• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қараша, 2017

Кемел келешектің алғышарты

308 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты бағдарламалық ма­қаласында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі һәм бірегейі – латын графикасына көшу. 

Бұл – жаңа өмірге, соны кеңістікке бастар баспалдақ, өскелең ұрпақтың ой-өрісі мен дүниетанымының тереңдей түсуіне негізгі алғышарт. Латын графикасындағы қазақ жазуын қалыптастыру ұлттық сананы азат етіп, жаһанның озық елдерімен тереземізді теңестіреді.

Үшінші мыңжылдықта қоғам мен мем­лекеттің орнықты дамуының ең басты алғышарты сапалы берілген білім екендігі дәлелденді. Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігіне не­гіз­делген постиндустриялық әлемге қарай қа­дам басып келеміз. Жаһандану жаңа талаптар мен тың бастамаларды талап етеді. Ғаламдық даму­дың жаңа кезеңінде латын графикасына көшу мәсе­лесі қажеттілік қа­на емес, тіліміздің тарихи ерек­шелігін сақ­тау арқылы әлемдік интеграция, ақ­парат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып табылады. Сонымен қатар латын графикасына көшу тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы оның табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Латын әрпі үш тілде оқытуды дамытуға да септігін тигізбек. Мұндай қадам өз кезегінде отандық ғылымның жаңа көкжиектерін ашады, жаһандық ғылыми өлшем базаларына тезірек кіруге мүмкіндік туғы­зады, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріп­тестерімен қарым-қатынасын жандандырады. Өйткені адамзаттың көп бөлігі құрылымы латын графикасына негізделген әліпбиді қолданады. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, бүгінде дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Сондай-ақ бұл озық ғылым мен білімнің яки заманауи инновациялардың және ең бастысы, Интернет пен ақпараттық технологияларға орайластырылған жұртшы­лықтың сұра­ныс­тарын санаулы секундтарда қанағат­тан­дыратын Yahoo, Google сияқты заманауи іздеу жүйелерінің де, цифрлы техно­логияның да негізгі іргетасы. Үшіншіден, жаңа графикаға өту – түркі­тілдес елдерді жақындастыратын маңызды шешім. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латынша жазылғандықтан, оларды зерттеу де тиісінше оңайға түседі. Тарихқа көз жүгіртсек, аталған жа­зу жүйесін алғаш болып 1928 жылы Түркия қа­былдаса, 1991 жылдан кейін бұл графикаға Түрік­менстан, Әзербайжан және Өзбекстан мем­ле­кеттері де өткен болатын.

Төртіншіден, латын графикасына ауыса отырып тіліміз халықаралық деңгейде зор мәртебеге ие болады. Сонымен қатар бұл қадам арқылы киіз туырлықты қазақ өз руханиятының тізгінін өзі ұстайды. Бір бұл ғана емес. Мемлекет басшысы арнайы Жарлығымен бекіткен қазақ тілін латын графикасына көшіру жобасы басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Себебі аталған форма қазіргі заманның талабын ескере отырып жасалған. 

Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай біртіндеп латын әрпіне көшіру мәселесін жүзеге асыруда мақсатты нәтижеге жету үшін, ең алдымен латын графикасын меңгерту әдістемесі жа­са­луы керек. Осы тұжырымдар негізінде қо­ғамға, әсі­ре­се жастарға көптеген жетістіктерге қол жет­кі­з­етіндігімізді, тіліміздегі дыбыстық жүйе­лер­ді нақты анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбыс­талу кезінде сөздер қолданысындағы артық кір­ме сөздерден арылатындығымызды, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ екендігін анық түсіндіруіміз қажет. 

Қазіргі күннің басты тренді үздіксіз даму, ноу-хау мен инновация болып табылады. Жаңа заманның жастары осындай өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқи­ғалар мен үдерістердің ортасында, көш басын­да болуы тиіс. Бұл – терең түйсіне білгенге бәсе­ке­лестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымыз­ды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қа­зіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әрпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа графика еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймын.

Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор