Бүгінде ұлт өнерін бүкіл дүние жүзіне танытуға талпынып жүрген хас таланттарымыздың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин екені талассыз.
Торғайда туған топжарған өзінің өзгеше самғауымен аз ғана уақыт аралығында сахна саңлағына айналды. «Астана Опера» театрының жетекші солисі атанып, көрермен көңілінен ойып орын алған образдар жасады. Олардың бәрін саусақ бүгіп санамай-ақ, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» Абай, Е.Бурсиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Бекежан, Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляйындағы» Шарплес, Г.Доницеттидің «Дон Паскуалесіндегі» Малатеста партияларын айтсақ та жетіп жатыр.
Ол сондай-ақ, бірқатар беделді халықаралық байқаулардың лауреаты. Әлемнің әр шалғайындағы әйгілі концерт залдарында өнер көрсеткені тағы бар. Веронадағы Филармоника театрында Дж.Пуччинидің «Богемасындағы» Марсель және Дж.Россинидің «Севильдік шаштаразындағы» Фигаро рөлдерін орындағанын атап өткеніміз орынды.
Бұйырса, бұл өнерпазымыз енді жемісті шығармашылық жолындағы келесі шыңға беттеді. Қазылар алқасының қатал сынынан сүрінбеген Сүндет бақталастарын басып озып, атақты Рим опера театрына қабылдауға мүмкіндік беретін жолдаманы жеңіп алды. Сәтін салса, Еуропадағы осынау танымал мәдениет ордасы қазақстандық жарық жұлдызбен екі жылдық келісімшартқа отырмақ. Елден естуімізше, баритондар бәйгесіне төрелік еткен Доменико Колаянни сынды корифейіңіз оның қабілет-қарымы атағы аспандаған Ла Скала әртістерінен кем соқпайтынын айтқан көрінеді.
«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі таратқан ақжолтай ақпаратта бағы жанған Байғожиннің бір-екі ауыз лебізі берілген екен. «Мен өз елімнің патриотымын. Сондықтан болашақта Отанымды асқақтата беруге аянбай үлес қосамын. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленгендей Қазақстан мәдениетін жаһанға жаю ісіне қызмет етемін» делінген онда.
Сонымен Сүндет Байғожин Римді бағындырмақ. Бірақ, баяғы Аттила бабасындай римдіктерді қылыштың жүзімен емес әдемі әндерімен «қырмақ».
Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»