Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Зимбабве әскерилері Зед-би-си мемлекеттік телекомпанияcының ғимаратын басып алып, ел басшысы Роберт Мугабе мен оның отбасын қамауға алғанын мәлімдеді. Генерал майор С.Б. Мойо телеарнадағы мәлімдемесінде болған оқиғаның әскери төңкеріс емес екенін және Мугабе мен оның туыстарына ешқандай қауіп жоқ екенін айтты.
Елдегі билік партиясы ЗАНУ-ПФ (Зимбабве Африкалық ұлттық одағы – Патриоттық фронт) ел басшысының қамауға алынғанын растады, деп хабарлады ұлыбританиялық The Sun порталы.
ЗАНУ-ПФ арнайы мәлімдеме жасап, бұл қадамның «ұлттың саулығы үшін» жасалғанын айтты. «Зимбабве де, партия да Мугабеге де, оның әйеліне де тиесілі емес. Бүгін жаңа дәуір басталды» - делінген партия мәлімдемесінде.
BBC жергілікті БАҚ-қа сүйене отырып, Мугабе қызметінен бас тартуға дайындалып жатқанын, ал оның ізбасары оның әйелі емес, вице-президент Эммерсон Мнангагва болатынын жазады. Партия мәлімдемесінде «Жолдас Мнангагва Зимбабвені жақсырақ етуге көмектеседі» делінген.
Генерал Мойоның мәлімдемесіне дейін бірнеше сағат бұрын қала көшелерінде сарбаздар мен әскери техника көбейген. СNN бұл оқиғаны Мугабенің бір апта бұрын вице-президент Эммерсон Мнангагваны жұмыстан босатуына жауап ретінде бағалап отыр.
СNN Грейс Мугабенің елдегі абыройы жоғары емес екенін жазады. Жергілікті халық оның қымбат дүкендерге жиі барғаны үшін «Гуччи Грэйс» деп атап кеткен. Халықтың жағдайы нашар кезде президент жарының қымбат дүниелерге қызығуы оның беделін түсірсе керек.
Ал Мнангагва болса, әскер мен қауіпсіздікке жауапты органдардың қолдауына ие. 75 жастағы саяси қайраткер қызметтен кеткен соң көзден таса болған, қазір оның қайда екені белгісіз.