Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен Сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылады. Аталған құжатқа байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 116 ұсыныс түскендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Ең алдымен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сенаторларға еліміздің 2018-2022 жылдарға әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын таныстырды. Баяндамашының айтуынша, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастыру үшін алдағы осы кезеңге барреліне 45 АҚШ доллары болатындай мұнай бағасының деңгейі негізге алынып отыр. Сондықтан да Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2018 жылы 2,6 триллион теңге, 2019 жылы 2,3 триллион теңге, 2020 жылы 2,0 триллион теңге деп жоспарланған.
Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қаржы реттеушісінің ақша-несие саясаты туралы депутаттарды хабардар етті. Ұлттық банктің негізгі басымдығы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету екені, 2018 жылы инфляцияның нысаналы диапазоны 5-7 пайыз шегінде белгіленіп, 2020 жылға дейін бірте-бірте 4 пайызға дейін төмендету көзделіп отырғаны айтылды.
Аталған заң жобасын дауысқа салу нәтижесінде бірауыздан қабылданған соң, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бюджетті жасақтау барысында теңдестірілген және айқын бюджет жөніндегі парламенттік тыңдаудың ұсыныстары, сондай-ақ Есеп комитеті мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдары ескерілген.
Негізгі баяндамадан кейінгі сұрақ-жауап барысында сөз алған сенаторлар Үкімет мүшелеріне ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерді. Айталық, депутат Р.Әбдікеров үлкенді-кішілі ауыл-аймақтарда орналасқан апатты үйлердің жай-күйіне өз алаңдаушылығын білдірді. Ал Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің жауабында жалпы елімізде апатты жағдайда тұрған 7-8 мыңға жуық үй бар екендігін айтты. «Бұл үйлердің басым бөлігі жекеменшікте болғандықтан, оған тікелей бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Бірақ, мемлекет тарапынан тиісті бағдарламалар қолға алынып, соның аясында бүгінге дейін 2 300-ден астам апатты тұрғын үйлер жөнделді. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсетін боламыз», деді министр. Ал сенатор С.Ершов болса, Білім және ғылым министрінен орта білім беру ісіндегі ұстаздардың біліктілігін арттыруға қарастырылған бюджет шығыстары жайын сөз етті.
«Талқылап отырған бюджетте бірқатар пәндер бойынша үш тілде оқыту тұрғысында 6,9 млрд теңге ескерілген. Мұғалімдер тиісті тілдік дайындықтан өткеннен кейін, информатика, физика, химия, биология пәндері бойынша ағылшын тілінде оқытуды қамтамасыз етуі керек. Яғни, тілдік курстардан өткеннен соң ұстаздар пәндерді ағылшын тілінде оқытуда осы тілді тиісті деңгейде меңгеруге қауқарлы бола ма? Биыл бұл мақсаттарға 864 млн теңге бөлінді. Алайда, бюджетті нақтылау кезінде осы сомадан 728 млн теңге немесе бөлінген көлемнің 84 пайызы қысқартылды. 2018 жылы осы үстемеақыға 2,3 млрд теңге жоспарланған. Бірақ мұғалімдер үшін қысқа мерзімдегі курстарына қаржы бағыттау тиімсіз болуы мүмкін. Себебі осы бағытта соңғы нәтижеге жету қиындау. Бұл тұрғыда қаржыны бастапқыдан ағылшын тіліне оқытуға негізделген жоғары оқу орындарында педагогтарды даярлауға салған дұрыс болар. Сонда төрт жылдан кейін біз ағылшын тілінде пән жүргізе алатын мұғалімдер легін қалыптастырамыз», деді сенатор.
Өз кезегінде министр Ерлан Сағадиев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мемлекет үшін тың қадамдар екенін атап өтті.
«Біз биыл үлкен экспериментті бастап кеттік, оның ішінде мұғалімдерді даярлау мен ағылшын тілінде оқытуға ауысу шаралары қамтылған. Алдағы жылы мәліметтерге сүйене отырып, ұстаздарды даярлау кестесіне тиісті түзетулерді енгіземіз. Биылдың өзінде 1 500 мұғалім ағылшын тілінде оқытуды бастады. Ал енді ұстаздарды даярлықтан өткізуге тоқталсақ, шынында курстар қысқа мерзімді емес, мұғалім B2 деңгейіне дейін жетуі тиіс. Егер де қысқа мерзімді курстар оған 1-ші деңгейден өтуге мүмкіндік берсе, онда ол келесі кезеңге баруы керек. Бұл тұрғыда мұғалім де ағылшын тілінде пән жүргізуге және оның үстіне тиісті үстемеақыға рұқсаты болуы үшін қажетті деңгейге жетуі керек», деді министр. Сонымен қатар Е.Сағадиев ұстаздарды даярлау мен оларға арналған қосымша төлемдерге бөлінетін қаржы жыл сайын артатынын атап өтті. «Бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жалпы, бүгінде байқалған нәтижелер оң көрсеткішке жетті», деп түйіндеді сөзін министр.
Сондай-ақ депутат Мұрат Бақтиярұлы алдағы жылдан бастап тұрғындар саны 2 мыңнан асатын ауылдардың өз бюджеті болатындығын ескертіп, оны игеру мен жүргізу ісінде әкімдердің әрекетіне қатысты мәселені көтерді. Ұлттық экономика министрінің берген жауабында осы кезге дейін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жеке бюджеті бекітілетін ауыл әкімдерін арнайы оқытылғаны айтылды.
«Әрине, біз оларға бюджетті қалыптастыру тетігі мен оны игеру жолдарын оқытып үйреттік, түсіндірдік. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды әлі де жалғастыра түсеміз. Менің ойымша, ешқандай да проблема болмауы тиіс», деді Т.Сүлейменов.
Ал қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина осы заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан 127,7 млрд теңге сомасындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 116 ұсыныс түскенін атап өтті. Үш жылдық кезеңге 85,6 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 22 млрд теңге сомасындағы ұсыныстар қолдау тапты.
«2018 жылы бұл ұсыныстарды қаржыландыру көзі Үкіметтің резервін 4,8 млрд теңгеге азайтумен қатар, «Құрық» портының құрылысына көзделген шығыстарды 16,9 млрд теңгеге дейін төмендету болып табылады және ол биылдың өзінде-ақ іске асырылған болатын», деді О.Перепечина. Айта кетейік, ұсынылған өзгерістер аясында мына бағыттар қаржыландырылады деп көзделуде: Ішкі істер министрлігі мен гидрометеорологиялық қызмет бөлімшелерін материалдық-техникалық жабдықтауға – 6,7 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы экологиялық қолайсыз аудандар тұрғындарына үстеме бойынша қарызды өтеуге – 3,3 млрд теңге, еліміздің әртүрлі аймақтарындағы денсаулық сақтау және спорт нысандарының құрылысы мен жаңғыртуға – 2,0 млрд теңге, сумен жабдықтау нысандарының, тұрғын үйлер, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жөніндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы үйлер және инженерлік желілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына, газдандыруға – 7,7 млрд теңге, су көлемін ұлғайту және өзендердің гидрологиялық тәртібін жақсартуға – 1,6 млрд теңге; қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіруге және басқа да жалпы мемлекеттік шараларды іске асыруға 0,7 млрд теңге бөлінетін болады.
Осындай түзетулер енгізілуі тиіс деп танылған заң жобасы Парламент Мәжілісіне жіберілді. Содан кейін сөз алған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев депутаттарға заң жобасын қолдағандары үшін алғысын білдірді.
«Бүгін өздеріңіз талқылаған бюджет жобасы еліміз экономикасының одан әрі дамуына және Елбасы тапсырмаларын толық орындауға мүмкіндік береді. Ал бюджетті талқылау кезінде сенаторлар көтерген мәселелердің бәрі де Үкіметте оң шешімін табады», деп сендірді Б.Сағынтаев. Күн тәртібіне шығарылған үшінші мәселе бюджет заңнамасын қалыптастыру мәселелері бойынша болды. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов таныстырған заң жобасы бірқатар өтініштерді келісу мен бюджет үдерістерін әкімшілендірудің жекелеген кезеңдерін алып тастауға қатысты түзетулерді көздейді. Атап айтқанда, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңайлату мақсатында келісу үдерісін 5 кезеңнен 3 кезеңге дейін қысқарту ұсынылып отыр.
Жиын соңында сенатор С.Жақсыбеков бюджеттік заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс тобын құру қажеттілігі туралы, сенатор Ж.Нұрғалиев ауыл шаруашылығы кешенін субсидиялау жүйесіндегі түйткілді мәселелер жөнінде және сенатор Г.Ким жол қауіпсіздігіне қатысты депутаттық сауалдарын жария етті.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»