Таяуда Нұра ауданының орталығында аудандық прокуратура және ішкі істер бөлімінің бастамасымен, Нұра ауданы әкімдігінің, сондай-ақ қоғамдық кеңестің қолдауымен «Сенім» әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету орталығының тұсауы кесілді.
Бүгінгі таңда бұл орталық республика бойынша баламасы жоқ тұңғыш жоба болып отыр. Тұрғылықты халық үшін маңызы зор мекеменің болашақта әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететін жандарға жәрдемі мол болмақ.
Айталық, бұл орталықтан қылмыстық іске күдіктілер, тар қапастан шыққандар, пробация тізіміндегілер, аз қамтылған отбасылар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар, отбасылық зәбір көрген нәзік жандылар қажетті көмек ала алатын болады.
Салтанатты рәсім барысында 6 тарап әріптестік меморандумға қол қойды. Бұдан былай әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету орталығының жұмысына аудан әкімдігі, прокуратура, ішкі істер бөлімі, пробация қызметі, қоғамдық кеңес және аурухана жауапты болмақ.
Бұған дейін Нұра аудандық прокуратурасы басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, қоғамның әлжуаз топтар мәселесінде, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жолында ата-аналар мен ұстаздардың басын біріктіріп, «Әлеуметтік сақшы», «Сақшы ата-ана» атты жобаларды жүзеге асырған болатын. Ендігі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарында құқықтық қызмет көрсету мәселелерімен «Сенім» орталығы айналыспақ.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ниқанбай Омарханов, аудан прокуроры Берік Қаратаев, аудандық ІІБ бастығы Бекболат Зеитов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сейілхан Қоңырбаев қатысып, орталықтың алдағы жұмысы жайлы ойларымен бөлісті.
– «Сенім» орталығының ашылуы бүгінгі өмір талабы. Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамында бүгінгі күн талабынан туындап отырған өзекті мәселе – бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру жайы айтылған. Басталып жатқан бұл игі шара Нұра ауданы азаматтарының мемлекеттік және құқықтық органдарға деген сенім деңгейін арттырмақ, – дейді аудан әкімі.
Аталған орталық жұмысын бастаған күннен 15 азамат қабылдауға келіп, қажетті кеңесін алған. Бұл «Сенім» орталығына деген зор сенімді білдірсе керек.
– Ашылған орталық қызметі барлық мемлекеттік органдарға бірлесіп, азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуде тұрақты түрде, кең ауқымда әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету мүмкіндігін береді. Бұл орталық арқылы ең өткір әлеуметтік мәселелер дер кезінде анықталып, оларды шешу жолдары дереу қарастырылып, көмек көрсетілетін болады. Бұл азаматтарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету тәртібін қолжетімді ету көрінісі, – дейді Нұра ауданының прокуроры Берік Қаратаев.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Нұра ауданы