• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Қараша, 2017

Өзбекстан мен Түркия: Жаңа стратегиялық серіктестер

1366 рет
көрсетілді

Жақында түркі әлемінде халық саны, тарихы мен мәдениеті, сауда-экономикалық әлеуеті тұрғысынан ірі мемлекеттер – Өзбекстан мен Түркияның қа­ты­настары тарихта тұңғыш мәрте стратегиялық серіктестік дең­гейіне көтерілді. Өзбекстан Рес­публикасының президенті Ш.Мирзиёев 25-27 қазан күндері пре­зидент Р.Т.Ердоғанның ша­қы­руымен Түркияда мемлекеттік са­пармен болды. 18 жылдан бе­рі Өзбекстан президентінің Түр­кия­ға жасаған алғашқы сапа­ры екі ел ара­сындағы ынты­мақ­тастықтың жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Осы сапарға Өзбекстанның сыртқы істер министрі А.Камилов «тарихи, жемісті және маңызды» деген баға берді.  

Өзбекстан басшылығы Орталық Азия, Ресей, Қытай, Батыс Еуропа елдерімен қа­тар тілі мен мәдениеті ұқсас, діні бір жә­не тоқсан жолдың торабында ор­на­лас­қан Түркиямен өзара тиімді ынты­мақ­тастыққа үлкен мән беріп отыр.

Түркия Өзбекстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекет. Екі ел арасында мә­ңгі достық пен ынтымақтастық ке­лі­сім­ге қол қойылған. Басында Өзбек­с­тан экономикалық дамудың түр­кия­лық үл­­гісін қабылдағысы келген. Алайда қос ел­дің бұрынғы басшылары арасында саяси мәселелерге байланысты өзара се­нім әл­сіреп, былтырға дейін түйткілдер ше­ші­мін таппай келген еді. 

2016 жылдың соңында Р.Т.Ердоған мен Ш.Мирзиёевтің Самарқандағы жо­ғары деңгейдегі кездесуінен кейін екі­жақ­ты қарым-қатынас өзгеріп, тоң жіби бастады. Екі елдің президенттері, сондай-ақ Астана мен Бейжіңдегі саммиттерде кездесіп, өзара сенім нығайып, үкіметтер бас­шылары мен министрлер, кәсіпкерлер дең­гейіндегі қатынастар тұрақты қарқын алды. Ташкентте Түркия-Өзбекстан бір­лес­кен экономикалық комиссиясы отыры­сы, бір жылда үш бизнес-форум өтті. 

Өзбек тарапы түрік капиталы үшін әртүрлі қолайлы жағдай жасауға дайын екендігін мәлімдеді. Ташкент Түркияның өндіріс және кәсіпкерлік тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. 2016 жылы екі­жақты тауар айналымы 1,242 млрд дол­ларды құрады. Түркия Өзбекстанның сыр­тқы саудасында 5-ші серіктес ел болып табылады. 2017 жылдың алғашқы жар­тысында екіжақты сауда 30 пайызға өсіп, 710 млн долларға жетті. Соңғы жар­ты жылда елде 20 түрік компания­сы тіркеліп, тағы 53 фирма тіркеуге өті­ніш бе­ріпті. Қазір Өзбекстанда түрік инвес­тор­ларының қатысуымен 441 кәсіпорын жұ­мыс істейді. Түркияның осы кезге дей­ін Өзбекстанға жасаған инвестиция кө­лемі 1 млрд АҚШ долларын құраған. Түркиядағы кездесулердің нәти­же­сінде президенттер екі елдің қатынасын жа­ңа деңгейге шығарған бірлескен мә­лімдеме жасады. Өзбекстан ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм, текстиль сияқты салаларды жандандыру үшін Түр­кия­дан келетін инвестиция көлемін артты­руды көздейді. Түркия Өзбекстанға тех­ника, электронды бұйымдар, жиһаз-жаб­дық, жартылай дайын өнімдер, кө­лік, текстиль, азық-түлік, ал Өзбекстан Түр­кияға пластик өнімдер, мырыш, мақ­та өнімдерін экспорттайды. 

Ташкент ортақ жобаларға Түркияның ең ірі компанияларын тартуды мақсат тұ­тады. Түріктің «Ziraat» банкі Өз­бек­станның UTBANK банкінің акция­ларын толық иеленіп, 200 млн доллар қаражатты тұрғын үй құрылысына құюы мүмкін. Өзбекстанның сыртқы экономикалық қызмет банкі сауда жобаларын қаржыландыру мақсатында «Türk Eximbank» банкімен 44 млн АҚШ долларына тең экспорт-несие туралы келісімге қол қойды. 

Ыстанбұлдағы бизнес-форумда жол ин­фрақұрылымын, ірі энергетикалық (өңдеу зауыты) нысандарды салу, текс­тиль, электр жабдықтар, ауылшаруа­шы­лық өнімдері, логистикалық орталықтар са­лу бойынша жалпы құны 2-3,5 млрд дол­ларды құрайтын 30 бірлескен жоба туралы келісіліп, 22 құжатқа қол қойылды. Өзбекстан президенті екіжақты сауда-сат­тықты 5-6 млрд долларға шығару мүм­кін­дігін мәлімдеді. Соңғы жарты жылдың ішін­де екі ел арасында құны 2 млрд дол­ларға тең келісімдерге қол қойылған.

Өзбек тарапы импортты алмастыру жә­не экспортқа негізделген Азия үлгі­сін­дегі жаңа экономика құруды көз­деп отыр. Экспортты түрлендіру үшін Өзбек­стан жоғары қосымша құны бар тауарлар өндіріп, өнеркәсіп, электр өнімдері, по­лимер, мыс, тері, минерал, құрылыс, то­қыма, көкөніс, өңделген өнімдер шы­ғаруға мүдделі. Әсіресе облыстардағы ірі экономикалық аймақтарда шетелдік ка­питал үшін қолайлы жағдай жасалып, Түр­кия­ның ірі бизнес орталығы құрылады. Ва­люта жүйесінің либералдандырылып, ви­за жүйесінің оңтайландырылуы да бекер емес. 

Сапардың алдында Ш.Мирзиёев түрік кәсіпкерлері үшін виза мәселесін же­ңілдету туралы шешім қабылдап, мұ­ның тек алғашқы қадам екенін айтты. Бұдан бы­лай Өзбекстанға бизнес немесе туризм мақ­сатында баратын түрік азаматтары ша­қырусыз бір айлық туристік виза немесе бір жылдық визаны үш-ақ күнде ала ала­тын болады. Есептік кезеңде Түркияға бар­ған өзбек туристерінің саны 40 мыңға жетіп, ал Түркияға келген өзбек азаматтары 100 мың­нан асқан. 

Туризм саласына 300 мыңнан 10 млн долларға дейін инвестиция салатын тү­рік кәсіпкерлерін 3-7 жыл салық­тан бо­сату көзделіп отыр. Ташкент қала­сын­да құны 1 млрд доллар болатын «Tashkent City» сауда-іскерлік орталығы құ­ры­лысын жоспарлау міндеті түріктің «Tabanlıoğlu Architects» фирмасына тап­сырылып, жоба туристерді тартуды мақ­сат тұтады. «Demir Grup» фирмасы атал­ған кешенде туристік аймақты салуға кі­ріспек. Осы мақсатта «Inter Turizm» өз­бек-түрік бірлескен туризм орталығы құ­рылатын болды. Түрік тарапы 2018 жы­лы Ыстанбұл-Самарқан арасында әуе қатынасын ашуға дайын. Тараптардың мақсаты діни туризмді дамытумен қатар, Самарқан бағытындағы туристік жобаларды бірлесіп атқару. Түріктердің қонақүй бизнесін басқару тәжірибесі өзбектердің қызығушылығын тудырған сияқты. Яғни өзбектер түріктерден туризм мен өндірісті үйренуге ниет танытып, бірлесіп жобалар жасамақшы. Ташкент түріктердің көмегімен туризм секторының негізін нығайтып, дамытуға мүдделі. 

Қорғаныс саласында «Nurol Makina» мен «UzAuto» арасындағы әскери-тех­ни­калық келісімге сәйкес Өзбекстанда мың­ға жуық «Ejder Yalçın 4x4» сауытты көліктері шығарылатын болды. 2018 жыл­дар бастап өзбек әскерилері Түркияда білімдерін шыңдайтын болды. 

Өзбек БАҚ өкілдері Түркия сапары туралы жан-жақты ақпарат таратты. Сыртқы әлемге енді ғана ашылып жатқан Өзбекстанның президенті Түр­кияны «халықаралық аренадағы сенім­ді және маңызды серіктес» деп атады. Түркияның геосаяси орналасуын тиімді пайдаланғысы келетін Ташкент Түр­кия­ның Еуропа одағымен байланыс­тарына жә­не мұсылман әлеміндегі орны­на ай­рықша мән береді. Сондықтан Ба­­тысқа тау­ар жеткізу мақсатында Түр­кия­мен дос­тық қатынастарды дамыту Өз­бек­станның ұлт­тық мүддесіне толық сәй­кеседі. 

Өзбекстан – Қытай, Ресей елдерімен, Каспий сияқты маңызды аймақтармен ше­ка­ра­ласпайтын теңізге жабық ел. Алайда Өзбекстан ұлы Жібек жолында әрдайым ма­ңызды мәдени рөл атқарғанын ескерсек, Өзбекстан мен Түркияның Қытай-Еуропа жолындағы үлкен нарық­тар екенін түсіну қи­ын емес. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол дәлізін жоспарлаған Ташкент Түрікменбашы кемежайы арқылы Батыс елдеріне жүк тасымалдауды арттыруды қалайды. 

Осы мақсатта Өзбекстан премьер-министрі А.Арипов жуырда Бакуде ашыл­ған «Баку-Тбилиси-Карс» темір жо­лының ашылу салтанатына қатысты. Алды­мен Навои-Түрікменбашы темір жол учаскесі аяқталуы қажет. Біздіңше, Ташкент Түрікменстан-Әзербайжан-Түркия ар­қы­лы Батыс нарығына шыққысы ке­ле­тін сияқты. Осылайша Өзбекстан Кас­пий, Кавказ бен Түркияның көліктік мүм­кіндіктеріне ашық қызығушылық та­нытып отыр. Осы ретте «Баку-Тби­ли­си-Карс» темір жолы Өзбекстан мен Түркияның сауда-экономикалық қа­ты­нас­тарының негізгі жол торабына ай­на­луы мүмкін. Түркия тарапы екі ел ара­сында қатынайтын жүк көліктері үшін қолайлы қозғалыс жүйесі туралы Таш­кентке ұсыныс жасады. 

Әлемде газ қоры жөнінен жетінші орын­ға ие Өзбекстан Орталық Азия газын Әзербайжан мен Грузия арқылы Түр­кия­ға, одан әрі Еуропаға жеткізу үшін Оңтүстік газ дәлізіне қосылуға мүдделі еке­нін білдіріп отыр. 

Сыртқы саясатта екіжақты қатынастар мен прагматизмді негізге алған Ш.Мир­зи­ё­евтің Түркияға жасаған сапары өза­ра ынтымақтастықтың негізгі сала­ларын анық­тауға мүмкіндік берді. Өзбекстан бас­шылығы жаңа реформалар ар­қылы сая­си ықпалының тұрақтылығын қам­та­масыз ету үшін елдің жылдам эко­но­микалық дамуын көздегендіктен кез кел­ген ірі мемлекеттердің инвестиция­сына мұқтаж болып отыр. Сондықтан атал­ған сапарды Ташкенттің шетелмен байланыстарды дамыту жоспары ретінде қарастырған жөн. Әзірге қол қойылған құжаттар ынтымақтастыққа жаңа қарқын береді деген үміт басым. Түркия мен Өзбекстанның жаңа қарым-қатынасы Орталық Азияға да белгілі деңгейде әсер ететін болады. Біздіңше, түркі әлемінде белсенділік пен ықпалдастықтың артқаны аймағымыздың ұзақ мерзімді келешегі мен бірлігі тұрғысынан тиімді. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, сарапшы