Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғының жолын, бүгінгінің жөнін, болашақтың бағытын айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуды» ұсынғаны мәлім. Мұның отбасы тәрбиесіне де тікелей қатысы бар.
Парламент депутаты ретінде әртүрлі шараларға қатысқанда, ел аралағанда, сондай-ақ ұзақ жылдардан бері «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы атынан әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында бір жайтқа көз қанығып, көңіл сенді. Ол жайт – отбасында баланың мейірім мен шуаққа бөленуінің қажеттілігі. Бұл балаға қуат береді, көңілін кеңейтеді, жанын жайсаң етеді. Оның өміріне нұр шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқайды.
Өмірде ана алақанының қызуы мен әкенің асыл тәрбиесін ең жеңсік ас та, аста-төк байлық та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Отбасында мейірім көрмеген бала рухани ұстыннан ада болып өсуі, өзін ұлттан саяқ ұстап, өзге жандарға өшпенділікпен қарауы ықтимал. Мұндай азаматтар әртүрлі жат ағымдар мен экстремистік топтар үшін әлеуетті күшке, дайын материалға айналып кетуі ғажап емес.
Оның үстіне рухсыздық, руханиятсыздық – кемел қоғам үшін жат құбылыс. Ол – болашағы біртұтас ел құру жолындағы басты бір кедергі. Батыр ата-бабалары өз ұлты үшін арпалысқан, жұртын ақсатуды емес, асқақтатуды ойлаған. Олардың ұлық үлгісі ұлттық құндылық ретінде жас ұрпақ құлағына құйылғаны абзал. Мәңгілік ел боламын деген мемлекеттің әр тұрғыны жылағанды жұбатып, жығылғанды қолтығынан демеуге даяр тұратын елгезек, мейірімді, кішіпейіл, жылыжүзді болғаны абзал.
Қайырымдылық көмек қорының мәліметіне сәйкес (CAF – Charity Aid Fondation) әлемдік қайырымдылық рейтингінде Қазақстан 2017 жылы 139 ел арасында 87-ші орын алды. Бұл рейтингідегі орнымыздың жақсаруы қоғамның сүрінгенге көмек қолын созып, тарыққанға сүйеу болуына да байланысты. Себебі рейтинг тек қайырымдылық ұйымдарына аударылатын ақша көлемімен ғана емес, әрбір ел азаматының ерікті-волонтер ретінде ізгі істерге араласуы, бейтаныс мұқтаж адамдарға көмек көрсетуі секілді өлшемдер бойынша да бағаланады.
Есігіне ешқашан құлып салмаған, әр қонақты қуана қарсы алған меймандос әрі мейірбан халқымыз отарлық тұсында көрген талай қиянат пен қиямет, қуғын-сүргіндер мен қырғындар салдарынан бөтен жанға күдікпен қарауды үйренді, бойында бей-жайлық, селқостық сезімі бекіді. Енді мұның барлығы өткенмен бірге қалуы тиіс. Рухани жаңғыру аясында біз әл-Фараби бабамыз аңсаған «Қайырымды қоғамды» құруға тиіспіз! Бұл үшін Елбасының «Рухани жаңғыру» стратегиясында айтылған ұлттық ұстынды сақтау; озық дәстүрлерді ұстану; кежегені кері тартып, аяқтан шалатын жаман әдеттерден арылу; бәсекеге қабілеттілік; білімпаз болуға ұмтылу; сананың ашықтығы және басқа да қадір-қасиеттерге жас ұрпақ балабақшада үйретіле бастауы қажет деп санаймын. Сонда ұрпақ ауысып, ел жаңарып, Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған аңсарлы мұраттар іске асады.
Бүгінде әлем жұртшылығы алдында адамзат үшін өмірлік маңызды үш өзекті міндет тұр: оның біріншісі – руханиятты, екіншісі – бейбітшілікті, үшіншісі – табиғатты сақтап қалу. Бұлардың қай-қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстандағы әрбір азаматтың, әрбір отбасының болашағы байлаулы.
Ендеше болашағы біртұтас ел құру жолында Отанымыз бен отбасымыздағы бейбіт өмірді, ұлттық құндылықтарды, рухани ұстындарды және табиғи тазалықты ұстап тұруға ұмтылайық, бұл міндетімізге жауапты қарайық, ағайын.
Бақытбек Смағұл, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі