Мамлют ауданына қарасты Новомихайловка – экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. 400-ден астам отбасы түгелге жуық жұмыспен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Шаруашылық басшылары тұрмысы төмен жандар мен қарттарға үнемі қарайласып отырады.
Бір «әттеген-айы», фельдшерлік-акушерлік пункттің тозығы жетіп тұр. Бұрын мұнда жап-жақсы медициналық ғимарат болған. Шатырына, жылу жүйесіне жөндеу жүргізуді басы артық іс санаған билік құлағын ұстаған шенеуніктер бұзғызып тастапты. Оның орнына 2005 жылы тұрғызылған амбулаториялық орталықтың қазіргі жайы адам аярлық халде. Төбесі мен қабырғалары опырылып, бармақ сыйып кететіндей жарықшақтар аждаһаның көзіндей үңірейіп тұр. Қазір қуаныштары су сепкендей басылып, сапалы медициналық ем-дом алмақ түгілі қолданылу мерзімі жарты ғасырға лайықталған ғимараттың ішіне кіруге де жүрексінеді. Ойда-жоқта жалп етіп, құлап түсе ме деп қорқады.
Бір түсініксізі, төрт мыңға жуық адамға қызмет көрсетіп келген амбулатория жабылып, ФАП-қа айналдырылған. Сол себепті бірқатар кабинеттер қаңырап бос қалды. Сыртқы, ішкі келбетінен кісі шошитын нысанды Көкшетау қаласындағы «Маредос» компаниясы салып 37 миллион теңге жұмсаған көрінеді. Қалай болса солай тұрғызылғанына қарағанда «әй дер әже, қой дер қожа» табылмағанға ұқсайды. Оны қабылдап алған комиссия сапасына көз жұма қараған секілді. Әйтпесе мемлекеттің миллиондаған қаражаты желге ұшпас еді.
«Мүйіз сұраймын деп жүріп сақалынан айырылғанның» кебін киген тұрғындар болса арада екі жыл өтер-өтпестен шаңырағы опырылып ортасына түскелі тұрған ғимаратты пайдалануға мәжбүр. Бір қызығы, нысан құрылысына сараптама жасалғанымен, апатты деп танылмаған. Күрделі жөндеу керектігі туралы шешім шығарылған. Ал шенеуніктердің жаңа баспана іздеп, сабылып жүргені анау! Кімге сенерсің?
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы