы аудандарының 37 жеке шаруашылығы жұмылдырылып, еліміздің бас қаласына соғымға сойылатын малдарды әзірлеп те қойған.

Қосшы елді мекенінің бүйі­ріндегі аумағы алты гектарды алып жатқан «Алтын таға» базары облыста алғашқылардың бірі бо­лып «Соғымға дайындыққа» қа­тысуға келісім беріпті. Тек сау­да сөрелері ғана емес, сонымен қа­тар қасапхана, шұжық цехы және тоңазытқыш камерасы бар базар бүгінгі таңда аяғынан нық тұрып келеді. Мұнда мемлекеттік ветеринарлық зертхана да жұмыс істейді. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қоймасы, мал бордақылауға арналған 15 мал қорасы да бар. Енді елорда тұрғындары ветеринарлық тексерістен өткен соғымды төмен бағамен сатып ала алады. Базар басшысы әрі құрылтайшы Айдар Нығметов осыдан екі жыл бұрын базарды сатып алудағы себебін бизнестерін әртараптандырумен байланыстырды. Бұл жерде,­ сойысқа негізінен қазақтың ақбас сиыры бордақылануда. Жаңа жылға дейін толық қуатына кө­шетін базарда 120 жұмыс орны құрылып, жеке шаруа қожалықтарымен кооперативтену мәселесі де күн тәртібіне шы­ғарылып отыр. 

Ақмола облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан облысқа қарасты 17 аудан Астана қаласының азық-түлік белдеуі аумағына кіретіндігін айтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нақты жобалар қолға алыныпты. Атап айтқанда, 2017 жылы құны 10,5 миллиард теңгелік 12 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда соның 7-уі толық іске қосылса, қалған 5-уі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Соның бірі – Целиноград ауданында ешкі өсірумен байланысты жоба. Емдік қасиеті бар ешкі сүті үлкен сұранысқа ие екен. 

Жоба бойынша іске қосылған кәсіпорындар өз өнімдерін тұ­тынушы сұранысы бойынша сүрленген ет немесе ысталған ет, шұжық, сүт пен сүт өнімдері кү­йінде ұсынады. Мәселен, жоғарыда айтылған «Алтын таға» базар кешені «Соғымға дайындық» жобасы бойынша 200 жылқы, мыңға тарта ірі қара мал және 3 мыңдай қой бордақылап, қажет болса, өз өнімдерін кез кел­ген күйде тұтынушысына жеткізіп бере алады екен. Базар басшысы Иран мен Қытайға өз өнімдерін экспорттауды көздеп отырғанымен де бөлісе кетті. Қорғас халықаралық сауда орта­лығына апта сайын 1,5-2 тонна шұ­жық жеткізуге дайын екен. 

Бұл орайда қолжетімді бағаға сапалы өнім ұсыну мақсатында Ақмола облысы елордада «Ақ­мол» сауда желісін ашуды көз­деп отыр. Биылғы жылдың соңы­на қарай Астананың ша­ғын аудандарында 3 сауда нүк­тесі ашылса, келесі жылдың соңына дейін олардың қатарын жиырмаға жеткізу жоспарлануда.

Астана қаласының ет және ет өнімдеріне деген сұранысы жылына 78 мың тоннаны, ал сүт және сүт өнімдеріне 300 мың тоннаны құрайды екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мәліметіне қара­ғанда, жыл соңына дейін Астана қаласына 25 мың тонна ет және 102 мың тонна сүт пен сүт өнімдері жеткізілетін болады. Бұл аталған өнімдерге деген қажеттіліктің 33-34 пайызы ғана. Ал 2021 жылға қарай оны 48 пайызға жеткізу жоспарланған. 

Тіпті жеңсік ас саналатын қоян еті де астаналықтардың сұ­ра­­нысын қанағаттандырып отыр екен. Өзіміз арнайы барып көрген «Астана Микро» асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС Ресейден, одан қалса Оңтүстік Қазақстан облысынан қоян әкеліп, санын көбейтіп отыр. Қазір мұнда «Кеңестік шиншилла», «Күміс», «Ақ алып» тұқымды қояндардың саны 1520-ға жетіпті. Мүмкіндік болса екі есеге дейін көбейту жоспарда бар көрінеді. Аталған серіктестіктің бас мал дәрігері Мейрам Әбі­шевтің «Ірі қара мал­дікімен салыстырғанда, қоян еті қымбаттау. Тұрақты тұты­нушыларымыз арқылы ғана пайда тауып отырмыз. Олардың арасында Астана қаласындағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орындары және дүкендер бар», деді ол. Жалпы, жыл сайын 4 тоннадан астам қоян еті өндіріледі екен. 

Астананың азық-түлік бел­­деуі бағдарламасы аясында биыл пайдалануға берілген «Аян» сауда таңбасымен өнім шығаратын макарон фабрикасына да бас сұқтық. Аталған кәсіпорын тәулігіне 200 тонна ұн өңдей алады. Сонымен қатар жарманың 11 түрін шыға­рады. Италиялық желімен жабдық­талған фабрика жоғары сапалы өнімдерін Астана қаласы мен Қа­рағанды облысының Осакаров ауда­нына жеткізіп тұратын болады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы